Ақпараттық портал

Ұшқан ұя ұлағатын ұғындырды

Шыны сауыттың екі жағын алма-кезек толтырып отыратын құмсағат секілді үздіксіз ағарту ісімен айналысатын білім ордасының қарашаңыраққа балануы текке емес. Ал, сол қасиетті білім ордасына оқу-ағарту, білім-ғылым саласында тер төккен тұлғаның есімін беру – заңдылық. Біздің Шу өңірінде орын тепкен білім беру ошақтарына да тарихи тұлғаларымыздың есімдері беріліп, олардың халыққа жасаған қызметтері барынша дәріптеліп жүр. Әсіресе, атаулы жылдардың орайы келсе, тағылымы мол іс-шара өткізу де дәстүрге айналғалы қашан?!

Биыл атаулы жылдар легімен сап түзеп келіп отырған хас батыр әрі өткір тілді жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай жер-жерде түрлі іс-шаралар өтуде. Соның бірі біздің ауданда да көрініс тапты. Күні кеше ғана Жаңа жол ауылдық округіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте «Ұшқан ұя ұлағаты» атты аудандық тәжірибелік семинар өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Сұлтанғазиев, ауылдық округ әкімі Дархан Әліпбаев, ауылдық ардагер ұстаздар, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, аудандағы білім беру ұйымдарының тарих пәні мұғалімдері және аталған мектеп ұжымы қатысты.
Ұлттық нақышта безендірілген мектептің ауласынан бастау алған семинар үш бөлім арқылы өзінің мән-мазмұнымен өтті. Ең алдымен мектеп ауласында орналасқан Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, батыр рухына тағзым жасалды. Мұнан кейін мектеп оқушылары «Қазақстан егемен елім» әнін хормен шырқады. Әскери киім киген оқушылар қарумен саптық тәсілдер мен қозғалыстарды көрсетсе, бұрынғы қазақ батырларының киімін киген бүлдіршіндер «Батырлар» биін билеп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Аудандық семинардың ашылуына арналған бірінші бөлім білім ордасындағы «Әжелер мектебі» құрамынан құралған белсенді аналардың орындауында К.Әзірбаевтың «Ой, жайлау» әнімен түйінделіп, қонақтар ішке қарай бас сұқты.
Ал, екінші пленарлық бөлімінде тарих ғылымдарының кандидаты, «Бауыржан Момышұлының мұрасы – әділетті Қазақстанның кәусар бұлағы» жобасының жетекшісі Оралжан Масатбаев «Бауыржан Момышұлы – ұлттың ұлы қолбасшысы» тақырыбында, Алматы қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі, Б.Момышұлы мұражайының жетекшісі К.Иембердиева «Бауыржан Момышұлы мұрасының тәрбиелік мәні» тақырыбындағы баяндамасын зум платформасы арқылы оқып, көп жайлардан қанық етті. Әрі бұл семинардың ерекшелігі – жасанды интеллект арқылы батырдың рухты сөздерін өзінің бейнесі арқылы сөйлету болды. Тағы бір атап өтерлігі, мектеп оқушылары күні кеше ғана Алматы қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейіндегі ержүрек қолбасшы, батырлықтың символы Бауыржан Момышұлының мұражайына саяхат жасап қайтқан болатын. Сол саяхаттың әсерлі сәттері бейнекөрсетілім арқылы көрсетілді.
Дәлі осы екінші бөлімде аталған мектептің тарих пәні мұғалімі Е.Бексұлтан «Ұлттық патриотизмді қалыптастырудағы Бауыржан Момышұлының рөлі» тақырыбында, мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Ж.Аубакирова «Ұшқан ұя – жас ұрпақ үшін өнеге мектебі» тақырыбында баяндамаларын оқып, ұлттың бағына туған текті азаматтың өмірлік ұстанымы, азаматтық болмысы, Отанға деген ерекше ықыласы, отбасынан алған тағылымы мол тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды құрметтей білуі турасында кеңінен толғап, осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына дарытуға бағытталған негізгі қадамдарды атап өтті.
Сондай-ақ үшінші практикалық бөлімде тарих пәні мұғалімі М.Джафарова «Наследие Момышулы: Сила оружия или сила слова» тақырыбында дебат сабағын өткізіп, қарудың күші мен сөздің құдіретін түсіндіру арқылы оқушылар арасында пікірсайыс алаңын орнатып, ерекше форматта өткізді. Қашанда сөзге тоқтаған, қаншама дауды тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен шешіп, мәмілеге келу арқылы талай жаудың бетін қайтарған қазақ халқы үшін қашанда сөздің құдіреті үлкен маңызға ие екендігін ұғындырған сабақта тағылым аларлық көптеген өсиет сөздер айтылды.
Бұған қоса, бастауыш сынып мұғалімі М.Шакирова «Ұшқан ұя – ерлік пен елдіктің белгісі» тақырыбында, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Рахимова «Батырлық пен ерлік символы – Бауыржан Момышұлы» тақырыбында тәрбие сағаттарын өткізді. Ал, тарих пәні мұғалімі Т.Мирзаева «Участие казахстанцев в сражениях ВОВ» тақырыбында ашық сабағын өткізіп, тарихи деректерден көп мағлұмат беріп, сандарды жасыру арқылы оқушылардың ойлау қабілетінің шапшаңдығын тексерді. Осы тұста «Математика – тарих пен әдебиеттің атасы» деген сөздің растығына көз жеткізе түстік. Әр санның жүгі ауыр, әрі сол санның астарында тарих бүккен сыр жатыр. Бұл сабақтан да қатысушылардың алары көп болды.
Аудандық семинар соңында мектеп мұғалімі А.Сагинбекова «Жасанды интеллектіні сабақтарда қолдану» атты коучинг өткізіп, қатысушы қонақтарға жасанды интеллекттің пайдасын айтып, оны сабақ барысында қалай қолдану қажеттігін түсіндіріп берді. Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің әдіскері Күлімхан Садығұлова аудандық семинарға қатысқан мұғалімдерге Алғыс хат пен сертификаттар табыстады.
Қазақтың намысты биік қойған хас батыры Бауыржан Момышұлы дәстүрге берік, ата жолдан айнымаған сертімен ерек тұлға. Ал бүгінгі ұрпақ сол батыр баба жолынан айнымай, қашанда ар мен намысты ту етсе, әділетті Қазақстан орнары хақ. Әлі де болса ұлағатты жазушының «Ұшқан ұя» шығармасына терең бойлап, бүгінгі тәрбиенің өзегіне айналдыруға қызмет қылуымыз керек.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.