Тәуелсіздік – жас ұрпақ рухымен асқақ
16 желтоқсан – әрбір қазақстандықтың жүрегінде ерекше орын алатын, ел тарихындағы ең қастерлі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Осы ұлы мерекеге орай аудандық білім бөліміне қарасты Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен жылдағы дәстүрге сай «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты аудандық үстел теннисінен жарыс жоғары деңгейде өтті.
Аталған спорттық шараға 2012–2016 жылдар аралығында дүниеге келген жасөспірімдер қатысып, өзара шеберлік пен ептіліктің, жылдамдық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Жарыс жас спортшылар үшін тек жеңіс пен жүлде жолындағы бәсеке ғана емес, тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде рухты нығайтып, отансүйгіштік сезімді тереңдететін тағылымды алаңға айналды.
Турнирдің басты мақсаты – Тәуелсіздік күні мерекесін кеңінен дәріптеу, аудан мектептері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттау, жасөспірімдерді спортқа баулу және үстел теннисі ойынына деген қызығушылықты арттыру болды. Шара барысында жас қатысушылардың спортқа деген құлшынысы, жеңіске деген жігері мен табандылығы айқын көрініс тапты. Осындай спорттық жарыстар балалардың бойына тәртіп пен жауапкершілікті, жеңіске деген сенімді, бірлік пен достықты сіңіреді. Үстел теннисі арқылы шыныққан жасөспірімдер өздерінің физикалық дайындығын ғана емес, рухани мықтылығын да көрсете білді. Жарыс нәтижесінде жалпы командалық есепте бірінші орынды Сәду Шәкіров атындағы орта мектеп, екінші орынды Қонаев атындағы орта мектеп, үшінші орынды Жиенбет негізгі мектебі жеңіп алды. Ал алдыңғы бірінші орыннан көріне білген оқушыларды атап айтар болсақ, С.Шәкіров атындағы орта мектептен Дарын Таңатар, Балауса Бахытбай, Жансая Сұлтанхан, Жиенбет негізгі мектебінен Інжу Әлпи, Қонаев атындағы орта мектептен Дария Мамырхан, Нурислам Усен, №2 балалар жасөспірімдер орталығынан Нүркен Нұрымұлы және Оқушылар сарайынан Нұрхат Асхатұлы жеке дара чемпиондықты жеңіп алды. Жарыс соңында жеңіс тұғырынан көрінген қатысушылар Оқушылар сарайы атынан ұйымдастырылған дипломдарға, кубоктар мен медальдарға ие болды.
– Тәуелсіздік күніне арналған бұл жарыс біз үшін өте әсерлі өтті. Үстел теннисі арқылы өз шеберлігімізді шыңдап қана қоймай, елдің тәуелсіздігін құрметтеуді, жеңіске деген жігерді сезіндік. Осындай жарыстарға қатысу бізді алға ұмтылдырып, спортқа деген қызығушылығымызды арттырады. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – дейді жарыс қатысушысы.
«Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты бұл жарыс жас спортшыларға шабыт сыйлап, ел болашағына деген сенімді нығайтты. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын биікке көтеретін, рухы мықты, дені сау ұрпақ тәрбиелеу жолындағы мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.
Балнұр Жексенбекқызы.