Мемлекеттік қызметші — қоғам айнасы
Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруда жетекші рөлге ие, ең маңызды тетіктердің бірі. Осыған орай, мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуінің себебі – оның іскерлігін ғана емес, айналасындағыларға деген құрметі мен ізетін де жетілдіру болып табылады. Себебі, мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігіне және жүріс-тұрысына қарай қазіргі қоғамда халықтың атқарушы билік жайлы көзқарасы мен оған деген сенімі қалыптасатыны да белгілі.
Соған сәйкес, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да әдеп кодексін ұстануы міндетті және кез келген ортада өзін іскерлік стильге сай ресми түрде ұстауы міндеттелген. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметші еліміздегі әр ұлттың тіліне, салт-дәстүріне сыйластықпен қарап, әділ де заңды шешімдер қабылдауы, жалған ақпарат таратпауы, сын айтқаны үшін біреуді қудаламауы және мемлекеттік меншігін тек қызмет бабында пайдалануы қажет.
Мемлекеттік қызметті – мәртебелі де мерейлі міндет дейтін болсақ, мемлекет өз қызметтерін мемлекеттік органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне сай көрсетеді. Мұндағы мақсат та, міндет те біреу, ол – тұтынушылардың құқығын қорғау, заңды мүдделерін қанағаттандыру әрі сапалы қызмет көрсету. Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет екені белгілі. Сондықтан қызметшінің осынау кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болғаны абзал. Әсіресе, қазіргі таңда жаңа ақпараттық технологиялар мен БАҚ еркіндігі туған шақта мұндай қасиет әрбір азаматта болуы қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.
Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Жалпы қоғам мемлекеттік қызметшіні өзінің барлық күш-жігері мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайтынына, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет ететініне шынайы сенеді. Қоғам адамдардың қауымдастығы болғаннан кейін мұнда адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасай отырып, әр ортада белгілі бір этиканы сақтайды.
Этика – тәртіп сақтау ережелері. Ол қоғамда белгілі бір нормаларға сай өмір сүретін қағидалардың жалпы жиынтығы. Ал бұл нормалар адамдардың мораль және адамгершілік қасиеттерінің болуымен тығыз байланысты. Мораль және адамгершілік туралы ілім-этика (әдеп) болып табылады. Сондықтан, этика ілімінің негізінде қалыптасқан, яғни адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, адамдарды бір-біріне нұқсан келтірмейтін қоғамда тәртіп сақтау ережелері қалыптасты. Қоғамда белгілі бір этика сақталмайтын болса, адамдардың арасында қатынас хаосқа айналып кетуі мүмкін. Сондықтан, әр қоғамда адамдардың тәртібін адами тұрғыда бақылайтын, теріс қылықтарды азайтатын белгілі бір нормалар жиынтығы құрылған. Мысалы, үлкендерге құрмет көрсету, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау, адамдардың қызығушылықтарын бағалау және т.б.
Мемлекеттік қызметкер әртүрлі қоғам мүшелерінің өкілдерімен жұмыс істейтіндіктен аса үлкен дайындықпен қызмет атқаруы тиіс. Қызмет орнында өзін-өзі ұстай білу, сыртқы бейнесі мен киім үлгісі тәртіпке сай болуын қадағалау, қимыл-әрекеттерін әңгіме кезінде қолдана білу, анық әрі түсінікті жүйелі түрде сөйлей білу – осылардың барлығы қызметкердің кәсіби этикалық құндылықтарына және жалпы қабылданған этика жүйелеріне жатады.
Еліміздің ертеңі мен бүгіні мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ождан және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет – халыққа қызмет» деп Мемлекет басшысы белгілеп берген ұран аясында елге деген адалдықтың ақ туын абыроймен ұстануымыз керек. Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен күнделікті өмірдегі жекелеген факторлар мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр. Сондықтан мемлекеттік басқаруды жаңаша ұйымдастыру – Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты фактор болып саналады.
Айсұлу Нурумова,
Шу аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының бас маман–бас қазынашысы.