Су үнемдеу технологиясын қолдану ұсынылды
Өткен аптада өңірімізге Қазақстан Республикасының су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов жұмыс сапарымен келген болатын. Сапар барысында ол аудандағы ОМК және СМК реконструкциялау жұмыстарымен танысып, нысанды аралап көрді.
Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков елордадан келген атқамінерге атқарылған жұмыстарды таныстырып, туындап отырған мәселелерді де мәлім етті.
Аталмыш салаға қатысты нақты мәселелер мен сұрақтар аудан әкімі аппаратында өткен жиында да айтылды. Атап айтқанда, диқандар үшін қолайлы саналатын елді мекендердің әкімдері шаруалардың жағдайын вице-министрге айтып, өз ұсыныстарын енгізді.
Өз кезегінде келер жылғы суару маусымы шаруаларға оңай соқпайтынын, диқандардың су үнемдеу технологиясын пайдалану қажеттігін ескертті. Одан бөлек, министрдің орынбасары қазіргі таңда 43 су арнасына жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігерлер анықталып жатқанын айтты. Жыл соңында жеңімпаздар анықталған жағдайда келер жылы жөндеуді қажет ететін бірқатар арналар жаңғыртылады. Естеріңізге сала кетейік, аудан аумағында барлығы – 102 су жүйелерінің нысандары бар. Оның ішінде 3 су қоймасы, 4 су бөгеттері, 1 су торабы және 3 магистралды канал, 91 шаруашылық каналдар бар.
Жиынды қорытындылаған Ерболат Мақсұтханұлы жергілікті атқарушы билікке бірқатар тапсырмалар берді. Вегетациялық кезеңді кемел түрде өткізу қажеттігін қадап айтты.
Байжан Емберді.