Ақпараттық портал

Мемлекет басшысы Қасым-жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы фармацевтикалық кәсіпорындардың қызметімен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысудан басталды.

Кәсіпорын медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар өндіреді. Президентке медициналық препараттар мен дайын өнім түрлерін шығаратын негізгі цехтың жұмысы көрсетілді.
«Әмір және Д» ЖШС-і әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалауға арналған жедел тестілердің көптеген түрін шығарады. Бұл өнімдер В және С гепатитін, ВИЧ-инфекциясын, миокард талмасын, сондай-ақ есірткі және психотропты заттарды анықтай алады.
Кәсіпорынға тиесілі медициналық бұйымдардың 200-ден аса атаулы түрі бар. Бүгінде серіктестікте 94 қызметкер еңбек етеді.
Мемлекет басшысына «Super-pharm» фармацевтикалық компаниясының жұмысы туралы ақпарат берілді.
Бұл – елімізде медициналық бұйымдар өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Зауытта 600-ден аса еңбеккер жұмыс істейді.
Компания отандық нарықтағы бір реттік қолдануға арналған медициналық бұйымдарға сұраныстың 30 пайызын қамтамасыз етеді.
Атап айтқанда, кәсіпорын түрлі операциялар үшін хирургиялық және процедуралық жиынтықтарды, медициналық бетперденің барлық түрін, бірреттік қорғаныш киімін, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы бұйымдарды өндіреді. Сонымен қатар медициналық шприцтер, инфузионды және қанды қайта құюға арналған система құралдары, басқа да өнімдер дайындалады.
Президент отандық фармацевтика индустриясының дамуы импортқа тәуелділікті төмендетіп, ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда маңызды екенін атап өтті.
х х х
Президентке Жамбыл облысына инвестиция тарту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобалары таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканы индустриаландыру, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егіс алқаптарын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалып, инвестициялық пул туралы мәлімет берілді.
Жыл басынан бері өңірге 599,2 миллиард теңге инвестиция тартылған, өсім 33 пайызды құраған. Соңғы екі жылда облыста жалпы құны 242 миллиард теңге болатын 56 инвестициялық жоба іске асырылған.
Мемлекет басшысына облыстағы жетекші кәсіпорындардың жобалары көрсетілді. Олардың қатарында «Қазфосфат» серіктестігінің минералды тыңайтқыштар өндіру және YONGGANG CENTRAL IRON and STEEL компаниясы салып жатқан металлургия зауыты жобалары бар.
Сондай-ақ Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ауқымды инвестициялық жобасының аралық қорытындысы ұсынылды. Қазір күкірт қышқылын өндіретін жаңа зауытты іске қосу алдындағы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы өнім ішкі нарыққа жөнелтілді.
Алдағы уақытта пайдалануға берілетін Shengtai Biotech Co.Ltd жүгері өңдеу зауыты жөнінде де баяндалды. Шу ауданындағы бұл жобаға 1,5 миллиард доллар инвестиция салынған. Сонымен бірге Байзақ ауданындағы Zhongkai Kazakhstan International Company қант зауыты құрылысы жайында мәлімет берілді.
Бұдан бөлек, KAZ FMWORLD AGRICULTURAL MACHINERY компаниясының индустриалдық аймақта шығарылатын ауылшаруашылық техникалары көрсетілді.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.