Ақпараттық портал

Елеулі еңбек абырой төріне шығарады

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Ауыл шаруашылығы техникалары мен «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларының өнімдері аудандық мәдениет үйінің фойесіне көрме ретінде қойылды. Асыраушы саланың жыл қорытындысы саналатын басқосуда өңірдің шаруалары мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлері құрметке бөленді.

Нағыз еңбек майданындағы жерлестерімізге жүрекжарды лебізін жеткізген аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков агроөнеркәсіп кешені саласындағы ауданның жетістіктерін жоғары бағалады.
-Ауыл шаруашылығы – ата-бабамыздан аманат болып қалған қасиетті кәсіп. «Жер – ырыстың кіндігі» деп қастерлеген халқымыз жерді анаға теңеп, оған адал қызмет етуді парыз санаған. Көктемде жер жыртып, дән сепкен диқанның, төрт түліктің қамын жасап, елдің қазынасын көбейткен малшының еңбегі – елдің еңсесін көтеріп, мемлекетіміздің берік іргетасын қалыптастырып келеді.
Бүгінде ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы жүйелі даму жолына түсті. Биылғы жылы да бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Егіннің шығымдылығы артып, мал шаруашылығы саласында өсім байқалды, жаңа технологиялар мен заманауи әдістер енгізілуде. Бұл жетістіктер «Көптің ісі – көл» дегендей, бірлікпен атқарылған еңбектің жемісі,-деді аудан басшысы.
Мұнан кейін кезек марапаттауға берілді. Ең алдымен, Бәйдібек ауылының байырғы тракторисі Шолпанқұл Шынболатов «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбеков «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, ҚР АШМ Құрмет грамотасына Ж.Тәжиев пен А. Рүстемов ие болды.
Салтанатты жиын барысында бірқатар шаруақожалық иелеріне Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Ауданның дамуына қосқан үлесі мен көпжылдық еңбегі үшін 12 шулық азаматқа «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен бағалы сыйлықтар сертификаты тапсырылды. Олардың қатарында 40 жыл бойы Балуан Шолақ ауылында ірі қара мал бақташысы болған Батыр Кішкентаев бар. Еңбек иесіне тоңазытқыш тарту етілді.
Осы салаға сүбелі үлес қосып, маңдай терін төккен 10 жерлесіміз аудан әкімінің Құрмет грамотасына ие болып, бағалы сыйлықтарға қол жеткізді. Тағы 5 азамат аудан әкімі қолынан Алғыс хат алды.
Мінберге көтерілген мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те ауыл шаруашылығы саласына сіңіріп жүрген көпжылғы жемісті еңбектеріне алғыс ретінде бірнеше азаматқа Шу ауданының Құрмет грамотасын табыс етті. Оған қоса, барлығына қой қырқу машинасының сертификатын табыстады.
Бұған қоса, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбеков он шақты шулықты Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттармен марапаттады.
Құрметке ие болған ауыл шаруашылығы қызметкерлері аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған сазды бағдарламаға куә болды. Онда Мәдениет саласының қайраткері мен үздігі Жанат Досжанова мен Бақытжамал Қосыбаева бастаған алдыңғы толқын мен жас әншілер әннен шашу шашып, қошеметке бөленді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.