Санаққа секеммен қарамау қажет
Ағымдағы аптада аудан әкімінің орынбасары Н.Абдрашевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында бірқатар өзекті мәселелер қаралған болатын. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Жандос Әбиев сөз алып, күзгі шақырылым туралы хабарлама жасап өтті.
Ал екінші мәселе жөнінде Шу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мұрат Сәулебаев өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық ахуалын баяндап берді. Атқарылған жұмыстар мен атқарылуы тиіс шаруаларды жіпке тізген Мұрат Майорұлы бірқатар деректер мен мәселелерді ортаға салды.
Қазіргі таңда еліміз бойынша ұлттық ауыл шаруашылығы санағының екінші кезеңі өтуде.Келер аптаның басында тәмамдалатын науқан аудан көлемінде де жүргізілуде. Оның өту барысы туралы аудан әкімінің орынбасары Серікхан Пернеш аталмыш жиында мәлім етті.
-Аудан бойынша 20 қыркүйектен бастап Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының 2 – кезеңінде үй аралау жұмыстарына ауылдық округ әкімі аппаратында келісімшарт негізінде жұмыс жасайтын қызметкерлер тартылып, жалпы аудан бойынша 24 интервьюерлер және 6 бақылаушы мамандары жұмыс атқаруда. Ағымдағы жылдың 13 қазанына оффлайн санақтан өтуге тиіс 10 249 үй шаруашылықтарының 7800 үйі араланған,-деген Серікхан Қуатұлы офлайн санақтан толық өте алмау қаупі бар үш ауылды атап өтті.
Олар 67 пайыздық межемен Төле би ауылы, 59 пайыздық көрсеткіші бар Қонаев ауылы мен 620 ауланың тең жартысы ғана қамтыған Бірлік ауылы.
Сонымен қатар еліміздегі соңғы жаңалықтар мектеп оқушылары арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстары туралы өрбіп жатқаны жасырын емес. Аппараттық кеңестің барысында қала мектептерінің директорларына кезек берілді. Атап айтқанда, Қант зауыты мөлтек ауданындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінің директоры Азамат Шаймаш пен Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің директоры Г.Сейдахметова атқарылған жұмыстарды жария етті.
– 1258 оқушысы бар Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебінде Шу аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесе отырып, кәмелетке жасы толмағандардың заңды өкілінсіз мезгілсіз уақытта жүруі мен сабақ уақытында сабақтан жалтаруын және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар бірлескен жоспарға сай жүргізілуде,-дейді А.Шаймаш.
Сондай-ақ 700-ге жуық оқушысы бар Т.Рысқұлов атындағы білім ошағында да оқушылар арасында құқықбұзушылық, ерте жүктілік, өз-өзіне қол салу сынды мәселелерді алдын алуда атқарылған жұмыстардың аз еместігі мәлім болды.
Байжан Емберді.