Ағалар ақылы – ұлдарға үлгі
«Даналық мектебі» – ұрпаққа өмірлік тәжірибе мен ұлттық құндылықтарды үйрететін рухани алаң. Мұнда ата мен әженің, аға мен жеңгенің ақылы, даналығы жас ұрпаққа өнеге болып, бойына мейірім, төзімділік және жауапкершілік сезімін сіңіреді.
Даналық мектебі жобасы аясында Жайсан орта мектебінің ұстаздары Гүлнұр Жақсылыққызы мен Айткүл Әуесханқызының ұйымдастыруымен «Ағалар ақылы – ұлдарға үлгі» атты тәрбиелік іс-шарасы өткізілді. Мақсаты – ұл балаларға дұрыс бағыт көрсетіп, азаматтық болмысты қалыптастыруда ағаларымыздың өмірлік тәжірибесін үлгі ету.
Аталған іс-шараға мектеп директоры Ерлан Нұрқасымұлы, алғашқы әскери техникалық дайындық жетекшісі Бағдат Бүркітбайұлы мен ауылымыздың бірқатар ардақты ағалары қатысты. Шара барысында жас ұрпаққа ұлттық дәстүрдің тамаша үлгілері таныстырылды.
Санат Мақашұлы ұлттық дәстүріміздің көрінісі – асықты таныстырып, оның тәрбиелік мәнін әсерлі жеткізді. Асық ойынының тарихы мен маңызын атап қана қоймай, әр қадамды тәжірибемен түсіндіре білді. Сабит Молданұлы мен Мейірман Сембайұлы арқан байлаудың бірнеше тәсілін көрсетті. Арқан байлау тек техника емес, ол – ұлттық дәстүріміздің жарқын көрінісі. Ағаларымыз әр әдісті шеберлікпен көрсетіп, оның мәні мен маңызын түсіндірді. Қатысушылар тек қол икемін дамытып қана қоймай, шыдамдылыққа, дәлдікке және ұқыптылыққа үйренді.
Ержан Ерланұлы қауіпсіздікті сақтай отырып, шеге қағу мен суыру әдістерін көрсетті. Балға, балта сынды құралдарды қалай ұстау керектігі жөнінде көрсетті. Бұл тәжірибе ұлдарға еңбек дағдыларын меңгеруге, ұлттық дәстүрімізді бағалап, өз қолымен белгілі бір дүние жасауға деген қызығушылықтарын арттырды. Әрбір әрекет пен қимыл бойға төзімділік, ынтымақ пен шеберліктің маңыздылығын жеткізіп, жастардың бойына батылдық пен жігер дарытты.
«Өмір мектебі» атты сұхбат алаңында Дидар Сержанұлы жас ұлдарға тәлім-тәрбиелік мәні мол өмірлік кеңестер айтты. Ағалардың ақылы, терең тәжірибесі мен даналығы тыңдаушылардың жүрегіне жол тауып, оларды ойландырумен қатар, ұлттық құндылыққа, патриоттық сезімге баулыды.
Іс-шара соңында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сауле Сүйебайқызы ағаларға алғыс айтып, ағалардың үлгісі мен тәжірибесінің бағалы екендігін жеткізді.
Бұл шара тек ойын мен көріністерден тұрмай, ұрпаққа өнеге, даналық пен рухани азық беретін алаңға айналды. Барлық қатысушылар өз жүрегінде береке, мейірім және ұлттық дәстүрге деген құрмет сезімін терең ұғынып, есте қаларлық сәттермен тарқасты. Әрбір көрініс пен сөз жас ұрпаққа өмірлік сабақ, ұлтқа деген сүйіспеншілік пен азаматтық парызды бойына сіңіретін тәжірибе болды.
Мадина Даулетказина,
Жайсан орта мектебінің ұйымдастырушы педагогі.