Арда азаматқа құрмет көрсетілді
12 қаңтар – аса көр-некті мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, академик, үш мәрте Социалистік Еңбек ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Биыл қазақтың біртуар перзентінің туғанына 114 жыл толып отыр.
Елдің жадында адамгершілігімен сақталған арда азаматты еске алу мақсатында еңселі ескерткіші алдында гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетуді шулықтар игі дәстүрге айналдырған. Өзінен кейін артында өшпестей із қалдырған Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Ахметұлына деген елдің құрметі күн санап артпаса, кеміген емес.
Апта басында Қонаев ауылындағы қайраткердің еңселі ескерткішіне жиналған жұртшылық гүл себеттерін қойып, атпал азаматты ілтипатпен еске алды. Құрмет көрсету шарасына аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қырық жылға жуық ел басқарып, ғылым мен мәдениетке, құрылыс пен өндіріске, ауыл шаруашылығы мен өзге де маңызды салаларға көңіл бөлген басшының есімі ел арасында әрдайым зор қошеметпен айтылады. Ал, елі үшін еткен еңбегі мен төккен терін қара орман халқы ұмыта қойған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Д.Қонаев өз заманының сұңғыла саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары ұлан-байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Асыраушы сала да қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды.
Байжан Емберді.