Қылмыс саны қысқарып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, заң үстемдігін орнатуға, жұртшылықтың полицияға деген сенімін нығайтуға бағытталған бастама екені белгілі. Бұл өз кезегінде тәртіп сақшыларына зор жауапкершілік жүктейді және асқан кәсібилікті талап етеді.
Ағымдағы аптада ауданымызға Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Қайсар Әбілекұлы Сұлтанбаев арнайы сапармен келіп, тұрғындармен кездесті. Сонымен бірге Шу аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Мұсақұловтың 2025 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарының есебін тыңдады.
Келелі кездесуге аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл қариялары, мешіт имамдары, білім ошақтарының басшылары мен белсенді жастар, тәртіп сақшылары қатысты.
Ең алдымен сөз кезегін алған Қайсар Әбілекұлы Шу өңірінің қадір-қасиетіне қысқаша тоқталып, Мемлекет басшысының ішкі істер органдарына жүктеген тапсырмаларын атап өтті.
Полиция генерал-майоры елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызына ерекше көңіл аударып, «Заң және тәртіп» қағидаты полиция, жергілікті атқарушы билік пен қоғамның бірлесуімен орнайтынын жеткізді.
-Заңды қатайтып, тәртіпті күшейту арқылы экономикалық өсімге қол жеткізе аламыз. Оған кешегі Сингапур елінің тәжірибесі дәлел болады. Бүгінгі таңда біздің еліміз де сол модельді таңдап, тиісті шараларды қабылдауда.
Ол үшін бәрімізге жұмыла жұмыс істеп, елдің ертеңі үшін еңбек ету керек. Оның ішінде өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп, бәрін өзімізден бастауымыз қажет,-деді ПД бастығы.
Келесі болып сөз алған аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы да өңірдегі жүзеге асырылып жатқан шаруаларды тілге тиек етіп, кемшіліктерді жою жөніндегі кешенді жұмыстарды таныстырды. Олардың қатарында жасөспірімдер арасындағы әлімжеттіктің алдын алу бойынша кездесулер мен рейдтік шаралар, ұйымдастырылып жатқан кездесулер туралы айтып берді.
Мұнан кейін Шу аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Аманұлы Мұсақұлов жедел қызметтің нәтижелері, халықпен өзара іс-қимыл және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар туралы баяндады.
Бөлім бастығының айтуынша жыл басынан бері 260 қылмыстық іс тіркелген. Былтыр бұл көрсеткіш 34 қылмысқа төмен болған екен. Дейтұрғанмен аса ауыр қылмыстар саны биыл 3 болса, былтыр бұл көрсеткіш 23 қылмыс болған екен. Адам өлтіру туралы ҚК 99 бабы бойынша биыл қылмыс тіркелмегенін айтқан полиция подполковнигі өзге деректерді санмен сөйлетті.
Сонымен қоса, 10 айда аудандық тәртіп сақшылары 13539 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтаған, ал азаматтарды тексеру барысында 114 рұқсат етілмеген зат табылған көрінеді.
Өкінішке қарай, жерлестеріміз алаяқтардың құрбанына айналып, полицияға 34 іс тіркеліп, оның 17-і интернет арқылы алаяқтық жасалғаны белгілі болды. Нәтижесінде, жерлестерімізге 11 млн теңге көлемінде залал келтірілген.
Бұдан өзге де деректерді ұсынған Болат Аманұлы алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіледі деп сендірді.
Баяндамадан соң жиынға қатысушылар ашық микрофон арқылы басшылық құрамға өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Бірі патрульдік полиция инспекторларының іс-әрекетіне байланысты сұрақ қойса, енді бірі жол ережесін жиі бұзатын мопед, скутер мен электр велосипед иелерін тәртіпке шақыруды сұрады.
Бірлік ауылының ақсақалы ауылға тұрғылықты учаскелік полиция инспекторын бөлуді сұрап, оны баспанамен қамти алатынын жеткізді. Өзен бойынан құм алғандарды құрықтауды сұрады.Өз кезегінде Қайсар Әбілекұлы жергілікті полиция басшысына мән-жай бойынша түсінік беруді, мәселені дереу шешуді тапсырды.
Ақтөбе ауылдық округінен келген Бақытжан Смағұлов бірнеше ай бұрын баласы әлімжеттік салдарынан дене жарақатын алғанын айтып, полицияның істі тергеуде кешеуілдетіп отырғанына шағымданды. Сонымен қатар ауыл мектебінде физика пәнінен сабақ беретін қызына директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қоқан-лоққы көрсетіп жүргенін жеткізді.
Қаһарына мінген генерал тергеуді шұғыл аяқтап, буллинг жасаған тұлғаны жауапқа тартуды талап етті. Сондай-ақ қысқа мерзім ішінде қабылданған шараларды өзіне баяндауды тапсырды.
Бұл жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев мектеп директоры уақытша еңбекке жарамсыз екенін жеткізіп, жұмысқа шыққан жағдайда орынбасарымен еңбек шартын үзетін болады деп хабарлады.
Шара соңында «Арақсыз ауыл» жобасы бойынша үлгі көрсеткен бірқатар округ әкімдеріне Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының Алғыс хаты тапсырылды. Сонымен қатар бірқатар қариялар мен ауыл имамдары да дәл осындай марапатты иемденді.
Алғыс хат алған әкімдер қатарында Дулат ауылдық округі әкімі Біржан Кірпікбаев, Тасөткел ауылының әкімі Батырбай Жақсымбетов, Қорағаты ауылдық округінің әкімі Әділ Диханбаев және Төле би атындағы орта мектептің директоры А.Жанғарашева бар.
Балуан Шолақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенгелді Текебаев, Бөлтірік ауылының қариясы Ақберген Мұңалбеков пен имамы Біржан Бақбергенұлы, қорағатылық қария Тәңірберген Жексенбаевтар да генералдың алғысына ие болды.
Жиын соңында Қ.Сұлтанбаев шулық сақшылардың жұмысына оң бағасын беріп, ең негізгі көрсеткіштерді төмен екенін атап өтті. Сондай-ақ бірқатар мәселелерді қозғап, оны түзетуге қоғамдық күштің ауадай қажеттігін жеткізді.
Генерал мырза жиын соңында жедел ақпаратты аудан тұрғындарына жеткізіп, жол бойында қараусыз жүрген малдар жүргенін айтты. Мал ұрлығының алдын алуға иелері де мүдделі болып, қарауындағы малдарына ие болу керектігін ескертті. Себебі қараусыз мал жолға шығып кетіп, талай жол-көлік оқиғаларына себеп болып жатыр.
Байжан Емберді.