Қоғамның жаңа болмысы – адал азамат тәрбиелеуге бағытталады
Тегінде адам баласының азамат, тұлға, қайраткер болуына бір ғана қасиет – оның әділдігі сеп болатындай көрінеді. Әділдік туралы бүгін ғана айтылып, құдіретті сөз төңірегінде ой толқыта салған жоқпыз. Жер бетінде адамзат пайда болған күннен бастап-ақ, бұл қасиет талқы таразысына түсіп келеді. Қара қылды қақ жарған би-шешендеріміз, ақын-жырауларымыз, абыз-көсемдеріміз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген өсиетті өн бойына дарытып, қандай дау болмасын әділ шешімін шығарып, төрелігін жасап отырған.
Түркі дәуірінің ғұламасы, ХІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанының негізгі идеясы – мемлекет басқару ісіне негізделген. Ғұлама мемлекет басқаруда төрт принципке сүйеніп, әділдік, бақ-дәулет, ақыл-парасат, қанағат-ынсап деген қасиеттерді кейіпкерлер арқылы көрсетеді. Бұл дастан сол дәуірде Ата заң қызметін атқарған. Ең басты ұстаным сонда әділдік болған. Міне, содан бері он ғасырдан астам уақыт өтсе де сол ұстаным өзгерген жоқ, қаз-қалпында.
Қазақстан Республикасының саясаты да әділдікке негізделген. Содан болар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр Жолдауында әділетті Қазақстан қағидасы көрініс тауып отырады. Тіпті, білім беру ұйымдарында тәрбие беру ісі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына негізделген. Бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлықпен күресу ісі де күн тәртібінде күйіп тұрған мәселе болып тұр. Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дертпен күресіп бақсақ та, беті қайтпай тұр. Мемлекетіміздің негізгі саясаты – әділет жолында аянбау, елге артылған міндет және оның төңірегінде түрлі іс-шаралар атқару да маңызды.
Соның жарқын дәлелі, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің тапсырысы аясында «Елу жылда – ел жаңа», «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестіктерінің және аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен игі іс-шаралар өткізілді. Аталған қоғамдық бірлестіктердің жетекшісі Сүйімқұл Шарапат Батырбекқызы екендігін атап өткен жөн. Бар саналы ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне арнаған жанның зейнет демалысына шықса да қоғам өміріне белсене араласуы жан жадыратады. Педагогтер мен оқушылар арасында өткізген тағылымы мол іс-шаралары еліміздегі тамырлап кеткен кеселдермен күреске бағытталды.
Нашақорлықтың алдын алуға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған конференция, эссе жазу, сурет салу байқаулары көптің көңілінен шығып, педагогтер мен оқушылар ерекше ықыластарын танытып, ынталанып қайтты. Ең алдымен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шарада білім беру ұйымдарындағы оқушылар арасында «Есірткісіз болашақ» тақырыбында сурет салу байқауы өтті. Оқушылар сарайының ғимаратында өткен байқауда оқушылар фойеде тұрып нашақорлық індеті туралы түрлі суреттерді салып, тақырыпты ашуға тырысып бақты. Арнайы сайланған әділқазы мүшелері үздік деп танылған жұмыстарға тиісті орындарын беріп, қалғандарына Алғыс хаттар табыстады. Бұған қоса, оқушыларға бағалы сыйлықтар да үлестірілді. Бұл байқау білім алушыларды ерекше шабыттандырды.
Дәл осы күні Оқушылар сарайының акт залында «Нашақорлықтың алдын алу» тақырыбында аудан тұрғындарына арналған конференция өтті. Конференцияда білім беру ұйымдарында шәкірт тәрбиелеп жүрген педагогтеріміз баяндама оқып, өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, нашақорлықпен күрес туралы жан-жақты талдау жасады. Аталған конференцияда белсенділік танытқан педагогтер де құр алақан қалмады. Оларға да арнайы Алғыс хат пен сыйлықтар табысталды. Атап өтерлігі, бұл игі шараға Жамбыл облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының білікті мамандары да қатысты. Бір күнге жоспарланған іс-шара осылай түйінделді.
Араға көп уақыт салмай, «Елу жылда- ел жаңа», «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Шарапат Батырбекқызы ауданға қайта атбасын бұрып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған іс-шарасын өткізді. Бұл іс-шарада педагогтер «Әділетті қоғам көрінісі», оқушылар «Нашақорлық-қоғам дерті» тақырыбында эссе жазу байқауына қатысты. Бұл байқауға аудандық білім бөліміне қарасты жалпы және қосымша білім беру мекемелерінің педагогтері мен оқушылар қатысты. Эссе жазу байқауы да өте жоғары деңгейде өтті. Педагогтер де, оқушылар да берілген тақырыпты жан-жақты ашуға талпынған.
Осы тұста атап өтерлігі, жемқорлық төңірегінде өнегелі ойлар айтылған. Мәселен, Домалақ ене атындағы орта мектебінің педагогі «Қазақта жұт жеті ағайынды деген тәмсіл бар. Қазіргі қоғамдағы кеселдердің бірі – жемқорлықты сол жеті жұттың біріне қосу қажет. Бұл да бізді жұтқа жетелейтін қауіпті кесел» деген ойларын білдіре кетіпті. Құптарлық ой… Эссе жазу байқауында да дараланған педагогтер мен оқушыларға арнайы орындар, тағы бір шоғырына алғыс хат, сондай-ақ барлығына сыйлықтар берілді.
Байқау өз мәресіне жеткен соң сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған конференция басталып кетті. Конференцияда жалпы және қосымша білім беру ұйымдарынан келген тәжірибелі педагогтер өздерінің баяндамаларын оқып, презентацияларын ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстан құру стратегиясының негізгі қайнар көзі білім беру ұйымдарынан басталатынын тілге тиек ете отырып, жең ұшынан жалғасқан дертпен күресу жолдары айтылды. Бармақ басты, көз қыстының арты қандай қауіптерге бастайтынын да атап өтті. Бұл конференцияда да белсенділік танытқан педагогтерге арнайы Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етілді. Барлығына дерлік кітап сыйға тартқан Шарапат Батырбекқызы Абай Құнанбайұлының кітаптарын үлестірді. Бұның да астарында үлкен мән жатыр-ау?!
Абайдың да негізгі ұстанымы – әділдік, адалдық болғанын оның шығармаларының өн бойынан көре аламыз. Абайдың кітабын қолына алған әр азамат «Толық адам» іліміне жол салар болса, еліміз дамып, гүлдене бермек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын адал азамат болса, әділдік орнайды” деп қадап айтқан болатын. Сайып келгенде, бұл сөздің астарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу қажеттігі тайға таңба басқандай айтылып тұр. Жемқорлық жайлаған, сыбайластық белең алған,парақорлық етек жайған қоғамда дендеген дертпен күресу күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Міне, осы бір дертпен күресуде алдына жан салмай алдыңғы шепте жүрген жандар қаншама?! Соның бірі, «Елу жылда – ел жаңа», «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестіктерінің жетекшісі Сүйімқұл Шарапат Батырбекқызына алғысымыз ерекше. Рухани тұрғыда кемел елдің жастары материалдық игілікті місе тұтпайтыны ақиқат. Жемқорлықтың жолы кесілсін десек, өскелең ұрпаққа өнегелі азық болар осындай игі істерді жиі өткізіп тұрайық!
Айғаным Асқарбек.