Діни ахуалға бағытталған басқосу
Қоғам үшін діни ахуалдың тұрақты болуы аса маңызды. Өйткені, ұрпақ болашағына балта шабатын жат ағымдар белең алған шақта барынша абай болған абзал. Сондықтан діни бірлестік өкілдерімен жиірек кездесіп, толғандырған мәселелерінің түйінін шешуге атсалысу міндетті. Осы мақсатта аудан әкімдігі жанында діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңес отырысы жұмыс істейді.
Өткен аптаның ортасында Шу ауданында діни ахуал талқыланған арнайы жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев төрағалық еткен отырысқа аудандық АТТ мүшелері, қала мен ауылдық округі әкімдері, дін өкілдері, жастар ресурстық орталық қызметкерлері, ардагерлер кеңесі мен құқық қорғау органдары қатысты.
Келелі кеңес барысында ауданның діни ахуалы, діни бірлестіктермен ынтымақтастықты нығайту, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері талқыға салынды.
Отырыстың күн тәртібінде 2025 жылғы дін саласында атқарылған жұмыстар, Төле би ауылдық округі әкімі аппаратының сала бойынша жұмыстары мен Жастар ресурстық орталықтары ұйымдастырған іс-шаралардың есептері тыңдалды. Сонымен қатар мешіт имамдарына сөз берілді.
Сөз кезегін алғандар өздері тарапынан жүзеге асырған жұмыстарды жіпке тізіп, мәселелерін ортаға салды. Жиылғандардың сұрақтарына жауап берілді. Сонымен қатар жиында жастарды деструктивті діни ағымдардан қорғау, діни сауаттылықты арттыру және рухани құндылықтарды нығайту мәселелеріне ерекше мән берілді.
Кеңес қорытындысы бойынша қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау бағытында бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Діни бірлестіктер мен жергілікті атқарушы органдар, өзге де мекемелермен байланысты бекіте түсу керектігі ескертілді.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Т.Дүрмановтың айтуынша, аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес отырысы жылына бірнеше рет өткізіледі. Әрбірінде күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданады.
Байжан Емберді.