Тәрбие мәселесі талқыланды
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті, ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары жасөспірімдермен жұмыс істеуде қырағылық танытуы тиіс» деген болатын. Осыған орай, Өндіріс ауылдық округіндегі Абай атындағы орта мектебінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен рухани-адамгершілік бағыты бойынша «Тәрбие – тал бесіктен басталады» атты кездесу өтті.
Аталған іс-шараға ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Т.Байгисиев, әкелер алқасының төрағасы Б.Шынарбеков, аналар алқасының төрайымы М.Жаңылова, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы А.Тойбаев, Абай атындағы орта мектебінің директоры А.Байгисиева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Байтұрғанова қатысты.
Кездесу барысында тәрбиенің тізгінін тарта ұстау әрі ұлттық рухымызды көтеру – өзіміздің қолымызда екені тілге тиек етіліп, салтымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптеуге шақырды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасындағы ұрлық-қарлық, әлімжеттік, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсау сынды жантүршігерлік фактілердің ауданымызда да көрініс тауып жатқаны алаңдататыны айтылды. Сондай-ақ, оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар түрлі сұрақтар қойылды.
Ұлт болып жұмылып, халық болып бірігіп, ел болып атсалысатын ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізілетін болады.
Марзия Омарова,
Өндіріс ауылдық округінің жастармен жұмыс
жөніндегі маманы.