Бағаны тұрақтандыру мәселелері қаралды
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалық етуімен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте негізгі азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бағасына қатысты жағдай талқыланды.
Қараша айында қазанмен салыстырғанда азық-түлік емес тауарлар бағасының өсімі 0,9 пайызға дейін баяулады, ал азық-түлік өнімдерінің бағасы өткен ай деңгейінде (1пайыз) сақталды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына арналған баға индексі соңғы төрт апта бойы өзгеріссіз қалып отыр.
Серік Жұманғарин жылыжай көкөністерінің, әсіресе қияр мен қызанақтың маусымдық қымбаттауын ескере отырып, шекарадағы өткізу бекеттерінде түрікмен көкөністеріне шұғыл түрде «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды тапсырды. Бұл шара әсіресе жылыжай өндірісі жеткіліксіз аймақтарды қолжетімді бағадағы көкөністермен тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа жыл мерекелері қарсаңында, 22-31 желтоқсан аралығында, елдегі супермаркеттерде «Bereke fest» акциясы басталады. Акция аясында фермерлерден тікелей жеткізілген әлеуметтік маңызы бар тауарлар төмендетілген бағамен сатылады. Сонымен қатар өңірлерде ауыл шаруашылығы және жаңа жылдық жәрмеңкелердің саны артады: желтоқсан айында еліміздің барлық өңірінде 800-ден астам жәрмеңке өткізілмек. Тек өткен аптада 149 жәрмеңке ұйымдастырылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетіктері бойынша қолданыстағы ережелерге толықтырулар енгізу жұмыстары туралы баяндады.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.