Бейбітшілік пен тұрақтылық – басты бағыт
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария еткені елге мәлім. Онда мәртебелі Президент ел тағдырына қатысты көптеген мәселелердің шешімін айтқан болатын.
Президент атап өткендей еліміз дүние жүзімен қатар жаңа тарихи дәуірге қадам басуда. Оны күнделікті көгілдір экран мен радио, мерзімді баспасөз беттерінен біліп отырған жайымыз бар.
Кең дүниені тарылтқан кескілескен ұрыстар мен келеңсіздіктер, алпауыт елдердің әлқуаты аз мемлекеттерге қыспағы, экономикалық дағдарыс, әсіре ұлтшылдық сынды мәселелер дембіл-дембіл көрініс беруде.
Сондықтан бейбітшілік пен тұрақтылықты басты бағыт еткен елдің азаматы болғанымыз үшін өзімізді бақытты сезінеміз. Кейбір кемшіліктерді санамағанда біз кешіп отырған ғұмыр баянды екенін білеміз. Сол үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, дипломатия арқылы дамуды көздеп жүрген Мемлекет басшысының еңбегіне алғыс білдіремін.
Маңызды құжаттың мәтініне үңіле отырып Қ.Тоқаевтың «Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық» дегеніне ерекше мән бердім.
Бұл асыл мұраттың жолында жұдырықтай бірігіп, ауызбіршіліктің асқан үлгісін көрсеткеніміз абзал. Халық уық, хан шаңырақ екенін естен шығармау керек.
Аталмыш Жолдауда Мемлекет басшысы елімізге қомақты инвестиция тарту керектігін атап өтіп, оның тетіктеріне тоқталды. Және жүзеге асыру жолдарын жеткізді.
-Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет,-деді Қ.Тоқаев.
Одан бөлек, Президент «Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет» деп топшылады.
Ержан ӨМІРӘЛИЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.