Тұрғындардың қысқы кезеңге дайындығы пысықталды
Күн суып, күздің салқыны басталды. Бұл мезгілде жұртшылық пеш жағып, жылына бастайды. Дәл осы сәтте абайсыздық салдарынан көмірқышқыл газға улану, пеш пен жылытқыштың ақауынан туындайтын өрт деректері өрши түсетіні белгілі. Сондықтан сақтықта қорлық жоқ екенін естен шығармаған абзал.
Осы мақсатта Шу ауданының төтенше жағдайлар бөлімі аудан тұрғындарының қысқы мезгілге дайындығын тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында жеке тұрғын үйлердегі жылыту пештері мен мұржалардың техникалық жағдайы, олардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі басты назарда болды.
Сонымен қатар, улы газдан уланудың алдын алу мақсатында үйлерге арнайы дыбыс сигналдары — улы газ датчиктерін орнату жұмыстары атқарылды. Бұл құрылғылар тұрмыстық газдың қауіпті деңгейін дер кезінде анықтап, тұрғындарға қауіп туралы ескертуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Шу ауданы ТЖБ қызметкерлері тұрғын үйлердің пеш құбырларын тазалау жұмыстарын ұйымдастырып, жылыту маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы М.Абдыкалыковтың айтуынша, түсіндірме жұмыстары жыл басынан бері жүргізіліп келеді. Ал жылыту маусымына орай құрылғы орнату, жылыту көздерін тексеру, мұржа жарамдылығын қарау шаралары күшейтіледі. Ондағы мақсат жылыту маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып отырған көрінеді.
Байжан ЕМБЕРДІ.