«Достық керуені» Шу ауданынан бастау алды
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Жамбыл облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен ҚХА-ның «Достық керуені» бірегей жобасы 10 қазан күні бастау алып, алғашқы сапарлары Шу ауданында өткен болатын.
Бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан еліміздің басты байлығы – бірлік пен бейбітшілік. Ұлт пен ұлыстың арасын жалғаған бірлік пен достық мекені Шу өңірі соның жарқын үлгісі. Бүгінде Шу қаласы және 18 ауылдық округте 35 елді мекен орналасқан және 100 мыңнан астам халық бар. Оның ішінде 15-тен астам түрлі ұлт өкілі бірлік пен татулықта өмір сүруде. Шараның мақсаты да сол – елімізде және ауданымызда өмір сүріп жатқан ұлт өкілдерінің татулығы мен достығын насихаттау, xалықтар арасындағы мәдени байланысты арттыру, бірлік пен бейбітшіліктің маңызын көрсету еді.
Өңірімізді мекен еткен этностарды татулыққа үндеген «Достық керуенінің» құрамында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар және аналар кеңесі, этномәдени бірлестік жетекшілері және өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшелерінен құралған 16 адам болды.
Жобаның алғашқы жұмысы аудандық Оқушылар сарайында өткен этномәдени бірлестіктердің салт-дәстүрі мен көрмесін таныстырудан бастау алды. Мұнда өңіріміздегі бірнеше жылдан бері қажырлы еңбегімен көрініп келе жатқан бес этномәдени орталықтың халықтар достығын, ұлттар тарихын, салт-дәстүрін, өнерін бейнелейтін көрмесі ұйымдастырылып, облыстан келген қонақтарға таныстырылды. Жалпы бұл орталықтардың қызметтік бағыттары мәдени дәстүрлерді сақтау және дамыту, қайырымдылық жұмыстарын жүргізу, балаларға, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, мерекелік іс-шаралар мен көрмелерді ұйымдастыру және оларға қатысу екендігі де таныстырылым барысында айтылды.
Осыдан кейін «Бірлігіміз әралуандылықта» тақырыбында мектеп оқушыларының салған суреттерінен көрме-байқауы өтіп, ұлтаралық татулық нышанын бейнелейтін үздік суреттердің иелеріне Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар ұсынылды.
Жалпы «Достық керуені» жобасы еліміздегі бейбітшілік пен келісімді, өзара түсіністік пен достықты насихаттайтын маңызды бастама болғандықтан шаралар түрлі бағытта сипат алып, оған ауданда мекен ететін ұлт өкілдерінің кішінің де, үлкенінің де қатысып, белсенділік танытуы қамтамасыз етілді. Мәселен сол күні №37 спорт мектебінде этнос жастары арасында арқан тартыс, асық ойнау, ләңгі тебу, гір тасын көтеру, қол күрес сынды ұлттық ойындардан спартакиада өткізілсе, «АMANAT» партиясының ғимаратында ақсақалдар кеңесінің отырысы ұйымдастырылып, оған аудандық құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық, ауылдық кеңес мүшелері, ауылдық округтердің имамдары, жеке кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары қатысты. Сонымен қатар жоба мүшелері М.Мақатаев атындағы Тірек орта мектебінің АКТ залында аналар кеңесінің отырысына да қатысты. Отырысқа аудандық, ауылдық аналар кеңесінің мүшелері, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі полиция департаментінің маманы, медицина қызметкерлері, аудандағы колледждер мен жалпы орта білім беретін мектептердің тәрбие бағытындағы орынбасарлары, дағдарыс орталығының психолог мамандары, аудан тұрғындары шақырылып, ұлттар арасындағы бірлік пен ынтымақты сақтау, достық беріктігін нығайту, жастар арасындағы сыйластықты арттыру, жастар тәрбиесі, жат ағымдардан аулақ болу, кеңес жұмысын жандандыру туралы айтылып, қатысушылар тарапынан көтерілген сұрақтарға жауаптар берілді.
Осылайша, Шу ауданында өткен керуен жобасы этномәдени орталықтар жанындағы шығармашылық ұжымдардың фестивалімен қорытындыланды. Оқушылар сарайының концерт залында әр ұлттың ұлттық биі көрсетіліп, әні шырқалды. Фестивальге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын айтып өтті.
– Жалпы бұл жоба этнос өкілдері тығыз қоныстанған елді мекендерде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, медиацияның маңызын түсіндіруімен және азаматтық бейбіт қарым-қатынасты қалыптастыруымен маңызды. Сонымен қатар «Достық керуені» сапарының ұлттар достығы берік қалыптасқан киелі Шу өңірінен бастау алғаны да бізді қуантады. Ал бүгінгі өткізіліп жатқан спорттық, өнер, келелі отырыс бағыттарындағы шаралар ұлтаралық келісімнің арта беруіне үлкен сеп боларына сенім білдіреміз, – деді өз сөзінде Найман Кенжеханұлы.
Осыдан кейін сахна төріне көтерілген Жамбыл облысы әкімдігі Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Аққу Қаратайқызы мен Жамбыл облыстық Махмұт Қашғари атындағы «Ұйғыр этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева сөз сөйлеп, жобаға белсенді атсалысқан аудандағы этномәдени орталықтар, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің мүшелерін Алғыс хаттармен марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті.
Балнұр Жексенбекқызы.