Ақпараттық портал

Өресіздік өркениетке өріс ашпайды

Шу қаласы мен елді мекендердің тұсынан өтетін «Тараз–Астана» бағытындағы жаңа магистралді күре жол мен «Меркі–Бурылбайтал» аралығындағы жол пайдалануға берілгеніне көп бола қойған жоқ. Қалааралық байланыс жолының жергілікті тұрғындардың жол көлік қозғалысына көп пайдасы тиіп, көпшілік игілігін көріп жатыр десек болады. Көптен бері осы «Меркі–Бурылбайтал» күре жолы көпшілік көлік жүргізушілерге тиімді әрі тыныш бағыттағы жол болғанын көріп жүрміз.

Осы тұста атап өтерлігі, «Тараз-Астана» күре жолының Алға ауылының тұсындағы жолда жүру қауіпсіздігін сақтау мақсатында «жасанды автоинспекция көлігінің алдын ала ескерту банер белгісі» макетінің түнгі уақыттарда жанып-өшіп тұратын шамы кімдерге кедергі келтірді екен?! Біреулердің әрекетімен қолша сындырып кеткені білініп тұр. Қазір елімізде сауатсыз адам жоқ. Жазу-сызуды бәрі біледі. Күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі – бәрі қолданыста. Еліміздің өркениет көшіне ілесуі үшін қоғамның әрбір мүшесі мәдениетті болу керек екенін бәріміз біле тұра, неге біздер жаныашымастық пен немқұрайдылықты ыңғайымызға алып тұрамыз?!
Бұрынырақта бір ағамыз ол кезде жеңіл көліктің төресі-«москвич» мініп жүрсе керек. Сол кісінің айтқан бір әңгімесінде ол жолдың шұңқырынан селкілдеген ауыр жүк көлігінен түсіп қалған бес-алты кірпішті жеңіл көлігіне салып алып, қорабының үстіне құм, топырақ біраз кірпіш артқан жүк көлігін қуып жетіп, тоқтатып жүргізушісінен қайда, не үшін апара жатқанын сұраған. Құмдағы қойшының қыстауына пеш соғуға апара жатқанын білген ағамыз әр кірпіштің орны бар екенін айтып, шопыр балаға көліктің үстіндегі заттарды ықтияттап салып жүруін ескертіп, жолдан тауып алған кірпіштерді өзі салып берген ғой. Адалдық пен адамгершілікті ту еткен азаматтың тіршілікте жасаған түймедей нәрсесінің өз орны бар екенін білген ағалардың тәлім-тәрбиесі кейінгі ұрпақтың бойына дарымағанына қынжыласың.
Әрине, бәріне күйе жағудан аулақпыз. Ит басына іркіт төгілген аста-төк заманның қадірін біле алып жүрміз бе деген сауал сананы әр саққа сандалтатыны рас… Біздегі ұрпақ тәрбиесінің кемшін тұсы «жаныашымастық» пен «біреудікі» дейтін пиғылға қатты бекінуі. Әйтпесе, «Тікенді жолыңдағы алып таста, кіреді өзгелерге сенен басқа» деп айтылған аталар нақылы бекер айтылмаса керек. Күніне жоғары жылдамдықпен бірнеше жүздеген көлік жүріп өтетін күре жолдағы жолда жүру қауіпсіздігін болдырмауды алдын ала ескертіп тұрған жол белгісінің шамын сындырып кеткен адамның өзі өмір сүріп отырған заман талабының ұсыныстарына теріс әрекет еткеніне қарап, «әй, біздің түзелуіміз қиын-ау?!» деген ой келді…

Несіпхан Қоңырбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.