Өңірлердің су тасқынына дайындық барысын тексеру басталды
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапары барысында Қарағанды облысы өңірінің су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді. Сондай-ақ су басу қаупі бар Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және Абай аудандарындағы негізгі гидротехникалық құрылыстар мен елді мекендердің жағдайын бағалады.
Нұра өзенінің арнасы бойында Вице-премьер Көкпекті, Байқадам, Петровка, Сарытөбе, Ботақара, Шешенқара ауылдарын, сондай-ақ «Байқадам» және «Миньковская» су бөгеттерін және Ащысу су қоймасын қарап шықты. Шерубай-Нұра өзені бойында Қарашоқы, Бесоба, Ақсу-Аюлы, Қайрақты, Нұраталды, Ақсу және Шопа елді мекендері тексерілді. Сонымен қатар Красная Поляна ауылындағы қорғаныс бөгеттірінің жай-күйі қаралды.
Абай ауданында Южный, Құлаайғыр және Тасзаемка ауылдары, сондай-ақ «Шерубай-Нұра» және «Жартас» су қоймаларының жағдайы зерделенді. Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев Самарқанд су қоймасы гидроторабының жұмысымен танысып, Чкалов ауылындағы қорғаныс бөгеттерін тексерді.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, өңірде негізгі су тасқынына қарсы іс-шаралар аяқталған, жұмыстар Теміртау қаласында жалғасуда. 25 шақырым қорғаныс дамбалары мен бөгеттер салынды және нығайтылды, өзен арналарының 28 шақырымнан астам су тасқыны қаупі бар учаскелеріне санация жүргізілді, 21 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды. 54 автожол учаскесінде су өткізу қабілеті арттырылды, төрт гидротехникалық нысанға жөндеу жүргізілді.
1 наурыздан бастап төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйесінің барлық күштері мен құралдары жоғары дайындық режиміне көшіріледі. Жауап беру шараларына 3 579 адам және 1 047 техника бірлігі жұмылдырылған.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.