Әжелермен өткен әз мереке
Кешегіміз, бүгініміз, келешегіміз қашанда саналы, тәрбиелі ұрпақпен кемел болатыны белгілі. Ана сүтімен бойға дарып, әке тектілігімен сүйекке сіңетін тәрбие тамызығының баланың тал бойына қалай тарайтынын қазақ халқы жақсы білген. Содан болар, тәрбие тал бесіктен деген сөздің маңайына қаншама мән-мағынаны топтастырып, баланы ана құрсағынан бастап тәрбиелеу керек деп жатады. Бүгінгі күні аузынан сүті құрғамаған, тілі енді ғана былдырлап шығып келе жатқан балаларымызды балабақшаға беріп, мектепке дейінгі ұйымның тәрбиемен қаншалықты деңгейде айналысатынына жіті мән беретін болдық.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек» деген сөзі қашанда өзекті. Жоғарыда атап өткеніміздей, бала тәрбиесіне тереңінен мән беретін балабақшалар ауданымызда баршылық. Соның бірі – Оразбаева Ақмарал Сайлаубайқызы жетекшілік ететін «Шарапат-2018» ЖШС-нің «Лашын» бөбекжай бақшасы. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар бөбекжай бақшасының бүгінгі қызметі жүйелі жолға қойылған.
Өмірде оң мен солын танып, ақ пен қараны айырып, жақсы мен жаманның парқын біліп, енді ғана жан-жағындағы жаңашылдықтарға қызығып жүрген балалардың жанына терең бойлап, тәрбие ісін балабақшадан өзектендіріп жүрген «Лашын» тәрбиешілерінің әр іс-шарадағы талпыныстары айтуға тұрарлық. Мемлекет басшысының өзі назар аударып отырған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының да біраз басымдықтарын өздерінің тәрбие процесіне кіріктіріп, сол бағытта еңбектенуі де жан жадыратады.
Күні кеше ғана өткен Қарттар күніне орай «Лашын» балабақшасында «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті. Оған балабақша тәрбиеленушілерінің әжелері қатысты. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасындағы ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие тағанының негізгі идеясы-Отанға пайдасы бар ұрпақ тәрбиелеу, ең басты құндылық адамгершілік қағидатын бүлдіршіндердің саналарына сіңіруге басымдық берген мерекелік шараның мәні зор. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» өсиетін дарытуға бағытталған тағылымы мол шараға тәрбиеленушілердің әжелерінің ұлттық нақышта киініп келуінің өзі ерекше әсер сыйлады.
«Саған терді төгер ем, бар нәрсемді берер ем» дейтін қазыналы әжелеріміз немерелерінің өнеріне сүйсініп, ән айтып, би билегенде балаша қуанып отырды. Сондай-ақ, тәрбиеленушілердің әжелеріне мерекелеріне арнап арнайы Алғыс хат табысталып, ақ орамал жауып, гүл шоқтарын ұсынып, лайықты марапат көрсетілді.
Алаш арысы Мағжан Жұмабаев “Жас бала – жас бір шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» деп бекер айтпаған. Шынында ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін ұрпағымыздың тәрбиесінде әжелердің алатын орны айрықша. Кешегі дана Абайдың тұлға болып қалыптасуына Зере әжесінің үлкен үлес қосқанын ескерсек, әжелердің бала тәрбиесіне назар аударуы құптарлық іс дер едік.
Айғаным Асқарбек.