Спорттағы жетістіктер нәтижелі
Желтоқсан айының ортасында балалар мен жасөспірімдер арасында таеквондо /WT/ жекпе-жегінен Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы дәстүрлі XXVI-шы республикалық ашық турнирі жоғары деңгейде өтті. Бұл жарысқа Ташкент қаласынан, Қостанай, Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарындағы Түркістан, Алматы, Рудный, Қонаев, Тараз, Қаратау қалаларынан, Шу, Меркі, Тұрар Рысқұлов аудандарынан 300-ге жуық спортшылар, соның ішінде №36, №37, №39 Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатын аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев бастаған құрметті қонақтар қатысып, бірқатарына аудан әкімдігі мен Шу қаласының таэквондо федерациясы атынан марапаттар тапсырылды. Спортта жігерлі жеткіншектерді қолдағаны үшін өз атымыздан алғыс білдіріп, қарияларға шапан жаптық.
Ширек ғасырлық тарихы бар федерация мен оның жанашырлары бұл турнирді 26 жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Әрбір жарыс сайын жаңа жұлдыздарды танып, шәкірттер тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік алуда.
Тартысқа толы болған, табысты тәмамдалған турнирде Өзбекстан командасы бас жүлдені иеленді. 17 медаль алған шулықтар жүлделі I орынды еншіледі. ІІ орын Тараз қаласына бұйырса, Түркістан облысы мен Алматы қаласы үздік үштікті түйіндеді.
Жекелей салмақта да жетістіктерге тоқталған жөн. Атап айтсақ, №36 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Тұрсынхан Алдияр, Тұрсынхан Дияр, Базарбек Айбол, Дәуренұлы Нурислам, Талғат Елнұр, Әбілхайр Ақарыс, Әбілхайыр Ақтөре, Сапарбек Арман, Жалғасбек Жаснұр, Төлеубек Арсен, Базарбек Елнұр, Абжапар Бақытжан, Нұрлан Жалғас, Коварин Дмитрий, Коварина Елизавета, Әбілхаир Ақжан, Сарқыт Ақзер, Мурат Нурайым, Сапарбек Аяна, Коварина Алина, Коварина Надежда, Асанова Ақнұр, Жалғасбек Асылым, Әтірхан Сезім, Мұхтар Нұрай, Жұмабек Балнұр, Ошан Рамазан, Қаржаубай Санжар, Жұмаш Ерман, Саруар Ернұр, Саруар, Саруар Нурбол, Абдрахман Мұхамеджан, Болат Ерсұлтан, Ағатаев Мирамбек, Үсен Ұлар, Бекбосын Бексұлтан, Санақ Айсұлтандар республикалық ашық турнирді айшықты жеңістерімен жарқын етті. Бұл ретте шулық спортшыларды шыңдап, жоғары деңгейде өнер көрсетуге баулыған №36, 37, 39 Балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушылары Мақсат Беріков, Нұржан Қонысбай және Балжан Тлеуқұлова мен Ермахан Тлеуқұловтардың еңбектері зор екенін айта кеткен жөн.
«Тойдың боларынан боладысы қызық» дегендей, турнир жүгін шамамыз жеткенше көтердік. Қонақтарымыз да разы көңілде қайтты. Басылым арқылы барша спорт жанашырларына алғысымды білдіремін. Мұстафа Өзтүрік мектебінің мерейлі сәті таусылмасын деймін!
Марат Тлеуқұлов,
36 БЖСМ-нің жоғарғы санаттағы таеквондодан жаттықтырушысы.