Ардагерлердің белсенділігі артуда
Шу аудандық және Шу қалалық ардагерлердің бастауыш ұйымдарында есеп беру – сайлау науқаны белсенділікпен жүріп жатыр. Мысалы, Шу ауданындағы 17 бастауыш ұйымдарының 14-і, ал Шу қаласында 15 ұйымның көпшілігі жиналыстарын өткізіп, сайланған жаңа құраммен өз жұмыстарын жаңа қарқынмен жалғастыруда.
2026 жылдың 9 қантарында Жамбыл облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев, әкелер Кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев, Аналар алқасының төрағасы Хадиша Оспанова Шу өңірінде өткен бастауыш ардагерлер ұйымдарының жиналыстарына қатысты.
Соның бірі – аудандағы ең ірі, 800-ге жуық ардагердің басын қосатын Төле би ауылдық округтік бастауыш ұйымында өтті. Есеп беру – сайлау жиналысында бастауыш ұйым төрағасының орынбасары Әнапия Шабанбай баяндама жасады. Ол бастауыш ұйым Кеңесінің есеп беру кезеңіндегі атқарған жұмыстары туралы толық сараптамалық есеп беріп, алдағы уақыттағы жоспарлары туралы айтып берді. Жиналысқа қатысқан ардагерлер белсенділік танытты. Олардың ішінде Базарбай Асқаров, Ләйла Сатыбалдиева, Ошақбай Есжан, ауылдық округ әкімінің орынбасары Ербол Айманбетов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев және басқалар ауылдық округ шеңберіндегі әлеуметтік түйінді мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда – әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация аудан тұрғындарына толыққанды әлеуметтік қолдау көрсетпей отырғанын сынай келе, Төле би ауылында ардагерлер үшін «белсенді ұзақ өмір сүру орталығын», әлеуметтік дүкен, әлеуметтік нан пісіретін наубайхана ашу туралы ұсыныстар жасады. Ардагерлердің бастауыш ұйым мүшелеріне ұлттық құндылықтарды, салт – дәстүрді дәріптеп, отбасындағы бала тәрбиесіне көңіл бөлу керектігін ашып айтты. Ауыл көлеміндегі санитарлық жағдайға да көңіл бөлінді.
Екінші жиналыс Шу қаласындағы «Шу жол дистанциясы» ардагерлердің бастауыш ұйымында өтті. Бастауыш ұйымда 273 ардагер есепте тұрады. Жиналыста бастауыш ұйымның төрағасы Қанат Сүгірбай баяндама жасап, ардагерлер ұйымының жұмысы туралы баяндады. Ұйымда есепте тұратын ардагерлерге мекеме есебіне санаторлық – курорттық демалыстың жақсы ұйымдастырылғанын, олардың темір жол бойында тегін жүріп-тұруға мүмкіндіктерінің барын, дәрі-дәрмек және басқа да әлеуметтік көмек алатындарын атап өтті. Жиналысқа қатысқан Ұлбосын Жаппасбаева, Нұрмахан Шағылбаев, Сейсенғали Ақпаев, Нұрболат Досымбаев және басқалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, отбасы құндылықтарын қолдауға, ардагерлердің белсенділігін арттыруға көңіл бөлу керектігін атап айтты. Жиналысқа Шу қаласы әкімінің орынбасары Болатжан Төлендиев қатысып, ардагерлердің қоғамдағы орнына баға беріп, ардагерлер ұйымының жұмыстарын әрі қарай жандандыру жолдарын айтып, өз ойын ортаға салды.
Жиналыстарда сөз алған облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастауыш ұйымдардың атқарып отырған жұмыстарына оң баға беріп, ҚР Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтың “Түркістан” газетіне берген сұхбатынан туындайтын міндеттерге және ардагерлер ұйымының жұмыстарын бүгінгі күн талаптарына сәйкес ұйымдастыру керектігіне көңіл бөлді. Атап айтқанда тұрғындарды, әсіресе жастарды заң талаптарын орындап, тәртіп бұзбауға шықырды. Ардагерлер ұйымдарының мектептермен байланысын күшейтіп, учаскелік және ювеналдық полиция инспекторларымен, ауылдардағы мешіттердің имамдарымен, жастар ресурстары орталықтарымен және басқа да қоғам белсенділерімен бірлесе отырып тұрғындар мен жастар арасында тәрбиелік жұмыстарды атаулы және сапалы жүргізуге шақырды.
Бастауыш ұйымдарының есеп беру кезеңіндегі жұмыстары «қанағаттанарлық» деп қабылданды. Жиналыстардың күн тәртібіне сәйкес бастауыш ұйым төралқаларының жаңа құрамы бекітіліп, аудандық, қалалық конференцияларға делегаттар сайланды.
Облыстық ардагерлер Кеңесі.