Үстел теннисінен үздіктер қатарында
Ауданда соңғы жылдары спорт бағыты қарқынды дамып келеді. Солардың ішінде ерекше серпін алған спорт түрі – үстел теннисі. Жалпы үстел теннисі спорттың өзгеше түрі десек болады. Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, оны үйреніп кету, тіпті нүктедей добын көзден таса қылмай бақылауда ұстау арқылы ойнау – шапшаңдықпен қатар, логиканы да талап етеді. Сондықтан болар бұл спорт түріне әркім әуестене бермейді. Себебі оны игеріп кету үшін де алдымен икем керек.
Біз бүгінгі мақаламызда үстел теннисінің ауданда дамуына үлкен үлес қосып жүрген, аудандағы ең үздік ойыншының бірі С.Шәкіров атындағы орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрберген Нұрланұлы Әбіш және оның шәкірттерінің жетістіктері туралы айтқымыз келеді.
Жаттықтырушының жалпы спортқа деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Спорттың қай түрін болмасын жылдам меңгеріп, волейбол, баскетбол, футболдан да үздіктер қатарында болған. Ал оның алғаш рет үстел теннисінің ракеткасымен танысуы денешынықтыру маманы болып жұмысқа орналасқан жылдары болған. Ол теннис шарын қолына ұстаған сәттен бастап, бұл спорт оның өмірінің бір бөлігіне айналған. Ол талмай жаттыққанның арқасында аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда үздік ойын үлгісін көрсетіп, бірнеше мәрте чемпион атанады. Кейін өзінің тәжірибесін жастармен бөлісуді мақсат тұтып, бапкерлік жолға түседі. Қазіргі таңда мектепте жалпы денешынықтыру мұғалімі жұмысымен қатар үстел теннисі үйірмесінің жұмысын қатар атқарып жүр.
– Балаларды үстел теннисіне қызықтыру алғашында оңай болмады. Себебі көп бала бұл спортқа оңай шағылатын жаңғақ ретінде қарап, аса құлшыныс таныта қоймады. Десе де үздіксіз жаттығудың арқасында бес жылдан кейін үлкен нәтижелерге қол жеткізе бастадық. Оқушыларым ауданнан асып, облыс көлемінде үздік орындардан көріне бастады. Осылайша, облыс намысын арқалап республикалық жарыстарға шыға бастадық. 5-6 сынып оқитын жас қатысушыларым Шымкент, Семей қалаларында өткен ашық турнирлерде жеңісті қолдан бермей республика бойынша үздік ондыққа кірді. Сол секілді 7-8 сынып оқитын спортшыларым үздік бестікке және 9-11 сыныптағы оқушыларым үшінші орынды қанжығалап қайтты, – дейді жаттықтырушы.
Иә, жаттықтырушының жас та болса кәсіби дайындығы мен ойынға деген қызығушылығы өзгеше. Ол әр шәкіртіне жеке көңіл бөледі, олардың бойындағы талантын ашып, өзіне деген сенімін оятуға тырысады. Мәселен 6 жылдан бері аудан, облыс, республика көлеміндегі жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегерлері атанып жүрген оқушылары Балауса Бахытбай, Дарын Таңатар, Марғұлан Қоңырбай жаттықтырушының дұрыс бағыт беріп, спортты дұрыс түсіндіре алғанының нәтижесінде жеңісті қолдан бермей келе жатқандықтарын айтады.
– Нұрберген ағай бізге үстел теннисінің ең мықты тактикаларын үйретіп келеді. Дайындықта тек дәстүрлі жаттығулармен шектелмей, заманауи дамыту жаттығуларын да жасатады. Денсаулығымызға да аса көңіл бөлетін жаттықтырушымыз әр жаттығудан кейін қалпына келтіру, созылу, тыныс алу техникаларын үнемі орындатады. Осындай тиімді тәсілдердің арқасында біз ұтымды ойлануға, шапшаң шешім қабылдауға бейімделдік, – дейді жас спортшы Балауса Бауыржанқызы.
Бүгінгі таңда ауданда Нұрберген Нұрланұлын спорт саласында жүргендер «ауданның ең үздік үстел теннисшісі әрі талантты бапкер» деп таниды. Оған өзінің жеке жетістіктері де тағы бір дәлел бола алады. Атап айтқанда, Шымкент қаласында жалпы білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары арасындағы үстел теннисінен өткен республикалық турнирде бірінші орын, жыл сайынғы ұстаздар күніне орай өткізілетін облыстық үстел теннисінен командалық жарыста екі дүркін қола жүлдегері, сонымен қатар ауданда өткізілетін үстел теннисі жарыстарының бірнеше дүркін чемпионы атанған.
Мықты бапкердің арқасында тенниске қызыға қатысатын бала да аз емес, жаттығу залында елуге жуық балаға дайындық жүргізетін жаттықтырушы өңір спортына жаңа серпін беріп келеді деуге негіз бар.
– Менің тренер ретіндегі мақсатым – ауданымыздан халықаралық деңгейде танымал болатын үстел теннисшілерін тәрбиелеу. Әр баланың қолында мүмкіндік бар, тек соны көру мен дамыту біздің міндетіміз, – дейді жас бапкер.
Осылайша, жас бапкер мен оның шәкірттерінің аудан спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып, өңір спортын республика деңгейінде танытып жүргендері бізді де қуантты.
Балнұр Жексенбекқызы.