Ақпараттық портал

Атқарылған жұмыс та, алдағы міндет те ауқымды

Қайырым мен мейірімді қатар ұстаған қазақ халқы кешегі Қараханид дәуірінен бері ислам дінін қазық еткенін тарих айғақтап отыр. Сол секілді өзге де сенім иелеріне сыйластықпен қарап, құрмет танытқан. Қиын қыстау уақытта тарихи отанынан мәжбүрлеп көшірілген ұлттар меймандос халқымыздың мейіріне сусындағаны сөзсіз. Мұның барлығы адамгершілік атты асыл қасиеттен бастау алса керек.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде көптеген келісті пікірлерді паш еткен болатын. Президенттің пайымынша ислам діні – ғылым мен білімге үндейтін, рухани кемелдікке жетелейтін дін. Сонымен қатар діни төзімділіктің, рухани бірліктің қайнар көзі ретінде қарастырады. Ол қасиетті Құранға, ислам құндылықтарына құрметпен қарауға шақырады. Қасым-Жомарт Кемелұлы ислам діні мен мемлекеттің зайырлы құрылымының өзара үйлесімді өмір сүруі – Қазақстанның ерекше жетістігі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы дін атын жамылған теріс ағымдарға қарсы күресте имамдардың, ұстаздардың рөлін күшейтуді, жас буынды дәстүрлі ислам құндылықтары негізінде тәрбиелеуді міндет етіп қойды.
Ақылдың кеніне жолыққысы келген қазақ Абайға жүгінетіні белгілі. Адамзатқа абзал болған құндылықтарды дәріптеген дана тұлға иман тақырыбына аз толғанбаған. Ибраһим атамыз бір сөзінде «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» деген екен. Сондай-ақ бір өлеңінде «Мүмін болсаң әуелі иманды бол, пендеге иман өзі ашады жол» деген даналық қалдырған.
Мұқым қазақтың баласы және түркі жұрты мұсылмандықты мықты ұстаған. Кешегі әз Тәукенің “Жеті жарғысы” да шариғат ілімдерінен алынған үкімдер дейді даналар.
Қазіргі таңда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы республикалық қоғамдық бірлестігі елдегі мешіт пен медресе, діни кадрларды үйлестіріп отырған іргелі орда. Тәуелсіздік жариялағаннан кейін дербес муфтият ашып, халықтың рухани қажеттіліктерін түгендеу ісінде толайым табысқа жеткен ҚМДБ-ға биыл 35 жыл. Біздің ауданда 5 білікті діни көшбасшылар қалыптастырған қабырғалы діни бірлестікке қарасты 28 мешіт, 4 намазханада 1 бас имам, 14 имам, 5 найб имам, 10 молда, 3 азаншы, 7 ұстаз жұмыс істейді.
Мұны баяндаған Шу ауданының бас имамы Алмас Кенжемолдаев жылдың жемісті тәмамдалып отырғанын, облыста үздік үштікте екенін жеткізді. Әрі барлық шаралар муфтият мақұлдаған “Ислам және отбасы құндылығы” жылы аясында байыпты мазмұнмен өткізілген. Оның ішінде салт-дәстүрді дәріптеу, жасөспірімдер тәрбиесі, жас отбасылар арасындағы ажырасудың алдын алу сынды мәселелерге ерекше ден қойылған.
Еліміз егемендік алғалы елді имандылыққа шақыратын, діни рәсімдерге басшылық ететін кадрлар дайындау ісі қолға алынған болатын. Игі бастама өз жемісін беріп, жастарға білім беретін медреселер мен колледж, институт пен университет, қарилар мектебі көптеп ашылды. Жыл сайын түлеп ұшқан түлектер Отанымыздың әр аймағында руханият жолында еңбек етуде. Бас имамның айтуынша діни кадрлардың 14-і жоғары білімді, 12-і орта білімді, 13-і курс оқыған азаматтар. Ал олардың біліктілігін арттыру ісі әрдайым күн тәртібінде.
-2025 жылы 3 имам Хибатулла тарази медресесінің дуалды оқу жүйесінде, 1 имам Имамдардың білімін жетілдіру 2 айлық курсында оқыды. Жыл басынан бері Имамдардың білімін жетілдіру үшін 30 семинар, екі курс өтті. Шу өңірінен 5 шәкірт «Нұр Мубарак» университетінде, 3 шәкірт медреседе, мешіт жанынан ашылған сауат ашу курсына 595 шәкірт оқиды,-дейді бас имам А.Кенжемолдаев.
Мешіт қызметкерлеріне жүктелген басты міндет жамағаттың шариғат шеңберіндегі сауалдарына жауап беру, қоғамның ізгіленуіне және жат ағымдардың жетегіне кетудің алдын алу мақсатында уағыз-насихат жұмыстарын жүргізу. Бұл орайда Шу ауданында ілкімді істер атқарылғанын айта кеткен жөн.
-Жергілікті ақпараттық-насихат тобы мүшелерінің онлайн және офлайн түрінде 186 кездесу ұйымдастырылды. Жұма уағызы 1428 мәрте, бесін және ақшам уағыздары 4091 мәрте үздіксіз жүргізілді, РАНТ мүшелерімен 15 кездесу өткізілді.
Биылғы ҚМДБ жариялаған «Ислам және отбасы құндылығы» жылы болғандықтан бұл салаға да басымдылық берілді. 243 іс-шара, спорттық 23 іс-шара, 12 дөңгелек үстел, 43 кездесу, 29 семинар, 137 тәрбие сағаты өткізілді.
Жастар істері секторы және ізгі қоғам бойынша ауданда діни сауаттылық 48, қоғамдық іс-шаралар 49, спорттық іс-шаралары 120 атқарылды. Жалпылама 217 іс-шара өткізілді. Аудан жастары мешіттер ұйымдастырған барлық шараларда белсенділік танытты, – дейді Алмас Рысханұлы.
Аудандық мешіт жанындағы әйел қыздар секторы да мешітте қыз-келіншектерге діни сауат ашу курсында білім алуда жалпылама 1133 дәріс өткізіп, 254 уағыз айтып, барлығы 2900 адамды қамтыған. Ұзын-ырғасы қоғамдық 79 іс-шара жүзеге асырылған. Нәзік жанды жамағат ұйымдастырған шаралардың негізгі өзегі отбасы құндылығы, ер адамның қадір-қасиеті, ене мен келін жарасымдылығына, салт-дәстүрге бағытталған.
Бас имам өзінің әңгімесінде қайырымдылық жасау үрдісі жайында ауқымды ақпарат берді. Себебі мейірім мекені саналатын мешітте азық-түлік, киім, қаржылай көмек сұрап келетіндер аз емес. Барлығын толығымен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Алайда аудан мешіттерінде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілген.
Мәселен, оқу жылы басталар мезеттегі «Мектепке жол» акциясы аясында 198 отбасыны көмекпен қамтыған 14 іс-шара өткізілген. Киім-кешекпен көмекпен 74 отбасыны қамтып, 20 іс-шара ұйымдастырылған. Азық-түлікпен қарастырылатын «Тайқазан» жобасы аясында 313 отбасыға қолдау көрсетілген екен. Сондай-ақ «Қолдан қолға» жобасы 243 отбасыны қуантып, «Үміт сыйла» жобасы 314 жанұяның үмітін жаққан. «Рамазан қоржыны» 201 отбасыны, «Бір реттік акция» 35 отбасыны, «ОҚУ АҚЫСЫ» 16 отбасыны, «Құрбан шал» жобасы бойынша 552 отбасыны қамтыған қайырымдылық жұмысы атқарылды. Сондай-ақ бес кісіге ұмра қажылығы және де «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы бойынша бір діни қызметкерге, бір көпбалалы отбасыға баспана тарту етілген. Жалпы алғанда 202 қайырымдылық жұмыстары 1960 отбасыны қамтыған.
Асыл дініміздегі шариғаттан сөз айту және пәтуа беру имам-молдаларға жүктелген басты міндеттің бірі. Бұл білім мен тәжірибе, ата дәстүрден қажетті сауатты талап етеді. Алмас Рысханұлы жыл ішінде 2836 діни кездесу өткізілді. Сондай-ақ жеке кездесу 1034, телефон арқылы 770, әлеуметтік желі арқылы 1032 жалпы әртүрлі 2836 тақырыптарға жауап берілді деп отыр.
-Діни оңалту бағыты бойынша жат ағымның алдын алу бағытында 186 жалпы кездесулер, 59 жеке кездесу жасалды. Жат ағымға қарсы білікті мамандарды ауданымызға шақыртып насихат жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, РАНТ мүшелері Қуаныш Тоқтарбайұлы, Данияр Серікұлы, Қанат Жұмағұлұлы, Қасымалиева Анара, Абиева Еңлік, «Нұр Мүбарак» магистрі Перизат Азаматқызы, медресе ұстаздары Ғалымбек Жапек, Абдуқадр Сейтқали, Тоқтағанов Бауыржан, Амиреев Бақтияр, Қарамсақов Данияр, Боханов Ерболат т.б. Нәтижесінде 4 адам оңалды. Адам 11 бейімделу үстінде,-дейді бас имам.
Ақпарат беру және ағарту бағыты аудан мешіттері ден қойған дүниелердің бірі. Аталмыш бағыт бойынша мерзімді баспасөз беттеріне 13 мақала, сайттарға 341 жаңалық жарияланды. Биыл Шу тұрғындары 100 дана «Мұнара» газеті, 90 дана «Иман» журналымен қамтамасыз етілді. Шу аудандық мешітінің әлеуметтік желілері бойынша Ютубта 423 (қаралым 13543) Фейсбукта 2100, Телеграмда 1322 Истаграмда 7844 (қаралым 212359) оқырманы бар.
Жоғарыда айтқандай, Рәтбек қажы Нысанбаев уығын қадаған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы 35 жылдық белесін бағындырып отыр. Қазіргі бас мүфти, ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жуырда ғана Жамбыл облысына арнайы келіп имам-молдалармен кездесіп, бірқатар дін қызметкерлерін мерекелік төсбелгімен марапаттады. Олардың қатарында ауданның бас имамы Алмас Рысханұлы мен Балуан Шолақ ауылдық «Қойайдар» мешітінің имамы Аян Смайыл бар.
«Нұр-Мүбарак» ислам мәдениеті университетінің 2004 жылғы түлегі А.Кенжемолдаев имамдық қызметте 21 жылдық тәжірибесі бар білікті маман. Еңбек жолын Меркі ата мешітінде бастаған ол, Шу ауданына дейін бірнеше өңірдің бас имамы, облыс орталығындағы мешіттерде жетекшілік еткен.
Бұл шулық имамдарға берілген марапат іспетті. Себебі ұзақ жылдар бойы мешіттің іші мен сыртына күтім жасап, діни жоралғыларды атқарып, жұртшылықты имандылыққа жалықпай шақыруды кез келген адам істей алмайды.
Дау арасында мәмілегер, бас қосқан жастарға батагөй, қаралы кісіге жұбаныш, жамағатқа жанашыр мешіт имамдары қандай құрметке болсын лайықты. Ал еңбектері нағыз мехнат. Сондықтан имандылық иірімдерін уағыздауда, елді ізгілікке шақыруда маңдай терін төгіп жүрген имам-молдаларға мың алғыс айтамыз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.