Ақпараттық портал

Бетінен қақпаймын деп жүргенде бетімен кетсе, сол қайғы…

Бұл күндері ұлт болашағы, ұрпақ қамы, ұлттық тәрбие деген сөздерді ұранға алып, ортақ мақсатқа ұйысудамыз. Қазір екінің бірі келешегімізге күмәнмен қарап, болашағымыз бұлыңғыр бола ма деседі. Баланы мектеп қабырғасында 11 жыл бойы оқытып-шоқытып, тәрбиенің түрлі әдіс-тәсілдері арқылы тұлға болуына білім ошақтары барын салса да, бала тәрбиесінің бастауы – ата-анаға келіп тірелетінін қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер көрсетіп отыр.
Қазіргі таңда кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық өршіп тұр. Атап айтсақ, ерте жүктілік, ұрлық-қарлық, ұрып-соғу, әлімжеттік, бопсалау, өз-өзіне қол салу сияқты фактілер көбеймесе, азаймай тұр. Осындай былықтың барлығына білім ошақтарын, ұстаздарды кінәлау қоғамда белең алуда. Тегінде ұстаз балаға 24 сағатын емес, 45 минут қана арнауы керек еді. Әйтсе де қылмыстың көбі орын алатын түнгі уақытта құқық қорғау қызметкерлері кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерді құрықтаса, ата-анамен бірге беймезгіл уақытта білім қызметкерлері де құзырлы органға сабылып, мазасы кететін жайттар да аз емес. Кез келген оқушы мектеп ауласынан ұзап кеткеннен кейін оған ата-анасы жауапты. Сондықтан да бала тәрбиесіне ең алдымен ата-ана жауапты екендігін ұғындыру күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Ықылымнан ұрпақ қамын ойлаған ұлтымыз бала тәрбиесі бесіктен тіпті бойға біткеннен бастау алатынын біліп, жат қылық жатырдан жұқпасын деп ананың бойының тазалығына, ойының өресіне, тектілік қалпына мән берген. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірмесек, рухани бұлағымыздың бастауынан сусындатпасақ, өткеннің өнегесіне бойлатпасақ, болашағымыз бұлыңғыр болмақ. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”, “Тәрбие – тал бесіктен”, “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің”, “Отан – отбасынан басталады” деген нақыл сөздер осыдан қалса керек… Айналып келгенде баласы шала іс қылса, ойнап жүріп от басса, бармақ тістеп, сан соғып қалатын, ол-ата-ана. “Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер” демекші, отбасында ата-ананың рөлі ерекше. “Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады” деп дана Абай айтпақшы, кез келген жанның әдептілігі, адамгершілігі ана сүтімен дарып, әке тәрбиесімен жалғасын табады. Сондықтан да қоғамда әкенің, ананың беделін арттырып, өскелең ұрпақты ізгілікке жетелейтін тәрбиелік мазмұндағы жиындарды жиі өткізу қажет. Сондай тәрбие-танымдық бағыттағы кездесулердің бірі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебіндегі Шолпанқұл Ибрагимовтың атындағы «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығында» әке мен ұл балалардың арасында сенімді орнатуға және нығайтуға арналған кездесу өтті. Оған аудандық аналар алқасының әрі аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы Иманова Айжан Болатқызы, осы жолдардың авторы, М.Әуезов атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құралбаева Гүлжан, сынып жетекшілер Алимбекова Лаззат пен Азаматова Алтынай, әкелер мен ұл балалар қатысты.
Кездесудің басында Айжан Болатқызы қоғамдағы әкенің тәрбиесіне тоқталып, қазақтың өн бойындағы ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлердің мәнін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің өнегесін айтып өтті. Сондай-ақ, Гүлжан Байбағысқызы да қазіргі таңда кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің арасындағы жәбірлеудің (буллингтің) ақыры неге соқтырып жатқанын, ұл баланың азамат болып қалыптасуында әкенің алар рөлін, мектептің ішкі тәртібіне бағынбайтын оқушыларға қандай шаралар қолданылатынын түсіндіріп өтті.
Кездесудің қызықты өтуіне барын салған сынып жетекшілер Алимбекова Лаззат пен Азаматова Алтынайлар әке мен бала арасындағы мейірімді ояту үшін ситуациялық ойындар ойнатып, бір-біріне сезімдерін ашық айтуға, қандай да бір сұрақтары болса қысылмай қоюға, барлық мәселеде әкесімен ақылдасуға жол ашты. Бала тәрбиелеуде қарапайым ғана дүниелерге назар аударып, баланың жан-жақты болып өсуіне әкенің қосар үлесі де сөз болды. Әкелер тарапынан да түрлі пікірлер айтылып, олардың отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастық орнатуға қарсылығы жоқ екендігі де тілге тиек етілді.
«Бір әкенің тәрбиесін бере алмайды жүз мектеп» демекші, қашанда бала тәрбиесінде әкенің де, ананың да рөлі ерекше. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деген нақылдың да өміршең екендігін қоғамда болып жатқан түрлі мәселелер айғақтап отыр. Сондықтан да бала тәрбиесі отбасыдан бастау алып, білім беру ұйымдарында жалғасын тапса, бала тәрбиесінде ата-ана мен мектеп тонның ішкі бауындай әрекет етсе ғана нәтиже болары сөзсіз.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.