Өзектендіру жұмысы өте маңызды
Қараша айының екінші аптасы аудан әкімі Б.Жәнібековтың төрағалығымен өткен дәстүрлі аппараттық кеңестен басталды. Күн тәртібіне түзілген мәселелер бойынша аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен бірқатар білім ошақтарының директорлары атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Мәлім болған мәселелер аталмыш жиын барысында талқыланды.
Кеңесте ең алдымен аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Керімбаеваны тыңдады. Бөлім жетекшісі «Отбасының цифрлық картасын» өзектендіру бағытында жыл басынан бері жүзеге асырылған жұмыстармен таныстырып өтіп, халықтың осал топтарына көрсетілген мемлекеттік қолдауларға тоқталып өтті.
Гүлмира Амангелдіқызының айтуынша, ақпараттық жүйедегі тізім республика көлемінде жасақталып аудандарға бөлінген. Жасақталған тізім бойынша бөлімдер мен ауыл әкімдері, тиісті мекемелер жұмыс істейді. Одан әрі жұмыспен қамту, арнайы курстарға жолдама беру сынды шараларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілетін көрінеді.
Сонымен қатар аппараттық кеңесте аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбековтың асыраушы саладағы қабылданған шаралар мен бағындырған межелер бойынша баяндамасы тыңдалды.
Жасөспірімдер арасында әсіресе, мектеп оқушыларына қатысты әлімжеттік, буллинг, суицидтік қадамдар сынды құқықбұзушылықтардың жиілеп кеткені жасырын емес. Сондықтан апта сайынғы мәжілісте мектеп басшыларының есебін тыңдау әдетке айналып отыр. Осы жолғы жиында Төле би және С.Сейфуллин атындағы орта мектептері, «Жібек жолы» мектеп-лицейінің директорлары шақырылды.
Алдымен сөз алған Ардақ Джангарашева 1344 оқушысы бар Төле би атындағы орта мектебінде құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға арналған шараларды баяндап берді. Сондай–ақ білім ошағының жетістіктері де айтылды.
Сонымен қатар 1200-дей шәкірт оқитын С.Сейфуллин атындағы орта мектебіндегі серпінді жұмыстар мен соңғы жаңалықтар жайын мектеп директоры Есболат Алипбаев жеткізді. Оның ішінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар мен профилактикалық әрекеттер таныстырылды.
Аппараттық кеңесті «Жібек жолы» мектеп-лицейінің директоры Гүлбарам Тұрлыбек түйіндеді. 1993 жылы пайдалануға берілген білім ордасында бүгінде 800-ден астам оқушы білім алуда. Есепте тұрған оқушысы жоқ мектеп-лицейде ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Сол секілді оқушылардың қауіпсіздігіне бағытталған әрі құқықбұзушылық қадамдарға қарсы амалдар көзделген шаруалар жайы жеткізілді.
Бұдан өзге аудан әкімі бөлім басшыларымен бірге әртүрлі мәселелерді талқылап, құзырлы мекемелердің басшылары тиісті тапсырмаларды жүктеді.
Байжан Емберді.