Ақпараттық портал

Қонаев – ғасыр адамы

Қазақ халқының тарихында ел тағдырына терең із қалдырған, мемлекетшіл тұлғалар аз болған жоқ. Солардың ішінде дара болмысымен, парасат-пайымымен, адал қызметімен халық жадында мәңгі сақталған ұлы тұлғалардың бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Ұлт мақтанышына айналған қайраткердің туғанына 114 жыл толуына орай мәдениет үйі жанынан құрылған көркемсөз үйірмесінің қатысушыларымен «Қонаев – ғасыр адамы» атты әдеби-еске алу кеші жоғары деңгейде өтті.

Тағылымы мол кештің басты мақсаты – жас ұрпаққа Дінмұхамед Ахметұлының елге сіңірген еңбегін, адами болмысын, парасатты тұлғасын таныту, тарихи сананы қалыптастыру, рухани құндылықтарды дәріптеу болды. Іс-шараға әртүрлі ұлт өкілдері қатысып, Қонаев тұлғасының барша халыққа ортақ, көпұлтты қоғам үшін де өнеге екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кеш барысында құрметті қонақтар – өзге ұлт өкілдері Р.Хадцуев, Б.Тагиров, Н.Храмов, С.Раимовтар Дінмұхамед Қонаевпен байланысты естеліктерімен бөлісіп, оның адамгершілігі, әділдігі, қарапайымдылығы мен ел басқарудағы көрегендігі туралы жүрекжарды ойларын ортаға салды. Қонаевтың ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті нығайту жолындағы еңбегі ерекше аталып өтті.
Әдеби кештің көркемдік мазмұнын көркемсөз үйірмесінің қатысушылары байыта түсті. Қонаев тұлғасына арналған өлең шумақтарын І.Намет пен В.Гусейнова әсерлі оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жыр жолдары арқылы көрнекті мемлекет қайраткерінің асқақ рухы, халқына деген шексіз сүйіспеншілігі көркем тілмен бейнеленді.
Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмір жолы мен қызметін кеңінен танытатын мазмұнды кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеде Қонаевтың өмірбаяны, мемлекеттік қызметі, замандастарының естеліктері мен тарихи еңбектер қойылып, оқырмандарға мол ақпарат ұсынылды. Кеш барысында көрсетілген Қонаевтың өмірі мен қызметі туралы бейнеролик қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, тарихи тұлғаның биік бейнесін тереңірек тануға мүмкіндік берді.
«Қонаев – ғасыр адамы» атты әдеби-еске алу кеші тағылымы терең, тәрбиелік мәні зор рухани іс-шара ретінде өтті. Мұндай кештер өскелең ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттырып, ұлы тұлғалардың өнегелі өмірін үлгі етуге жол ашады.
Б.Дуйсенова,
Қонаев ауылдық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.