Ақпараттық портал

Жұмыскерлерді құқықтық қорғау мен қолдау

Бүгінгі кәсіподақтар еңбек заңдылығының орындалуына қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған пәрменді жұмыстар жүргізіп отыр. Осы орайда бағыныстағы бастауыш ұйымдарда еңбек қатынастары мәселесіндегі заңдылықтарды сақтау жағдайына үнемі тексеру жүргізіледі. Құқықтық инспекцияның алдына қойылған басты міндет – еңбек заңдылығының бұзылу жағдайларын дер кезінде анықтап, олардың алдын алып, қызметкерлердің құқықтарының бұзылуына алып келетін себеп-салдарды жою.

«Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінде құқықтық еңбек инспекциясы жұмыс атқарады.
Инспекция құқықтық көмек көрсетумен қатар, тиісті қоғамдық тексерулер ұйымдастыру арқылы еңбек қатынастары бойынша құқық бұзушылықтың алдын алуда.
Инспекцияның қоғамдық тексеру жұмыстары мемлекеттік және бақылау органдарының тексерулерінен айырмашылығы өте көп. Жүргізілетін тексерулер білім ұйымдарына ешқандай да нұқсан келтірмейді. Себебі тексерулер нәтижесінде біз айыппұл салатын немесе тәртіптік жауапкершілікке алып келетін іс-әрекеттер қолданбаймыз.
2025 жылдың қаңтар мен қазан айы аралығында Жамбыл облысының білім басқармасы Шу ауданының білім бөліміне бағынысты білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы еңбек заңдылығының орындалуын бақылау мақсатында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің бас инспекторының тапсырысы негізінде барлығы 63 жоспарлы тексеру жұмыстары жүргізілді.
Аталған кезеңдерде қолданыстағы еңбек заңдылығының талаптарын бұзудың 212 жағдайы анықталды.
Тексеріс барысында жұмыскерлермен мүмкін болған жағдайда кездесулер өткізіліп, оларға тексеру жүргізу мақсаты түсіндіріліп, әңгімелесу жұмыстары жүргізілді. Кәсіподақ мүшелері тарапынан туындаған түрлі сұрақтарға заң аясында жауаптар мен құқықтық кеңестер берілді.
Құқықтық инспектор тарапынан жоспарлы тексерістермен қатар, жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде заң бұзушылық орын алған жағдайда, жазған өтінішіне сәйкес, сол мекемеде жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі.
Есептік кезеңде кәсіподақ мүшелерінен облыстық және аудандық кәсіподаққа жазбаша 13 арыз–өтініштер келіп түсті. Жазбаша түскен арыз–өтініштер заң талаптарына сай басшылыққа алына отырып, толық жауаптар өтініш иелеріне жолданды.
Кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау мақсатында тікелей кездесу мен телефон байланысы арқылы қызметкерлерге 934 құқықтық кеңес берілді.
Есептік кезең ішінде кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 4 оқу-семинарлар ұйымдастырылды.
Семинарларға мекеме басшылары, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, бастауыш кәсіподақ комитетінің төрағалары мен төрайымдары, іс қағаз жүргізушілері мен хатшылар, техникалық инспекторлар қамтылды.
Ұжымдық шарт – Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне Қазақстан Республикасының «Кәсiптiк одақтар туралы», «Педагог мәртебесі туралы», «Білім туралы» Заңдарына, өзге де заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау мен қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, сондай-ақ заңдармен, өзге де нормативтік-құқықтық актілермен, әлеуметтік әріптестік туралы бас келісіммен, салалық тарифтік, аймақтық келісімдермен белгіленгеннен де оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейтін жұмыс беруші мен жұмысшылардың өзара міндеттемелерін анықтау мақсатында жасалған құқықтық акт болып табылады.
2024 жылдың 12 маусымында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің білім қызметкерлері кәсіподағының Шу аудандық комитеті» филиалы мен «Жамбыл облысы білім басқармасы Шу ауданының білім бөлімі» КММ-сі арасында 2024-2026 жылдарға арналған Ұжымдық шарт жасалынды.
Қабылданған Ұжымдық шартта бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына үш күнтізбелік күнді құрайтын мөлшерде, кітапхананың басшысын (меңгерушісін) қоса алғанда, білім беру ұйымының кітапхана жұмыскерлеріне үш күнтізбелік күнді құрайтын мөлшерде жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысын беруге қол жеткізілді.
Аймақтық құқықтық еңбек инспекторының нәтижелі жұмысының негізінде, құқықтық қорғаудың барлық түрі бойынша есепті кезеңде 20 млн 642 мың 165 теңге көлемінде сала өкілдері мен кәсіподақ мүшелеріне экономикалық тиімділік келтірілді. Бұл қаржы қызметкерлердің бұзылған құқықтары мен мүдделерін қалпына келтіру мақсатында жұмыскерлерге төленбей, қайта есептеу және сауықтыру жәрдемақыларына төленіп берілген қаражат.
Құқықтық инспекция қызметкерінің жұмысы әрбір кәсіподақ мүшесінің еңбек құқығы мен қызығушылығын қорғайтын болса, тек қана құқықтық көмекпен шектелмей оның экономикалық тиімділігі де болып жатса, олардың кәсіподаққа деген сенімділігі арта түсері сөзсіз.
Кәсіподақтың құқықтық еңбек инспекциясы еңбек заңдылығының сақталуы үшін және кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында нәтижелі жұмысын жалғастыра беретін болады.
Е. Тілеужан,
Шу ауданы бойынша аймақтық
құқықтық еңбек инспекторы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.