Жат құрсақты «жалға» алса, тұқымымыз тұздай құриды
Жақын күндері «Хабар» телеарнасынан шетелдіктерге алданған суррогат аналар көбейіп, арты дау-дамайға ұласып жатыр деген жаңалықты көріп, жағамды ұстап, сұмдық демеске лаж қалмады. Қазақстанда шетелден келетін тапсырыс бойынша суррогат аналық қызметтерге қатысты заңсыз әрекеттер белең алды. Жатырын жалға беретін құрсақ аналар соңғы кезде көбейе бастады. Шетелге шығып, шетел азаматтарына сәби сыйлайтындар қылмыстық іске жататын тірлікті кәсіпке айналдыра бастаған. Оларға клиент тауып, қызмет ұсынатын арнайы компаниялар да көбейген.
Біздің кейіпкеріміз Карина Лидияева осыдан 10 күн бұрын қытайлық сәбиін дүниеге әкелген. Қомақты қаржыға кенелемін деп аспан асты елінен ұрық салдырып келген ол ақысын алмақ түгілі, тоғыз ай толғатып көтерген баласын иесіне табыстай алмай жүр. «Келісілген соманы ала алмаған бұл бірінші жағдай емес. Біздің елде мұндай қыз-келіншектер көп» дейді оның адвокаты. Себебі, бір қытайлық еркек бір мезетте төрт балаға тапсырыс бергені анықталған деректер бар. Әзірге елімізде 30-дан астам суррогат ана анықталған. Ал, анықталмағаны қаншама?! Жұмбақ жүктіліктің артында адам ағзасы саудасымен байланысты шиеленіскен қылмыстық әрекеттер мен басқа да кілтипан жасырынуы мүмкін деп отыр. Тіпті, шымкенттік бір келіншек қызметі үшін қомақты қаржы алмақ түгілі, жеке бас қауіпсіздігіне зар болып қалған.
«Жүре берсең, көре бересің» демекші, ата-бабамыздың ойы түгіл түсіне кірмеген сұмдықтарды көріп, бас шайқағаннан басқа амал қалмай отыр. Қомақты қаржы алу үшін танымайтын біреудің ұрығын құрсағына салғызып, бала туып беремін деп оңай ақша тапқысы келетін әйелдерді қайтіп ана деп атауға болады?! Хакім Абай: «Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» дегенді асқан көріпкелдікпен айтса да бәрін заманға артып, ыңғайы осылай болып жатыр деп, бәріміздің ой-санамызды қу дүние жаулап алған сыңайлы. Оңай әрі тез, жан қинамай ақша табудың неше түрлі амалдарының ендігі қалғаны ұлттық қазақы дәстүр-салтымызды тәрк етіп, өз-өзімізді адам емес, қажетті құрал ретінде көріп, өзімізді пайдаланатын, саудалайтын халге жеттік. «Жойылу мен құрдымның алдында ар, намыс жоғалады» дегенді айтқан Шерағаңның көкейінде талай түйткілдің айтылмай кеткені анық.
Ұлы дала ұрпағы еркіндік алып, тәуелсіз ел болғанымызға да ширек ғасыр бопты. Дала даналығы біздің санамызға талай нәрсені құйып, үйретсе де құбылып шыға келдік. «Заман құбылды» деп өз болмысын өзгертіп, ұлы даланың қазақы тіршілігіндегі бағзылықтан жалғасып келе жатқан ата дәстүріміздің түрлі жақсы қасиеттерінің азайып бара жатқанын да байқауға болады. Жоғарыда айтылған қазақы сөз даналығындағы «Ана» деген ардақты атқа кір шалдырып, өзгелер сүйсініп қарайтын ұлттық салт-дәстүрімізді тәрк етіп, өзге ұлт өкілдеріне бала туып беретін қыз-келіншектердің қылығы құрдым мен жойылудың алғышарттары емей, немене? Ана деген ардақты аттан садаға кетіп, бүкіл ұлттық намысымыз тапталып жатқан жоқ па?!
Бізде «ана құқығы», «бала құқығы» «зорлық-зомбылық» деген атаулармен түрлі заң нормалары бірінен соң бірі шығып жатыр. Еркін елдің ертеңін ойлайтын іс басындағы жөн-жоба көрсететін сауатты да білімді азаматтар заң тетігінің бұрандасын қисынды жерде бұрап қойса, ұлт алдындағы парызын орындағанының жемісі деп білуге болар еді. Алдыңғы қатардағылардың жіберген қателіктеріне келешек ұрпақ тас атып, қарғыс айтып жатса, кімді кінәлаймыз? «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін, «Қыз намысы – ұлт намысы» деп қызын қызғыштай қорып, әлпештеп өсірген, бәрінен ар-намысты жоғары қоятын халықтың ұрпағы емес пе едік?!
«Өкіл әке», «өкіл шеше», «өкіл қыз», «өкіл бала» деген секілді атаулар болған, болып та жатыр. Ал, бірақ «құрсақ» деген сөздің тіркесіне «ана» деген ардақты сөзді қосып айту, ата-бабамыздың салтымен қалыптасқан ұлттық құндылығымызды әлсіретіп тұр деуге болады. Ықылым замандарда жау қолында қалдырмас үшін басқа дүниені емес, баланың бесігін ала қашқан аналарымыздың ерлікке толы даналық істерінің уызымен дарыған ұлттық құндылықтарымыз құлдырап бара жатыр ма деп уайымдайды екенбіз. Адами сезім, қуаныш, жақсы көру, сүйіспеншіліксіз құлқынның құлы болып ақша үшін бәріне барып жатқан қазақ қыз-келіншектерінің бойында «қазақ қызы» деген намысы жоқ болып тұрғаны ма? «Тәрбие – тал бесіктен» басталатынын ескерсек, осындай ұлтқа қауіпті істердің белең алуы тәрбие жағы ақсап бара жатқанының көрінісі деуге болады.
Көрші қырғыз елінің басшылығы тәуелсіздік алғалы бері нақты есеп жүргізіп, соңғы кезде 60 мың қырғыз қыздарының қытай азаматтарына күйеуге шыққанын анықтаған. «60 мың қытайлықтан үш жылда қанша бала дүниеге келетінін есептегенде бірер жылда қытайланған балалардан дүбәра қырғыз тілі тұрмақ, қырғыз түрінен айырылып қаламыз» деп дабыл қағуда. Үлкен қорқыныштың дендеп кіріп жатқанына алаңдаушылық жасап, елдегі азаматтық некеге және басқа да мәселелерге жұмсақ заңның баптарын қатайтып, жаңа заң қабылдауды талап етіп жатыр. Қырғыз ағайындардың жанайқайы бос әурешілік емес екенін біліп отырсақ та дүбәра күйде қашанғы отырар екенбіз?
Қазақстан Орталық Азияда көш бастап, халықаралық инновациялық шаралар өткізу бойынша Еуропадағы үздік 35 елдің қатарына енді деп мақтанып жатырмыз. Мәдени тірлігімізге «құрсақ ана» болып, бөтендерге бала жасап беретін істеріміз де есепке кірген сияқты. Қазақ қыз-келіншектерін түрлі мақсатта зат сияқты пайдаланып жүрген келімсектерге жол ашып беріп жүрген өз қандастарымыздың қылықтарына қатал түрде тұсау салатын ата заңымыздың сындарлы баптары керек. «Дүниеде өзгеге күлкі болғаннан артық қорлық жоқ» деп айтқан бабаларымыздың «өлімнен қорықпа, күлкіге қалудан қорық» деген астарлы сөзінде қаншама мән-мағына барына үңіле қарап, пайымды байламдар жасап, ұлттық құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Айтылмақ ой, сарапталған пікірлер әлі де айтыла жатар. Ұлдарымыздың ынжық, қыздарымыздың қырсық болуының бәрі бетімен кеткен тәрбиенің кесірі екенін біле жүріп «Ойланайық ағайын!»
Несіпхан Қоңырбаев.