Ақпараттық портал

Ел болашағы үшін маңызды қадам

Елдің тәуелсіздігін мәңгі сақтай отыра мемлекетті өркениетті, білімді елдер қатарына қосуға қарекет қылған кешегі Алаш зиялыларының идеясы әлі күнге өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Алаш тарихында алғаш Ата заң туралы әңгіме қозғалғанда оның көсемі Әлихан Бөкейханның тапсыруымен заңгер Барлыбек Сырттанов «Қазақ елінің уставы» деген құжат жазып шыққанда оның кіріспесінде қазақ елін көне ұлттардың бірі ретінде атай келе, оның тарихына көз жүгірте отырып, болашаққа деген бастамаларын бастырмалата жазады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген жаңа Конституция жобасында да «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап…» деп басталатынына қарап-ақ, кешегі тарихпен үндесе отырып, осы Ата заң арқылы болашаққа нық қадам баса алатынымызға көзіміз жетеді.
Алдағы өтетін референдум қарсаңында Жаңа конституция жобасын халыққа түсіндіру үшін 300-ден астам қоғамдық ұйым мен 5 жетекші партия өкілдерінен құралған Жалпыұлттық коалиция (арнайы штаб) құрылды. Бұл топ БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы құжаттың мән-мағынасын жеткізіп, маңызды өзгерістерді талқылауды ұйымдастыруда.
Осыған орай, елорда төрінен Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шу ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, шулықтармен кездесу өткізді. Жиын жаңа Конституция жобасын таныстыруға, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталды.
Оған Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, сондай-ақ «Amanat» партиясының төрағасы Болатхан Ниязбеков, Шу аудандық және қалалық қоғамдық кеңес төрағалары мен бірқатар азаматтар қатысты.
Кездесу барысында Мәлік Нұржанұлы мемлекеттің жаңа сапалық деңгейге көшуінің кепілі ретінде кеңінен талқыланып жатқан басты құжат-Жаңа Конституцияның ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталып, оның мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ қоғамда екіұдай пікір тудырып жатқан кейбір алып-қашпа қауесеттерге сенбей, бірауыздан ашықтықты қамтамасыз етіп, еліміз үшін маңызды сәтте қалыс қалмай, бірлігімізді таныту қажеттігін алға тартты.
Өз кезегінде Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев та еліміздің саяси жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталып, референдумның стратегиялық мәнін ерекше атап өтті.
Бұған қоса, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те үн қосып, жаңа Конституция жобасын халық арасында ақпараттандыру бағытында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істерді тілге тиек ете отырып, алдағы референдумда халықты белсенділік танытуға шақырды.
Жиын соңында қатысушылар референдум – елдің жарқын болашағына жасалатын маңызды қадам екенін атап өтіп, елдің іргесінің берік болуына, озық ойлы елдермен иық тірестіре алуына, «Заң мен тәртіп» қағидасының берік орнығуына жол ашатын жаңа Конституцияны бірге таңдауға шақырды.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.