Көлеңкелі экономикамен күрес күшейді
Үкіметте вице-премьер –
ұлттық экономика министрі Серік
Жұманғариннің төрағалығымен
«көлеңкелі» экономикаға қарсы іс-
қимыл мәселесі бойынша жиын өтті.
«Көлеңке» деңгейін азайту бойынша жүйелі күрес шеңберінде өткен жылы жаңа тәсілдер енгізілді. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларына тиісті KPI енгізілді. Көлеңкеде қалу қаупі зор сауда, құрылыс, көлік, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы секілді секторларда салалық жол карталары әзірленіп, жүзеге асырылуда.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов атап өткендей, салалық жол карталарын жүзеге асыру алдын алу шараларының тиімді болуына мүмкіндік берді. Айналымдарды заңдастыру бойынша белгілі бір нәтижеге қол жеткізілді. Мысалы, ішкі саудада көлеңкелі айналым деңгейі 3,54 пайыздан 2,97 пайызға дейін, білім беруде 1,52 пайыздан 1,1 пайызға дейін, ауыл шаруашылығында 1,88 пайыздан 1,73 пайызға дейін төмендеді. 2024 жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 16,71 пайызға қысқарды. 2025 жылдың қорытындысы осы жылдың тамыз айында шығарылады.
Цифрландырудың қарқынды дамуы және цифрлық арналарды пайдалану арқылы жаңа көлеңкелі схемалардың пайда болуы шашыраңқы салалық жол карталарынан көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың бірыңғай кешенді жоспарын қалыптастыруға көшу туралы шешімге алып келді. Smart Data Finance негізінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіретін және деректерді талдау мен өңдеуде жасанды интеллект құралдарын қолданатын цифрлық платформа құрылады.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.