Ақпараттық портал

Анкараға жолдама – білім мен ізденістің нәтижесі

Ұлттық руханияттың темірқазығына айналған ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай елімізде түрлі деңгейде игілікті іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде жас өрендердің білімін шыңдауға, ғылыми бағыттағы ізденісін қолдауға арналған республикалық ғылыми жобалар байқауының орны ерекше. Ағымдағы жылдың 10 қазаны мен 10 қарашасы аралығында Еуразия Инновациялық Ғылыми-зерттеу орталығы, Халықаралық ұстаздар ассоциациясы (International Teacher Association), «Хедеф Груп» корпорациясы (Əзербайжан Республикасы), «Келешек жəне білім» орталығы (Анкара, Түркия Республикасы), «Несибе Айдын» мектептері (Түркия Республикасы) жəне Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен, Оқу-ағарту министрлігі мен Орта білім беру комитеті ұсынған үздік педагогикалық тəжірибені жариялау үшін ұсынылған басылымдардың қолдауымен мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында халықаралық ІІІ дəстүрлі «Зейін -2025» ғылыми жоба байқауы ұйымдастырылды.

Аталған додада аудан абыройын асқақтатып, үздік нәтиже көрсеткен жас талант – А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназиясының оқушысы Іңкәр Нұрланқызы Бақтыбай Абай мұрасын жан-жақты зерттеген ғылыми жобасын қорғап, сарапшылардың жоғары бағасына ие болып, 100.000 теңге ақшалай сыйақы және ғылыми жобаға дайындаған жетекшісі 50.000 теңге сыйақыға ие болып, Құрмет грамотасымен және дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, келер жылдың сəуір айында Анкара қаласында өтетін VIII халықаралық түркі елдерінің олимпиадасына қатысуға ресми жолдама алып, өңір намысын әлемдік аренада қорғауға мүмкіндік алды.
– Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды жастар қатысып, әрқайсысы өз саласы бойынша ғылыми жобаларын қорғады. Қатысушылардың жоғары дайындығы, ғылыми жаңалығы мен идея ерекшелігі сынға түскен сайыста шәкіртім жас зерттеуші ретінде көптің ішінен озып шықты. Қазылар алқасы оның ғылыми дәлелдерді сауатты ұсынуы, тақырыпты терең меңгеруі, сөйлеу мәдениеті мен өткізген презентациясының ғылыми деңгейін ерекше атап өтті. Шәкіртім өз жобасында Абай шығармашылығын оқытудың тың тәсілдерін жаңа қырынан қарастырып, ақынның “Масғұт” поэмасын қазіргі заман талабына сай комикс форматында қайта жаңғыртып, оқушылардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға бағыттады. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ғылыми жоба мазмұнының тереңдігімен, өзекті тақырыпты қамтуымен және зерттеу нәтижелерінің нақтылығымен ерекшеленген жұмыстар ұсынылды. Екінші кезеңде ғылыми жобаның презентациясын 7-8 минут қорғап, бейнебаянға түсіріп жолдау тапсырылды. Аталған кезеңдерде оқушымның үздік нәтиже көрсетуі – оның табандылығының, ізденімпаздығының жемісі деп білемін. Жеңімпаз деп танылғаннан кейін бізді Алматы қаласына арнайы шақыртып, марапатымызды табыстады. Сонымен қатар еңбегімізге ерекше қуанышын білдірген мектеп директоры Азиза Тоқсабайқызы арнайы жиында салтанатты түрде құттықтап, ыстық ықыласын білдіргендігіне де алғысымды білдіремін, – дейді жоба жетекшісі, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Зухра Жеңісбекқызы.
Сондай-ақ, ұстаз ғылыми жобаға қатысудың маңызы ең алдымен оқушының өз бетімен ізденуіне жол ашатынын, белгілі бір мәселені зерттеу барысында ақпаратты іріктеуді, талдауды, салыстыруды, дәлел келтіруді үйренетінін, бұл дағдылар болашақ маманға ең қажетті құзыреттер екенін де тілге тиек етті. Ал бұл жобаның маңызды тұсы – ақынның қара сөздеріндегі адам тәрбиесі, ұлттық болмыс, рухани жаңғыру бағытындағы ой-тұжырымдарын жас ғалымдардың ғылыми әдіснама арқылы саралап, заманауи қоғаммен өзара байланысын ашып көрсетуі десек болады.
– Абайды оқу – өзіңді тану. Мен бұл жұмысты бастағанда тек ғылыми жоба жазамын деп ойлаған жоқпын. Ұлы ойшылдың әрбір қара сөзіне үңілген сайын адамдық болмыс, имандылық, тағылым жайлы терең ойға қалдым. Осы ізденісім мені үлкен нәтижеге алып келді. Менің түсінгенім – ғылыми жоба тек бәйгеге қатысу емес, ол болашағыңа жол ашатын үлкен мүмкіндік. Ал осындай мүмкіндіктің иесі еткен ұйымдастырушыларға, мектеп басшылығына және жетекшіме алғысымды білдіремін, – дейді Іңкәр Нұрланқызы.
Соңғы уақыттары аудан атынан халықаралық деңгейдегі додаларға жолдама алып келген жас таланттар туралы жиі естіп, қуанып жатамыз. Жалпы бұдан шығатын түйін – мұндай жетістіктер ауданның ғана емес, жалпы қазақ жастарының мүмкіндігінің зор екендігінің айқын көрінісі. Ал Абайды терең түсініп, оның ілімін ғылыми тұрғыда зерделей білген жас буын барда рухани құндылықтарымыздың өміршеңдігі ешқашан бәсеңдемейді.
Өз кезегімізде Анкарада өтетін халықаралық байқауда жас ғалымға сәтті сапар, толағай жеңіс тілейміз. Білімге құштар, ұлт тарихы мен мәдениетіне жанашыр осындай жас өрендер еліміздің ертеңін жарқын ететініне сеніміміз мол.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.