Акция аясында 8 тонна қоқыс шығарылды
Табиғат қашанда тіршілік тынысы екені белгілі. Ал саф ауамен тыныстау үшін тазалықтың маңызы зор. Ауданымызда күздің алғашқы күнінен бастап елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалықтың екі айлығы жарияланған болатын. Аталған шара аясында сенбілік жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Жуырда ғана жүзеге асырылған республикалық «Таза Қазақстан» акциясына Мемлекет басшысы да қатысты. Ерікті және белсенді жастармен бірге тал көшетін отырғызған Қ.Тоқаев «Бұл өте қажетті жұмыс. Еліміз бен халқымыз үшін керек іс» деген еді.
Жалпыұлттық шараға Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, Төле би ауылдық округінің әкімі Арнұр Рахымқұлов пен ауылдың ардагерлері де қолдау білдіріп, тал дарақтарын тікті. Ізгілікке толы істі аудан әкімдігіне бағынысты бөлім басшылары, мекеме ұжымдары, кәсіпкерлер мен тұрғындар да қолдады. Сонымен қатар акцияның басты қолдаушылары белсенді жастар мен еріктілердің қолдарына күрек алғанына куә болдық.
– Әкімдікке қарасты жауапты мекеме мен қоғамдық жұмысшылар күн сайын өздеріне бекітілген аумақты қоқыстан тазартып-ақ келеді. Алайда, туған өлкемізді қоқыстан тазартуға жергілікті тұрғындар да атсалыспаса, атқарылып жатқан жұмыстан еш нәтиже шықпайды. Сол себепті аудан азаматтарынан қоғамдық қызметкерлердің еңбегіне құрметпен қарап, қала мен даланы қоқыстан тазартуда қалыс қалмауға шақырамыз,- дейді Б.Жәнібеков.
Аудан орталығын жанай жатқан Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолының бойында өткізілген акцияда бұрын отырғызылған көшеттерге күтім жасалып, қосымша тал шыбықтары тігілді. Аудан басшысының айтуынша, Шу қаласы мен ауылдық округтер де ағаш отырғызу акциясына қатысып, 2 мыңға жуық ағаш көшеттерін еккен.
Бәтуәлі бастаманың басты үйлестірушісі аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімімен аталмыш акцияға 200 адам белсене қатысқан. Ал жұмысты ұйымдастыруға 2 арнайы техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар аудан көлемінде өткізілген сенбілікте 6 арнайы техника жұмыс істеп, 8 тоннаға жуық қоқыс елді мекен аумағынан шығарылды. Тазалық шарасы барысында көшелер мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік, аудан әкімдігінің 2025 жылғы 25 тамыздағы №443 Қаулысымен бастау алған қос айлық бірер аптадан соң мәресіне жетпек. Жеті мәрте өткізілген сенбілікке мекеме ұжымдары мен белсенді және ерікті жастар ыждаһатпен қатысып отырды. Алтын уақыттарын қиып аудан тазалығына үлес қосқан жерлестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз.
Сөздің соңын жазушы Сапарғали Бегалиннің «Тазалық – тәртіп пен тәрбиенің айнасы. Адам баласы ең алдымен өз денесін, киімін ғана емес, жан дүниесін де таза ұстауы керек. Тазалықты бойына сіңірген ұрпақ – ұқыптылық пен еңбекқорлыққа бейім болады» деген даналығымен түйіндеуді жөн деп таптық.
Байжан Емберді.