Ақпараттық портал

Футбол біріншілігінің жеңімпаздары марапатталды

Жуырда Шу ауданында аяқ доп шеберлерінің жазғы біріншілігі өз мәресіне жеткен болатын. Жазғы біріншілік жасыл алаңда үлкен футболдан өткізіліп, оған өңір футболшыларынан құралған 9 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Біріншіліктің жабылу салтанаты Шу шаһарындағы «Қайрат» стадионында ерекше форматта өткізілді. Айтулы шараны аудандық “Жастар ресустық орталығы” мен Бұқаралық спорттық іс-шараларды дамыту орталығы бірлесе ұйымдастырып, жеңімпаздарды арнайы мерекелік күймен қарсы алып қуантты.
Шара барысында аудан өнерпаздары ән шашу арнап, біріншіліктің үздіктерін марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы, «AMANAT» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков, аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Шатырханұлы және спорт ардагерлері қатысты.
Ала жаз бойы өткізілген біріншілікте өз ойын өрнегімен үздік деп танылған «Үздік қорғаушы» номинациясымен
Мәлік Абайұлы, «Үздік шабуылшы» номинациясымен Ахмет Ерланұлы, «Үздік қақпашы» номинациясымен Ансар Әмірұлы, «Үздік жартылай қорғаушы» номинациясымен Нұрбек Айғалымұлы, «Үздік ойыншы» номинациясымен Арман Талғатұлы, «Үздік жас ойыншы» номинациясымен Райымбек Мақсатұлы, «Көрермен көзайымы» номинациясымен Қанат Талғатұлы, «Үздік капитан» номинациясымен Саят Құндызбайұлы марапатталды.
Сондай-ақ біріншіліктің үздік үштігінен көрінген “Қайрат” командасын аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Шатырханұлы арнайы марапаттап, жүлдегерлерге 100 мың теңге қаржылай сертификат пен диплом және медальдар табыстады, ал екінші орыннан көрінген “Төле би” командасын Болатхан Кемелбайұлы марапаттады. Команда ойыншыларына жүлделі 200 мың теңге қаржылай сертификат пен арнайы диплом және медальдарын ұсынды. Сондай-ақ біріншіліктің жеңімпазы атағын “Алға” командасы иеленді, жарыс жеңіпаздарын аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы арнайы құттықтап, 300 мың теңге қаржылай сертификат пен арнайы диплом және медальдар табыстады.
Аламанның алдынан көрінген “Алға” командасы жазғы біріншіліктің жеңімпазы атанды.
Басылым атынан барша футболшыларды жүлделерімен шын жүректен құттықтаймыз!

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.