Абыз ата
Біздің Баукең аңыз адам болыпты,
Туғанына жүз он бес жыл толыпты.
Ата-баба дәстүр салтын ұстанып,
Болашақты жарқын жүзбен шолыпты.
Біздің Баукең нағыз батыр шынымен,
Артық болмас қайталасам мұны мен.
Қуанғанда еліменен қуанып,
Күрсінген ол өзі ұлтының мұңымен.
Ұлы Отан соғысына қатысты,
Дұшпанымен арыстандай алысты.
Жан берісіп, жан алысқан майданда,
Сақтап қалды жүректегі намысты.
Қорыққанды, қысылғанды білмейді,
Сын сағатта әзіл айтып күлмеді.
«Алтын Жұлдыз» тақпаса да соғыстан,
Бір сәтке де көз шырынын ілмеді.
Тәртіп болған ол кісінің ұраны,
Әспеттейді ақындардың жыр-әні,
Көрінеді күре жолдың бойынан,
Тасқа жазған өсиеті тұр әлі.
«Тәртіпсіз ел болмайды» – деп, нықтаған,
Басшылықтың ызғарынан ықпаған.
Баукең деген хас батыр ғой туғанынан,
Қазақтағы ұлт жақтаған мықты адам.
Ана тілін ардақтаудан қайтпады,
Өзге тілді өгей тіл деп айтпады,
Шетел асып, дәріс беріп әскери,
Қайда жүрсе ел үмітін ақтады.
Ұлықтаған ұлтымыздың бесігін,
Бұл жағдайға көңіл бөлсе несі мін,
Туған халқы құрметтейді Баукеңді,
Қойып жатыр ұлдарына есімін.
Баукең жайлы талай кітап жазылған,
Қаламгерлер мәртебесін асырған.
Бейбіт кезде қалам алып өзі де,
Сыр тартқан ғой жиырмасыншы ғасырдан.
Біздің Баукең абыз ата ардақты,
Сөздері де, істері де салмақты.
Ұстаздардың ұстазындай көрінер,
Бар ғұмырын тәрбиеге арнапты.
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.