Азық-түлік инфляциясының қарқыны бәсеңдеп келеді
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте инфляцияның өзгеру динамикасы мен бағаны тұрақтандыру шаралары қаралды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, азық-түлік инфляциясы екінші ай қатарынан төмендеген, бағаның 0,1% деңгейіндегі дефляциялық үрдіс сақталып отыр. Баға өсімінің баяулауына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары айтарлықтай әсер етуде. Жыл басынан бері бұл тауарлардың бағасы 1,8 пайызға өсті. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде өсім 8,3 пайызды құраған. Яғни, биыл баға өсімі 4,6 есе төмен.
Өткен аптада қант 2,4 пайызға, пияз 1,7 пайызға, алма мен сәбіз 0,9 пайызға, күріш 0,5 пайызға, қой еті 0,4 пайызға арзандады. Ал нан, макарон өнімдері, сары май, тұз және шай бағасы өзгерген жоқ.
Сонымен қатар күннің суытуына байланысты қияр бағасы 4,6 пайызға, қырыққабат пен қызанақ 3,7 пайызға, картоп 2,4 пайызға қымбаттады. Алдағы қыс және көктем айларында жылыжайда өсірілетін көкөністердің бағасын тұрақтандыру мақсатында өндірушілермен тиісті меморандумға қол қойылады.
Бағаны тұрақтандырудың тиімді жолдарының бірі – ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Мұнда өндірушілер өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынады. Бұдан бөлек, 17–27 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде «Bereke Fest» және «Republic Day» акциялары өтуде. Оларға 649 сауда нысаны қатысуда. Акциялар аясында сатып алушыларға күнделікті тұтынатын тауарлар мен сұранысқа ие азық-түлік өнімдері 50 пайызға дейінгі жеңілдікпен ұсынылады.
Кеңес барысында Серік Жұманғарин азық-түлік инфляциясы өскен облыстардың әкімдіктерін тыңдады. Сондай-ақ барлық өңірге ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын арттырып, халық көп тұтынатын азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуді тапсырды.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.