Қайраттай шәкірттерге тәлім берген
“Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» депті бір кездері айтулы арысымыз Мағжан Жұмабаев. Иә, осы бір тауып айтылған сөзге ешкімнің таласы жоқ. Неге, десеңіз, ойы озық, білімі терең ұрпақ тәрбиелеуде қадірлі маман иелерінің үлесі зор. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп қана қоймай, өмір атты үлкен мектепке топшысын қатайтып ұшырады.
Халқымызда «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген даналық сөз бар. Демек, дүниемізді жарық етіп, әр баланың шамшырағын жағатын ұстаздар қауымының мерейін тасытып, абыройын асырсақ, одан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?!
Жыл басталғаннан-ақ еліміз үшін елеулі жыл екендігін сан қайталап, егемендік жолында егеулі найза қолға алып, ел үшін егескен ерлерімізді де хал-қадірімізше дәріптеудеміз. Ноқтаға басы сыймай кеткен ердің сойы Қайрат Рысқұлбековтың туғанына да 60 жыл. Қасық қаны қалғанша ұлтының абыройы үшін күрескен батырдың біздің ауданда орын тепкен Сәду Шәкіров атындағы орта мектепте оқығанын ойлы оқырман жақсы біледі. Білім мен тәрбиені тел емдірген Қайраттың ұстаздары әлі де арамызда бар. Болмысы бөлек азаматты бес саусағындай білетін Дәнен Бейсенбаева апайымызды сәті түскенде әңгімеге тартқан едім. Әсерлі әңгімені қағазға түсірудің де реті келіпті. Бұл да бір жақсылықтың нышаны болса керек-ті.
Қайраттың аты аталғанда ардақты ұстаздың жанарына жас іркіліп, көңіліне кірбің ұялағанын бірден сездім. Қайрат мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ қыз баласынан қамқорлығын аямай, үнемі қатарластарына қыз баласының намысын аяққа таптатпауды айта жүргеннен жалықпапты. Сымдай тартылған бозбала үстіне қылаудай шаң жуытпай, әрқашан таза жүреді екен. Елгезектігімен, ақкөңілдігімен, жомарттығымен ортасынан ерекшеленіпті. Үлкен сыныптың балалары өзінен кішілерге зәбір көрсетіп, қоқан-лоққы жасағанын байқап қалса, шыдап тұра алмайтын болған. Бұл – Қайратқа ұстазының берген мінездемесі.
Қыршын кеткен Қайраттай азаматтың атын жыл сайын жаңғыртып, тәрбиелік тәлімі мол іс-шаралар өткізуде Дәнен Бейсенбаеваның еңбегі зор. Тіпті Сәду Шәкіров мектебіндегі Қайрат Рысқұлбеков атындағы мұражайдың ашылуына да тер төге жүріп атсалысқан. Қайраттың ақтық демі шыққан киелі Семей жеріне де сан рет барып, түрлі іс-шаралардың куәгері де болған. Дәнен апайдың арқасында кейінгі ұрпақ Қайраттай қайсар мінез ағаларының бар екендігін, ерлігін үлгі ету қажеттігін санасына сіңірді. “Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан” деп дана Абай айтпақшы, Қайраттың болмысы бөлек азамат болып қалыптасуына да әлбетте мектептегі ұстаздары әсер етті десек, артық айтқандық болмас. Халық қаһарманын түлеткен тарихи мектептің тәлімі мол ұстазы Дәнен Бейсенбаева көпке үлгі бола жүрген жандардың бірі. Ол әрқашанда ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің мән-мағынасын тереңінен түсіндіруден әсте жалыққан емес. Жетпістің желкеніне шыққан жайдары жанның бар тілегі – болашақ ұрпақтың патриоттық рухының биік болуы. Әлі күнге дейін қоғамнан қалыс қалмай, тәлім-тәрбиесін жастарға арнаудан тартынған емес. Еліміздің әр түкпірінде абыройдың биігінен көрініп жүрген шәкірттерімен мақтанып, мәртебесі асып-тасып жүрген ұстаздың ұлтқа берері таусылмасын!
Айғаным Асқарбек.