Ел қуатын еселеп жүрген жандар марапатталды
Елімізде энергетика саласы қызметкерлері күні бірнеше жыл бойы желтоқсанның үшінші жексенбісінде тойланып келген болатын. Бұл үрдіс өзгеріске ұшырап, 2025 жылы тарихи дәстүрге қайта оралу мақсатында 22 желтоқсан ресми мерекелік күн ретінде бекітілді.
Энергетиктер күні — электр энергиясын және жылуды өндіру, беру және тарату саласының қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Атаулы күнге орай, аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен арнайы жиын өтіп, кәсіби мереке иелері құрметке бөленді.
Бұл саланың ел өміріне қажетті тұсын атап өткен аудан басшысы жылу мен жарықпен қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға ақжарма тілегі мен алғысын білдірді.
-Энергетика – тұрғындар тіршілігін қамтамасыз ететін қажетті сала. Бұл салада жүздеген жерлесіміз жемісті жұмыс істеп келеді. Екінің бірінің тісі бата бермейтін бұл істе сіздерді нағыз майталман дер едім. Жарық пен жылу, судың тоқтаусыз берілуі бәріміз үшін маңызды. Осы жолда еңбек етіп жүрген сіздерге алғысымды білдіремін! Кәсіби мерекелеріңіз қарсаңында өздеріңізбен жүздесіп, жылы лебізімді жеткіземін,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Бұдан кейін кезек марапаттауға беріліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, саланы дамытуға сіңірген еселі еңбек иелеріне марапаттар тапсырылды.
Атап айтқанда, сала ардагерлеріне «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталса, тағы бір шоғырына Құрмет грамотасы мен Алғыс хат тапсырылды.
Төл мерекелері тұсында қошеметке бөленген марапатталушылар ықылас үшін аудан басшысына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар әріптестеріне ізгі тілектерін жеткізді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасында Энергетиктер күні 1998 жылы ресми мәртебеге ие болды және кәсіби мерекелер жүйесінде энергетиктердің еңбегін мойындау күні ретінде бекітілді. Олар – елдің тұрғындарына, өнеркәсібіне және әлеуметтік инфрақұрылымына сенімді энергетикалық тұтынуды қамтамасыз ететін мамандар. Сол себепті де аталған сала мамандарына қандай құрмет көрсетсе де орынды деп білеміз.
Байжан Емберді.