Ардагерлер – құрмет төрінде
1-қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күн аға буын өкілдеріне ризашылық білдіріп, шынайы көңіл бөлуімізге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қажеттіліктеріне назар аударуға, қарияларға қамқорлық көрсетуге таптырмас мүмкіндік. Қазақ қашанда қарттарын төрге шығарып құрметтеген халық. Өйткені, қариялар қоғамның ұйытқысы, тарих пен тағылымның көзі, ұрпаққа өнеге қалдырар алтын көпір, ата дәстүрімізді жалғастырушы жол. Бар саналы ғұмырын еселі еңбекке арнаған қарияларымыздың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа таусылмас қазына, әрі үлгі-өнеге. Қарияның бар тілегі – елдің тыныштығы, ұрпағының амандығы, отбасының бірлігі мен адамгершілік құндылықтардың сақталуы. Олардың батасы мен ақылы жастарға шамшырақ, рухани күш.
Үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі қазақ халқының ежелден келе жатқан ата салты. Өмір жолын еліміздің гүлденуі мен дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың басты парызы.
Аудандық ардагерлер ұйымы Халықаралық қарттар күніне арналған айлық іс-шара жоспарын жасап, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік!» атты Үндеуіне орай демеушілердің көмегімен ауылдарда сый-сияпаттар мен марапаттар тапсырылды. Жылдың басынан аудандағы 92 зейнеткер шипажайларда тегін демалып келді. Ардагерлер кеңесінің жыл басынан атқарған іс-шаралары бұқаралық ақпарат құралдарында – «Шу өңірі», «Ғұмыр Дария», «Ардагер айнасы» газеттерінде 87 мақала жарияланды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің атқарған еңбектерін ескере келе аудан әкімдігі қарттар күніне мерекелік дастархан жайды. Салтанатты шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Сұлтанбаев Найман Кенжеханұлы қазыналы қарттарды мерейлі мерекемен құттықтап, қоғамда зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсетудің, үлкенді құрметтеудің маңыздылығын атап өтті.
Мерекелік шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірәлиев Ержан Көрікбайұлы және аудандық мәслихаттың төрағасы Әбенов Жасұлан Әлкенұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Балықбай Көпжанов, ардагерлер спортын ұйымдастырушы Амантай Омаров, ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Есенгелді Текебаев, Болат Қайранов, Жұмабек Байдаулетов, Тобахан Байгесинов, Бақыт Үстеміров, аналар алқасының төрайымдары Ұлзейнеп Байдосова мен Мейрамкүл Баялбекованы «Шу ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Марапаттаудан соң аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының ұйымдастыруымен концертке ұласты. Ауданымыздың өнерпаз қариялары да өнерден құр алақан еместігін көрсетіп, өздері де өнерін ортаға салды. Қарияларын қадірлеген ел – берекелі, ырысты болмақ. Әр шаңырақта ата бата беріп, әженің қадірі арта берсін!
Дәнен Бейсенбаева,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі.