Еңбегі ерен тұлғаның есімі ескерілсе…
1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы талай тағдырларға сын болғаны сөзсіз. Сол жылдары қазақ жігіттері қолдарына қару ұстап ел қорғауға аттанған. Бірі сол майданда шейіт кетсе, енді бірі жараланып, ізім-қайым жоғалғандары жетерлік. Олардың арттарында көз жасын төккен аналар, ағасын күткен талай балалар қалды.
Ауданымызда майдан көрген аталар аз емес. Солардың бірі – Арапбай Сарыбаев. ҰОС ардагері 1905 жылы бұрынғы Сталин ұжымшарында дүниеге келген. Небәрі тоғыз жасында тұл жетім болып, бір байға жалданып күн кешкен көрінеді. Ал 36 жасында соғыс басталып, Ленинград шайқасына жіберіледі.
Қайсар рухтың иесі қан майданда жүріп, қасқая қарсылық танытқан. Сол үшін уақытында «Ленин» ордені мен «Құрмет белгісіне» ие болған екен. Соғыс жылдары жамбасына оқ тиіп жараланып, оң қолынан да айырылған. Госпитальда ұзақ уақыт емделіп, II-топ мүгедегі болып ауылға оралады.
Мүмкіндігім шектеулі деп қарап отыруды ар санаған Арапбай Сарыбаев 1948 жылдап бастап ұжымшардың малын бақты. Бұл қызметті сонау 1974 жылға дейін мінсіз атқарып, мадақтарға ілінген. «Есіл еңбегі ескеріліп, 1954 жылдан бастап ауыл мен ауданның Құрмет тақтасында суреті ілініп тұрды»- дейді ұрпақтары.
Оның ұлы Әскербек Сарыбаев әке есімін әркез мақтан тұтады. Ал жасаған жарқын істері жас ұрпаққа жетуі тиіс деген тілегі бар.
-Әкем өзінің сәулелі өмірінде жиырмадан асып жығылатын отбасыға материалдық көмек көрсеткен. Ташкенттегі зілзала кезінде көмекке деп 2500 сом, Спиттак қаласына 2000 сом ақша бөлген екен. Сондай-ақ Шу қаласындағы мешітті кеңейтуге де 5000 сом қаржы берген. Туысы Даутов Абдрахманға малдай жәрдем беріп, еңбек ері атануына сеп болған. Әкемізге аудан басшылығы кезексіз көлік алуға да рұқсат еткен,-дейді Әскербек Арапбайұлы.
Еселі еңбек иесі алты медаль, «Құрмет белгісі» мен «Еңбек Даңқы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. Зайыбы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.
Сарыбаев Арапбайдың еңбегінің бағаланғаны соншалық 1956 жылы Мәскеудегі ауыл шаруашылығы слетіне жолдама алады. Келер жылғы көлемді көрмеде бір күміс, бір алтын медальмен марапатталған. Еңбек ардагерінің есімі КСРО мен Алматының алтын кітабына жазылғанын айта кеткен жөн.
Мақтан етуге тұрарлық тұлғаның ұрпағы ата атын асқақтатуға бейілді. Олар аудандағы аллеяға А.Сарыбаевтың бюстын, Мойынқұм орта мектебіне есімін беруді сұрайды. Болмаса ауыл атын Арапбай Сарыбаевтың атымен атауды өтінеді. Өйткені, олар «Отан соғысының бірінші дәрежелі» орденін алған, «Ленин» ордені мен «Құрмет белгісін» еншілеген тұлғаның есімі ел жадында жатталуы тиіс деп санайды.
Байжан Емберді.