Ақпараттық портал

Туған күннің ә л е г і

Қазіргі күні ұл-қызына қарамастан жастардың арасында туған күнді шоуға айналдырып, мереке жасайтын әдет үрдіске айналып отыр. Түннің жарымында, яғни сағат 00.00-де туған күнімен құттықтап, «сюрприз» жасап, улап–шулап барып торт асатып, шампан атқызып, қу сөздің сорпасын сапырып, беймезгіл уақытта көрші-қолаңға, көше тұрғындарына кері әсер ететін әдет дендеп бара жатыр.

Жастардың орынсыз әрекеттеріне «қойыңдар» деп басу айтатын үлкендердің томаға-тұйық тыныш отыратындарына қарап «қайда кетіп бара жатырмыз?» деген ой мазалайды. Беймезгіл түнгі жүрістің соңында орын алатын талай келеңсіз оқиғаларды көріп-біліп отырып, сабақ алмайтынымызға қайран қаламын. Жарайды, заман ағымы мен дамуының әсерінен салт-дәстүріміз жаңарып, жаңғырып жатыр десеңіз, жаһанданудың да ұлттық мінезімізге, дәстүрімізге сай болғаны дұрыс емес пе?!
Бірнеше көлікпен улап-шулап барып, түн жарымында құттықтағанды керемет жағымды тірлік деп айта алмайсың. Шын ниеттес жақын дос, нағыз азамат болсаң, өзіңді ғана ойламай өзгелердің мазасын алмаған жөн болар еді. Бізге ырду-дырдудан басқа салиқалы нәрселер жұқпайды білем. Өзге елдің біздің ұлтымызға тән жұғымды жақтарын қабылдасақ болмай ма?! Тортқа шырақ жағып, оны үрлеп өшіру халқымызға жат нәрсе екенін біле тұра соны істейтініміз түсініксіз. Еліктегіш халық екеніміз дүниежүзіне мәлім. Басқаларға үлгі қыларлық салт-дәстүріміздің небір құнды әдептері жетерлік. Сөйтетұра өзгенікін қолайлы көретініміз шындық.
Тойы мен мерекесі көп жыл он екі айда күн құрғатпай той жасап жатсақ та тойдық деп айтпаймыз. Қазіргі күн санап көбейіп жатқан жеңіл көліктердің жүрісінен жол қауіпсіздігінің ахуалы қиындап кеткені бәрімізге мәлім. Полиция бөлімінің жолда жүру қауіпсіздігін қадағалау қызметкерлерінің сан рет айтылған ескерту нұсқауларына мойынсұнбай беймезгіл уақытта түкке тұрғысыз мән-мағынасы жоқ сауық кештердің көбейіп кеткенін көріп жүрміз. Туған күннің қадірін кетіріп жатыр ма, жоқ келтіріп жатыр ма әйтеуір бір түсініксіз жағдай.
-Соңғы кезде көзге көбірек түсетін тағы бір жай, бір жылдық әскери борышын өтеген жастардың бірнеше көлікпен шеру ұйымдастырып, жолда жүру қауіпсіздігін өрескел бұзып жүретін әдеттер көбеюде. Бұл не сонда?! Отан үшін баз кешіп, халық үшін қан кешіп, сұрапыл соғыстан қайтқан қаһармандар ма?! Мәнсіз шеру ұйымдастырып, «Жолда жүру ережесінің қауіпсіздігін» сақтамаудың кесірінен жол-көлік оқиғасына ұшыраған жағдайлар да болып жатыр,-деп ауданымыздағы полиция қызметкерлері де өз реніштерін білдірді.
«Балам керек емес әдетті жасама, сен көптің бірісің» деп өрескел қылықтарына тосқауыл айтатын әкелердің әлсіздігі ме?! Даңғаза мен дарақылықтан аулақ болуды үйретпеген тәрбие жұмысының нәтижесі ме?
Мемлекетіміз жастарды қолдау саясатында қыруар жақсы нышандарды қолға алып, көп нәрселер тындырып жатыр десек, артық айтқандық емес. Әйтсек те қоғам тыныштығын сақтап, әдепті де әдемі өмір сүру үшін жастардың белсенділігі керек-ақ! Салауатты өмір сүру дағдысына әлі үйрене алмай келеміз. Айтылып та, жазылып та жатыр…
Ескі жылда әлеуметтік желіні, бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан жағымсыз хабар-ошарлар азайып, жаңа жылқы жылында жас буын жастар ел тыныштығы мен берекелі ісіне араласып, озық елдің қатарынан көрінуге жазсын деген ниетті үміттеміз. Ұлт тағдыры, ел ертеңі – бәрі жастардың қолында екеніне сенім артып, бір ғасыр бұрын ұлт жанашыры Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін…» дегенінде «кәрілерге сенбеймін» деген сөздің құлағы қылтиып тұр емес пе?!
Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев «Еліміздің болашағы – білімді жастардың қолында» деп сенімді баға берді. Жастар бойына адалдық пен ізеттіліктің қалыптасуы – ең бірінші отбасылық тәрбиеден басталатынын ескерсек, даңғазалық пен дарақылықты шектеуге үлкендер жағы атсалысуымыз керек-ақ.

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.