Ақпараттық портал

Ата Заңның жаңа жобасы кеңінен талқылануда

Ағымдағы аптада ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаттары Бекболат Орынбеков пен Сәкен Арубаев келіп, Конституциялық реформа жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сенаторлар ең алдымен «Қазақстан Темір жолы» ҰК АҚ «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» филиалы Шу сигнализация және байланыс дистанциясы» қызметкерлерімен кездесті.

Келген меймандарды таныстырып, мақсатын түсіндіріп өткен аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев халық қалаулыларына сөз кезегін ұсынды. Өз кезегінде Бекболат Серікбекұлы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаның түпкі мәнін тарқатып, Ата заңға енгізіліп жатқан өзгерістерге тоқталып өтті. Баптарға байланысты жаңалықтарды Сәкен Қаланұлы да түсіндіріп, науқанның ел тағдырына қатысты тұстарын жіпке тізді.
– Өздеріңізге белгілі болғандай, бұқара талқысына түскен жаңа Конституция жобасын жасауда қоғаммен ашық диалог жүргізу арқылы ден қойды. Тиісті комиссия жұмысы ашық түрде, тікелей эфирде және тұрақты кері байланыс арқылы жүргізілді. Осы уақыт аралығында азаматтардан, сарапшылардан, кәсіби қауымдастықтардан және түрлі сала өкілдерінен 10 мың ұсыныс пен өтініш келген. Олардың әрбірі маңызды құжатты дайындау барысында жіті қаралып, пайымдары ескеріліп отырды,-дейді Б.Орынбеков.
Келелі кездесу Төле би ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде жалғасты. Елорда төрінен келген депутаттар ауыл тұрғындарына коалиция жұмысын түсіндіріп берді. Әрі талқыға түсіп жатқан Конституцияның жаңа жобасы мен ондағы өзгерістерге жеке тоқталды.
Сенаторлар сапары Өндіріс ауылдық округінде түйінделді. Абай ауылының жұртшылығымен жүздесу барысында жаңа Конституцияға қатысты жаңалықтар жария етілді. Сондай-ақ тұрғындардың көкейтесті сауалдарына жауап берілді.
Естеріңізге сала кетейік, елордада еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияға топтасқан болатын. Оның құрамына бес жетекші саяси партияның өкілдері мен миллиондаған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден астам қоғамдық ұйым енген.
Коалиция мүшелері өңірлерде түсіндіру жұмысын бастап кеткеніне біраз уақыт болды. Сенаторлардың ауданымызға атбасын бұруына түрткі болған басты мақсаттың бірі осы еді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.