Ақпараттық портал

Шудағы ең жас мобилогарф әрі сұранысқа ие маман

Президенттің 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы – еліміздің болашағы технологиямен, инновациямен және цифрлы сауаттылықпен тығыз байланысты екенін айқын көрсетеді. Бүгінде қоғам өмірінің барлық саласы цифрлы форматқа көшіп, жасанды интеллект күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Осындай кезеңде жаңа мамандықтар қалыптасып, бұрын болмаған кәсіп түрлері сұранысқа ие болуда.

Солардың бірі – мобилография. Бұл сала тек әдемі видео түсірумен ғана шектелмейді. Ол цифрлы ойлау қабілетін дамытып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды, монтаж бағдарламаларымен жұмыс істеуді, контентті талдауды және әлеуметтік желі алгоритмдерін түсінуді үйрететін заманауи жүйе. Яғни мобилография – цифрландыру мен жасанды интеллектінің тоғысқан тұсындағы ең қолжетімді әрі жылдам меңгерілетін бағыттардың бірі деуге негіз бар.
Қазіргі ақпарат ағыны жылдам заманда кез келген іс-шара, мереке, жиын-той, тіпті ел тағдырын айқындайтын маңызды саяси басқосулардың өзі әлеуметтік желі арқылы көпшілікке жол тартуда. Ал сол сәттердің әсерін арттырып, қарапайым видеоны көрерменге тартымды, мәнді дүние етіп ұсынатын мобилографтар бүгінде аса жоғары сұранысқа ие. Біздің ауданда да бұл саланың өкілдері аз емес. Біз солардың ішінде ең жас мобилограф атанып отырған 13 жасар Бексұлтан Бейбітұлы туралы жазуды жөн көрдік.
Бексұлтан Бірлікүстем ауылының жас тұрғыны, Домалақ ене атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы. Ол бала кезінен-ақ смартфондағы түрлі тың функцияларды жылдам меңгеріп, өз қиялынан жаңа дүниелер ойлап табуға әуес болған екен. Қарапайым ойын ретінде басталған қызығушылық уақыт өте келе нақты мақсатқа ұласқан. Әлеуметтік желілерде танылып, мобилография саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, Қазақстанға белгілі мобилограф Қыран Талапбектің еңбектері жасөспірімге үлкен мотивация сыйлаған көрінеді. Осылайша біздің кейіпкеріміз де белгілі мобилографтан кәсіби білім алып, сүйікті ісін табыс көзіне айналдыруды мақсат етеді.
Баласының талабын қолдаған әкесі оған iPhone смартфонының жақсы деген моделін алып беріп, Қыран Талапбектің кәсіби мобилография курстарына жаздыртады. Алты ай бойы үздіксіз білім алып, тәжірибе жинаған Бексұлтан бүгінде өз ісінің нағыз шебері ретінде қалыптасып келеді.
– Бір видеоны әдемі әрі әсерлі етіп шығару үшін кемінде отыз минут уақытым кетеді. Алғашында өзімді дәлелдеу үшін тегін видеолар түсіріп, монтаж жасап жүрдім. Кейін жасаған жұмыстарым көпшіліктің көңілінен шығып, бүгінгі таңда табыс көзіне айнала бастады. Болашақта да осы саланы дамытып, ұстазым Қыран Талапбек секілді шәкірт тәрбиелеп, білгенімді өзгелермен бөліссем деймін, – дейді жас мобилограф.
Бексұлтан бүгінде Instagram әлеуметтік желісінде аса белсенді. Қысқа уақыт ішінде 150-ге жуық видео монтаждап, жеке парақшасын мазмұнды контентпен толықтырып отыр. Оның ең басты ерекшелігі – ауыл өмірін шынайы әрі көркем түрде көрсетуі. Табиғат, еңбек адамдары, ауыл тіршілігі бейнеленген видеолары желі қолданушыларының ерекше қызығушылығын тудырып, мыңдаған жағымды пікірге ие болуда.
Жас мобилографтың еңбегі республикалық деңгейде де бағаланып келеді. Жуырда ол zakon.kz ақпараттық сайтына сұхбат беріп, мобилографияға қалай келгені, смартфон камерасын дұрыс пайдалану жолдары және жасөспірімдерге арналған кеңестерімен бөліскен. Одан бөлек, талабы мол өрен «Еуразия» ұлттық арнасындағы «Koremiz» бағдарламасына шақырту алып, «Болар бала болмысынан» тақырыбындағы шығарылымының арнайы қонағы болып қайтты. Бұл Бексұлтан үшін үлкен жетістіктерге бастар қадам екені сөзсіз. Сонымен қатар, жаз мезгілінде аудандық Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп өткізілген түрлі іс-шараларды камераға түсіріп, тәжірибесін шыңдай түсті.
Бексұлтанның бұл бастамасы – өзімен қатарлас құрбы-құрдастарына ғана емес, жалпы смартфон қолданатын барша жастарға үлгі боларлық іс. Қазіргі қоғамда уақытын пайдасыз контентке жұмсап, телефонға тәуелді болып отырған жастар аз емес. Ал қолдағы «ақылды» смартфонды білім мен еңбекке бағыттай білсек, оның да үлкен пайдасы бар екенін Бексұлтанның әрекеті айқын көрсетіп отыр.
Бүгінде мобилографияны нәпақа көзіне айналдырып отырған Бексұлтан камерамен жұмыс істеуді жай ғана әуестік деп қабылдамайды. Ол үшін камера – ойды жеткізетін, оқиғаны сөйлететін, адам тағдырын бейнелейтін құрал. Жас маман алдағы уақытта да камерамен тығыз байланыста болуды мақсат етіп отыр.
– Мобилография мені үлкен әлемге жетеледі. Қазір видеоны қалай дұрыс түсіруді, кадр арқылы эмоция беруді, оқиғаны қысқа форматта жеткізуді үйреніп жүрмін. Ал болашақта осы тәжірибемді кино саласында жалғастырып, режиссер болғым келеді. Өз ауылымның, өз елімнің өмірін үлкен экран арқылы көрсетсем деймін, – дейді ол сеніммен.
Шағын смартфоннан басталған бала арман бүгінде үлкен мақсатқа ұласып келеді. Цифрландыру мен жасанды интеллект дамыған заманда Бексұлтан секілді жастардың технологияны тек тұтынушы ретінде емес, шығармашылық құрал ретінде пайдаланып жүргені қуантады. Жас мобилографтың бүгінгі еңбегі – ертеңгі үлкен киноөнерге бастар алғашқы қадам.
Оның камераға деген адалдығы мен еңбекқорлығы талай жасқа шабыт сыйлары сөзсіз. Ендеше, Бексұлтан Бейбітұлының болашақта режиссер ретінде қазақ киносының көгінде өз жұлдызын жағатынына сенім мол.
Жас та болса, нақты мақсаты бар, еңбектен қашпайтын Бексұлтан Бейбітұлының жетістігі – ауыл баласының да үлкен армандарға қол жеткізе алатынын дәлелдейтін жарқын мысал. Ендеше, ақылды технологияны ұтымды пайдаланып, пайдалы іске бағыттай білейік.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.