Ақ халат – мәртебе емес, жауапкершілік
Ақ халатты алғаш киген күнім әлі күнге дейін есімде. Ол – балалық арманымның орындалған сәті еді. Отбасымда дәрігер болу арманы алғаш рет менде ғана емес, әкем мен анамда да болған. Өз дәуірлерінде қалаған мамандыққа түсе алмағанымен, менің медицинаға деген ықыласымды көріп, барынша қолдау білдірді.
Мен 2000 жылдың 26 тамызында Шу ауданы, Төле би ауылында дүниеге келдім. 2005 жылы М.Әуезов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, үздік оқушылар қатарында болдым. Алтын белгіге үміткер атансам да, біздің бітіру жылымызда ҰБТ форматы өзгеріп, 125 баллдан 140 баллға өткендіктен, ата-анам мен ұстаздарымның үмітін ақтай алмай қаламын ба деген қорқынышпен өз еркіммен алтын белгіден бас тарттым. Дегенмен, бұл шешімге өкінбеймін, себебі алтын белгі алмағаныммен, жоғары көрсеткішке қол жеткіздім.
Ата-анам жетпеген мақсатқа мен жеткім келіп, олардың маған деген сенімі мен жігері бойыма күш беріп, 2017 жылы Қарағанды медицина университетіне мемлекеттік грант негізінде оқуға түстім. Танымайтын қала, туыстық қолдаусыз орта, 17 жас — барлығы да жаңа әрі күрделі кезең болды. Алайда мамандыққа деген сүйіспеншілік пен білімге деген талпыныс 7 жылдық оқу кезеңін нәтижелі әрі мазмұнды етті.
Қазіргі таңда туған жерімде — Шу аудандық орталық емханада жалпы тәжірибелі дәрігер ретінде еңбек етіп келемін. Қызметте жүргеніме бір жылдан асса да, алғашқы кезең жеңіл болмады. Жаңа орта, жаңа міндеттер, науқастар алдындағы үлкен жауапкершілік — барлығы кәсіби бейімделуді талап етті. Уақыт өте келе түрлі клиникалық жағдайларды көріп, тәжірибе жинақтап, маман ретіндегі дағдыларымды жетілдіре бастадым. Маған мотивация берген маңызды фактордың бірі — мемлекет пен аурухана басшылығының қолдауы. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы Төле би ауылынан өз үйімді алдым. Бұл менің ауыл медицинасына адал қызмет етуге деген сенімімді күшейтті.
Медицина — үздіксіз дамуды қажет ететін сала. Мен де күн сайын білімімді толықтырып, тәжірибемді жетілдіріп, дәлелді медицинаны практикама көбірек енгізуге тырысып жүрмін. Жас маман болғандықтан, кей пациенттер мені алғашында мейірбике деп ойлап, кейін қателескенін түсінген соң кешірім сұрайтын сәттер де болып тұрады. Бұл — күлімсіреп еске алатын қызық жағдайларымның бірі. Айта кетерлігі, өзім тек Төле би ауылына қызмет көрсетсем де, Сауытбек, Далақайнар, Шоқпар ауылдарынан арнайы келіп қаралатын пациенттерім бар. Мен үшін бұл — үлкен сенім, үлкен жауапкершілік және өз жұмысымның нәтижесін сезінудің ең бағалы көрсеткіші. Туған жерімнің халқына қызмет етіп, денсаулық сақтау саласына үлес қосу — мен үшін үлкен мәртебе.
…Қазір мен тек дәрігер ғана емес, жар, ана рөлінде де өмір сүріп келемін. Осы екі бағытты қатар алып жүру – үлкен жауапкершілік. Бірақ осының бәрін тең ұстап, тепе-теңдікте жүре алуымда жолдасымның рөлі зор. Ол әрдайым қолдау көрсетіп, кәсіби дамуыма кедергі жасамай, керісінше жігер беріп отырады. Отбасындағы қолайлы орта мен түсіністік – менің маман ретінде өсуіме үлкен күш. Сондай-ақ, ата-енемнің көмегін ерекше атап өткім келеді. Немерелерін қарап, менің жұмысымды, уақыт режимімді түсініп, барынша қолдау көрсетуі – бағасын білетін, алғысты қажет ететін үлкен еңбек. Олардың осы қамқорлығы мен сенімінің арқасында мен өз міндетімді абыроймен атқарып, кәсіби жолымды тоқтатпай жалғастырып келемін. Әйел адам үшін отбасы мен жұмысты қатар алып жүру – оңай жол емес. Бірақ жанымда қолдау көрсететін адамдар барда, өз ісіме деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік одан сайын арта түседі.
Туған жерімнің халқына қызмет етіп, денсаулық сақтау саласына үлес қосу — мен үшін үлкен мәртебе.
Айжан Кемелханова,
Шу аудандық орталық емханасының
жалпы тәжірибелі дәрігері.