Асыраушы саланың әлеуеті зор
Жыл сайынғы қарашаның үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні ерекше құрметпен атап өтіледі. Бұл күні жер игеріп, ата кәсіптен нәсіп теріп отырған ағайынның ақадал еңбектеріне алғыс айтылатын күн.
Мәселен мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысып, шаруасын шалқытқан отандастарымызды жоғары наградалармен марапаттады. Бұл Президенттің асыраушы салаға деген айрықша көзқарасын айшықтаса керек-ті.
Аталмыш форумда сөз сөйлеген Қ.Тоқаев «Ауыл шаруашылығы әрдайым мемлекет назарында. Президент ретінде мен осы саланың қарқынды дамуына ерекше мән беремін. Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты» деген болатын.
Президенттің айтуынша халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда ғұмыр кешуде.
– Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн,-деді Мемлекет басшысы.
Еліміздің әр аймағындағы диқандар мен шаруалар, ата кәсіптің жолын жалғастырушы малсақ қауым арасында ауданымыздан да өкілдер қатысқан болатын.
Көпшілікке мәлім болғандай Шу өңірі ауыл шаруашылығына ежелден қолайлы мекен. Жылдың төрт мезгілінде де тіршілік қайнап жатқан ауданымызда асыраушы саланың ахуалы жаман емес.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбековтың айтуынша 2025 жылдың қыркүйек айының статистикалық жедел есеп мәліметіне сәйкес, аудан бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 61 305,1 млн.теңгені құраған.
Сонымен қатар биыл басшылық тарапы 251 млн.теңгелік меже бекітіп берген көрінеді. Оның ішінде III тоқсанға 1748,5 млн теңге инвестиция салу жоспарланып, 8 айға «Qyzylsha Zher» ЖШС-і жаңбырлатып суару алқабын ұлғайту мақсатында 1,122 млрд. теңге инвестиция тартылды.
-Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынатын 200 000 мың теңгеге инвестиция жоспары ағымдағы жылдың 4 тоқсанына жоспарланған. Алайда 8 айға тамақ өнімдері өндірісіне 891,680 млн.теңгеге инвестиция енгізіліп, жоспар артығымен орындалды,-дейді Қайсар Қоныспайұлы.
Бұрынырақта айтқанымыздай аудан аумағында 139 451 гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы егістік жерлер бар. Оның 32 057 гектары суармалы болса, 107 394 гектары тәлімді егістік жерлерге тиесілі.
Одан бөлек, осы жылы су үнемдеу технологиялары енгізілген алқапты 15 913 гектарға ұлғайту жоспарланған екен. Бөлім басшысы жоспардың толық орындалғанын айтып отыр. Жоғарыдағы алқаптың 10649 гектарын тамшылатып, 5264 гектарын жаңбырлатып суару межеленген.
Шу ауданында «Кең дала» бағдарламасы да жүйелі түрде қолға алынған. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мақсатында 9 шаруа қожалық 64,370 млн теңге несиеге қол жеткізген.
Қазіргі уақытта күздің соңғы күндеріне де куә болып отырған жайымыз бар. Алдымызда Абай хакім айтқан «кәрі құда» келе жатыр. Мал баққан жанның бар уайымы төрт түлігін көктемге түгел жеткізу екені даусыз. Жергілікті атқарушы билік те шаруалардың қыстан қысылмай шығуына мүдделі екенін айта кеткен абзал.
Аудан бойынша 34 448 бас мүйізді ірі қара мал, 419 431 бас қой, 15 741 бас жылқы, 111 бас түйе тіркелгенін айтады. Ал өңірдегі мал қыстауларының саны – 363.
-2025 жылдың өніміне 22 419 гектар мал азығы орналастырылған. Оның ішінде 40 гектар біржылдық шөп болса, көпжылдық шөп үлесі 20 659 га. 1721 гектар табиғи шабындық шөп әзірленген.
Сондай-ақ төрт түлік мал басын қыстату үшін 164 400 тонна пішен, 7000 тонна пішендеме, 53000 тонна сабан, 40 000 тонна жем дайындалды. Осы көрсетілген мал азығы шаруа қожалықтарының қораларына жиналды. Жиналған мал азығы қорының 10 пайыз көлемі 2025–2026 жылдардағы мал қыстату кезеңі үшін резервтік мал азығы қоры есебінде дайындалды,-дейді бөлім басшысы.
Мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенді қолдауын айқын сезінген шулық шаруалар төрт түлігін төлдетіп, егіндерін шашпай-төкпей жинап алды. Жыл басынан бері 26,5 мың тонна сүт сауылып, өндірілген еттің тірідей салмақта 12, 3 мың тоннаға жеткені жаман көрсеткіш емес.
Елімізде тауарлық несие беру жолға қойылған. Бұл бағытта өңірімізде бәрекелді дерлік жұмыстар баршылық.
– Бүгінгі күнге «Тауарлық несие» жобасы аясында Өндіріс а/о-нен «Атай» шаруа қожалығы оператор болып бекітіліп, 2 азаматқа 50 бас қойдан, 100 бас қой, Қорағаты а/о-нен «Тайшабар» шаруа қожалығы 50 бас қой, Жаңақоғам а/о-нен «Кербұлақ» шаруа қожалығы 10 бас жылқы, Жаңажол а/о-нен «М-Шахмар» шаруа қожалығы 50 бас қойдан 100 бас қой және Бірлік ауылынан «Мадияр» шқ 30 бас қойдан 60 бас қой беріп, жалпы 8 келісімшарт жасалды,-дейді Қ. Құтыбеков.
Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 812 дана ауыл шаруашылығы техникалары тартылған. Атап айтсақ, тракторлар саны – 470, соқалар – 200, қопсытқыштар – 41, дән сепкіштер – 96, тұқым дәрілегіштер – 5.
2025 жылы 127 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, 6,5 пайызға дейін техниканы жаңарту жоспарланған. Оның ішінде 41 трактор, 1 комбайн, 85 басқа техника бар.
Қазіргі таңда жалпы 84 техника сатып алынды деп сендірді бөлім басшысы.
Қорыта айтқанда, жыл ішінде жүйелі шаруалар шешімін тапқан. Бұл орайда сала мамандарының, фермерлердің үлесі зор деуге толық негіз бар. Әр аймақтың озық шаруаларын марапаттаған Мемлекет басшысы асыраушы саладағы шетін мәселелер мен оны шешу жолдарына кеңінен тоқталды. Лауазымды тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктелді.
-Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының ең жоғары мемлекеттік марапатқа ие болуы – заңды құбылыс. Себебі, бұл – халқымыздың нағыз еңбек адамына көрсетіп жатқан зор құрметі және шынайы ықыласы,-деді Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумының қорытындысында.
Байжан Емберді.