Студенттер спартакиадасы
Жастар – қоғамның қуатты бөлшегі. Тың идеялармен түрен сала білетін олар елдің ертеңі екені белгілі. Сондықтан жас буынға ұдайы көңіл бөліп, қолдау білдірген абзал. Әсіресе, бос уақыттарын тиімді пайдалана отырып спортты достық дәнекер етудің маңызы зор.
17 қараша күні – Халықаралық студенттер күні кеңінен атап өтілді. Атаулы күнге орай Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты “Жастар ресурстық орталығының” ұйымдастыруымен Шу ауданындағы колледж студенттері арасында «Спорт сенің серігің» тақырыбында спартакиада өткізілді.
Үш кезеңнен тұратын жарыста студенттер оқ бойы озық болуға талпынды. Ал тартысты сайыс қорытындысы бойынша командалық есеппен I орын – №10 Шу колледжіне бұйырды. Шу теміржол колледжі II орынды еншілесе, III орынды №10 Шу колледжінің 2 -командасы қанағат тұтты.
Жеңімпаз командаларға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Белсене қатысқаны үшін алғыс айтылды.
ЖРО директоры әрі аудандық мәслихат депутаты Ғани Қойбағаровтың айтуынша студенттермен байланыс берік орнатылған.
-Шу қаласында 4 колледж бар, оның 1-уі мемлекеттік, 3-уі жекеменшік негізінде жұмыс атқаруда. Аталған оқу орындарында 2025-2026 оқу жылында 1194 студент білім алса, оның 830 грант, 364 ақылы негізде білім алуда. 2024-2025 оқу жылында 270 білімгер оқу бітіріп, оның 99-ы жұмысқа орналасқан,- дейді ол.
Сонымен қатар, ауданда 287 спорт нысаны бар. Дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендері 4. Оның ішінде 2 стадион, 71 спорт зал, 71 футбол алаңы, 139 спорт алаңшасы бар. Аудан көлемінде спорт нысандарына кіру тегін, арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалған.
Байжан Емберді.