Бас дәрігер қалдырған дара қолтаңба
Төле би ауылында бой көтерген, бүгінде тұтас өңірдің денсаулығы үшін қызмет етіп отырған «Айдар Мұқатаев» атындағы медициналық орталық – бір азаматтың өмірлік ұстанымы мен адамгершілік мұратынан туған тағылымды мекеме. Бұл орталық – тек заманауи аппараттар орнатылған диагностика орны ғана емес, елге адал қызмет етудің, ақ халатқа деген шынайы құрметтің символы.
«Айдар Мұқатаев» атындағы медициналық орталық 2018-2019 жылдары жұмысын бастады. Оның негізін қалаушы Мұқатаев Айдар Жаңбырбайұлы – саналы ғұмырын аудан медицинасының дамуына арнаған, ел алғысына бөленген, абыройлы дәрігер, білікті басшы, шебер хирург, жоғары білікті маман еді. Ол ұзақ жылдар бойы Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқара жүріп, аудан медицинасын жаңа деңгейге көтеруге өлшеусіз үлес қосты.
Айдар Жаңбырбайұлы басшылық еткен жылдары халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында үлкен аурухана мен емхана салынды. Бұл – сол кезең үшін аудан өміріндегі айтулы оқиға болды. Мыңдаған тұрғындар жаңа аурухананың игілігін көріп, сапалы медициналық көмекке қол жеткізді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, медицина саласындағы терең білімі мен адамға деген жанашырлығы арқасында аудандық денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай ілгеріледі.
Оның еңбегі еленбей қалған жоқ. Айдар Жаңбырбайұлы медицина саласына қосқан зор үлесі үшін Ұлттық медициналық ассоциация тағайындаған «Алтын дәрігер» атағына ие болды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Аудан мен облыс деңгейінде де оның еңбегі жоғары бағаланып, түрлі марапаттар берілді. Ең бастысы, ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанғаны. Осы тұста атап өтерлігі, елімізде 2019 жылы ауыр жағдай орын алып, «COVID-2019» атауымен вирустық жұқпалы ауру тарағаны баршаға мәлім. Аталған дерт біздің де өңірді айналып өтпеді. Бұл жағдайда, әсіресе, медицина саласының мамандары аяқтан тік тұрып, тәулік бойы жұмыс жасағаны белгілі. Ауданда вирустық инфекцияға қарсы тұруда, ауырғандар дертіне ем қондыруда Айдар Жаңбырбайұлы бас дәрігер ретінде ерен еңбек көрсеткен еді. Сол жылдары өзі де өмірмен қош айтысып, жоғарыда аталған ІІ дәрежелі «Барыс» ордені бас дәрігерге өмірден өткен соң, «COVID-2019» коронавирустық инфекциясымен күресі үшін тағайындалған болатын. Бұл марапаттар – оның кәсіби біліктілігінің ғана емес, ел алдындағы адал қызметінің айқын дәлелі.
– Жолдасымның бала кезінен зерек, оқуға құштар, айналасындағыларға үнемі жанашырлықпен қарайтын, қол ұшын созуда аянбайтыны туралы ата-анасы әрдайым айтып отыратын. Мектепті де «Алтын белгіге» аяқтап, жоғарғы оқу орнында да үздік дипломға қол жеткізген. Бұл оның ата-анасының берген тәрбиесі деп білемін. Өйткені, оның әкесі мен анасы да білім жолын қуған, өз мамандығының майталмандары болды. Айдар Мұқатаевты тек Шу өңірінің халқы ғана емес, алыс-жақын қалалар мен ауылдардан арнайы іздеп келетіндер де көп болатын. Себебі, ол – мықты хирург, өз ісінің хас шебері ретінде ел жадында сақталды. Талай күрделі операциялар жасап, талай науқастың өміріне араша түсті. Оның қолынан шипа тапқан жандардың алғысы әлі күнге дейін айтылып келеді, – дейді жұбайы Жаннат Ермаханбетқызы.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметінен абыроймен зейнетке шыққаннан кейін де Айдар Жаңбырбайұлы халыққа қызмет етуді тоқтатуды ойлаған жоқ. Керісінше, зейнеттік демалыста да елдің денсаулығына пайдалы болсам деген асыл арманы оны жеке медициналық орталық ашуға жетеледі. Осылайша, заманауи диагностикалық аппараттармен жабдықталған орталық ашып, өзі де сол жерде дәрігерлік қызметін жалғастыруды жоспарлаған екен. Алайда, тағдырдың жазуы басқа болып, ол бұл арманын толық жүзеге асыра алмай, мезгілсіз өмірден өтті. Дегенмен, оның бастамасы, оның идеясы мен мақсаты бүгінгі таңда өміршеңдігін жоғалтқан жоқ.
Қазіргі уақытта орталықтың тізгінін оның өмірлік жары – Жаннат Ермаханбетқызы Қостутинова ұстап отыр. Ол орталықтың директоры ретінде марқұмның ісін лайықты жалғастырып, мекеменің тұрақты әрі сапалы жұмыс істеуіне бар күш-жігерін салуда. Жаннат Ермаханбетқызы үшін бұл қызмет – тек басқару емес, жарының аманатына адал болу, оның халыққа деген сүйіспеншілігін жалғастыру жолы. Сонымен қатар, дәрігердің ұлы Жаңбырбаев Дәулет Айдарұлы әкесі өмірден өткен соң, анасына үлкен қолдау көрсетіп, оның қайтадан аяқтан тұруына, еңсесін көтеріп, әкесі негізін қалаған орталықтың жұмысын бірге жалғастыруға, жандандыруға күш сала білді. Медициналық орталықтың ғимаратын үлкейтіп, кабинеттер қосып, ішін ең маңызды медициналық құрылғылармен толықтырған да осы мұрагері екендігін айтқымыз келеді. Дәулет Айдарұлы да әке жолын жалғап, медициналық мамандықты меңгеріп шыққан дәрігер. Аудандық емханада дәрігер ретінде бір жылдай жұмыс атқарып, кейін әкесінің алдына қойған мақсатын ары қарай жүзеге асыру үшін орталыққа көбірек көңіл бөлуді жөн көріп, ондағы дәрігерлік жұмысын тоқтатады.
Орталық директоры Жаннат Ермаханбетқызы Қостутинова медициналық орталықтың тыныс-тіршілігі туралы әңгімелегенде, ең алдымен бұл мекеменің рухани маңызына тоқталады.
— Бұл орталық мен үшін жай ғана жұмыс орны емес. Бұл – Айдар Жаңбырбайұлының халыққа қалдырған аманаты. Жолдасым өмір бойы «дәрігердің басты міндеті – адамға адал болу» деп айтып отыратын. Біз осы қағиданы орталықтың басты ұстанымына айналдырдық. Әрбір науқасқа туғаныңдай қарау, нақты диагноз қою, уақыт оздырмай көмек көрсету – күнделікті жұмысымыздың өзегі. Айдар Жаңбырбайұлы тірі болғанда үнемі «медицина бір орында тұрмайды, біз де үнемі ізденісте болуымыз керек» деп айтатын. Біз сол жолдан таймаймыз. Бұл орталық әлі талай жыл халыққа қызмет етеді деп сенемін, – дейді Жаннат Ермаханбетқызы.
Медициналық орталықтың басты артықшылығы – заманауи жоғары технологиялы диагностикалық аппараттармен толық жабдықталуы. Соның ішінде ең маңыздысы әрі бірегейі – магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппараты. Бұл құрылғы адам ағзасының ішкі құрылымдарын сәулеленусіз, яғни магнит өрісі мен радиотолқындар арқылы өте жоғары дәлдікпен бейнелейтін диагностикалық құрал. МРТ рентген сәулесін қолданбайды, сондықтан радиациялық қауіп-қатері жоқ, адам ағзасына зиянсыз.
МРТ аппараты арқылы мидың, жұлынның, буындардың, бұлшықеттердің, байламдардың, ішкі ағзалардың және басқа да жұмсақ тіндердің құрылымын анық әрі нақты көруге болады. Бұл көптеген ауруларды ерте кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Ерекше атап өтерлігі, мұндай аппарат Шу ауданында тек осы орталықта ғана бар. Бұған дейін аудан тұрғындары МРТ-дан өту үшін Тараз қаласына сабылып баратын. Ал, бүгінде яғни соңғы алты жыл бойы жергілікті халық өз өңірінде, тиімді бағада әрі сапасы жоғары аппаратқа түсіп келеді. Бұл құрылғы тек Шу ауданына ғана емес, Мойынқұм, Қордай сияқты көршілес аудандардың тұрғындары үшін де қолжетімді. Сондықтан орталыққа күн сайын алыс-жақын өңірлерден келушілер көп. Орталық директорының айтуынша, МРТ және компьютерлік томография (КТ) аппараттары арқылы науқастар тәулік бойы қабылданады.
Мұндағы тағы бір маңызды аппараттың бірі – компьютерлік томография. Ол – ағзаның ішкі құрылымдарын рентген сәулесі арқылы қабат-қабат кескіндеп көрсететін жоғары дәлдіктегі диагностикалық әдіс. КТ әсіресе, сүйек құрылымдарын, өкпе ауруларын, ішкі қан кетулерді, ісіктерді, жарақаттарды анықтауда таптырмас құрал. Жедел жағдайларда, апаттар мен жарақаттар кезінде КТ диагноз қоюды жылдамдатып, өмірді сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Орталықта сонымен қатар ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) аппараттары жұмыс істейді. УЗИ – адам ағзасын ультрадыбыстық толқындар арқылы зерттейтін қауіпсіз әрі кеңінен қолданылатын әдіс. Бұл аппарат арқылы іш қуысы ағзалары, бауыр, бүйрек, жүрек, қалқанша без, жүктілік кезіндегі ұрықтың дамуы және басқа да көптеген мүшелер тексеріледі. Сонымен қатар адам ағзасының маңызды бөлігі жүректі дәлдеп түсіретін УЗИ аппараты да сапалы қызмет көрсетуде.
Функционалдық диагностика кабинеті де орталықтың маңызды бөлімдерінің бірі. Мұнда ағзалардың қызметтік жағдайын анықтайтын түрлі зерттеулер жүргізіледі. Соның ішінде электрокардиография (ЭКГ) – жүректің электрлік белсенділігін тіркеп, жүрек ырғағының бұзылыстарын, ишемиялық ауруларды анықтауға мүмкіндік береді. Одан бөлек, мұнда электроэнцефалография (ЭЭГ) да бар. Ол арқылы мидың электрлік белсенділігін зерттеп, эпилепсия, бас миының зақымдануы сияқты ауруларды дер кезінде анықтауда қолданылады.
Одан бөлек, орталықтағы СМАД құрылғысы артериялық қан қысымын тәулік бойы автоматты түрде өлшеп, гипертониялық ауруды анықтауға, емнің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Тағы сол сияқты «Холтер» деп аталатын маңызды құрылғыны да осы жерден табуға болады. Холтерлік мониторинг жүрек ырғағын тәулік бойы бақылап, жасырын аритмияларды, жүрек жұмысындағы уақытша өзгерістерді анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар мұндағы спирография аппараты арқылы өкпенің тыныс алу қызметі тексеріледі. Бұл әдіс бронхиалды астма, созылмалы өкпе аурулары, тыныс алу жолдарының тарылуы сияқты сырқаттарды анықтауда аса маңызды.
Жаннат Ермаханбетқызының айтуынша, орталықтағы әрбір аппаратта өз ісін жетік меңгерген білікті мамандар қызмет көрсетеді. Олар бұл аппараттармен жұмыс істеу үшін Айдар Жаңбырбайұлының бастамасымен алты жыл бұрын арнайы оқытудан өтіп, сертификатталған. Бұл – көрсетілетін қызмет сапасының жоғары болуына тікелей әсер етеді. Осы тұста орталықта қызмет атқаратын қызметкерлерді де жекелеп атап өткіміз келеді, олардың қатарында Айсел Алиягайқызы Ханкишиева – УЗД дәрігері, кардиолог, Едіге Болатбекұлы Рай – УЗИ дәрігері, Аят Мұратұлы Әуесхан – КТ лаборанты, Асхан Аханұлы Шукен мен Әлібек Біржанұлы Қошаналиев – МРТ лаборанттары, Пархада Аирстанқызы Ганжуева – функционалдық диагностика мейірбикесі, Наргиза Жұмагерімқызы Лоля – мейірбике, Тынышкүл Жұпарқызы Есеева – касса жұмыскері және Күлпаш Сангышева кіші қызметкер ретінде жұмыс атқаруда.
Мекеме жекеменшік болғанымен, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы мемлекеттік медициналық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Көршілес аудандарды қоса алғанда, көптеген науқастар мемлекеттік емханалардан жолдама алып, осы орталықта тексеруден өтеді. Жалпы күніне орта есеппен жетпіске жуық адам келіп, сапалы диагностикалық қызмет алады.
«Айдар Мұқатаев» атындағы медициналық орталық – бір адамның арманынан туған, бүгінгі күні мыңдаған адамның денсаулығына қызмет етіп отырған киелі орын. Бұл орталықта Айдар Жаңбырбайұлының рухы, оның адамға деген жанашырлығы мен кәсібіне деген адалдығы сезіледі. Халықтың алғысы мен сенімі – осы еңбектің ең үлкен марапаты.
Балнұр Жексенбекқызы.