Ақпараттық портал

Ағаш отырғызу акциясы өтті

Сенбі күні аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» аясында Оқушылар сарайында «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымының ашылу салтанаты ұйымдастырылды.
Аталған шараның басты мақсаты – жастарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға үндеу, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосуға шақыру. Бүгінгі экологиялық мәселелер бүкіл әлем үшін өзекті болып отырған шақта, мұндай бастамалардың маңызы тіптен арта түседі.

Салтанатты жиында аудан әкімі Бақытжан Оразылұлы сөз сөйлеп, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мәні мен маңызын кеңінен атап өтті. Өз сөзінде аудан басшысы қоршаған ортаны қорғау, тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізіп, бұл іске жастардың белсенді араласуы – ел болашағы үшін аса маңызды екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, алдағы еңбек маусымында жастарға үлкен сенім артылып отырғанын айтып, оларды табысты еңбек етуге шақырды.
Жиын барысында ел ағалары да өздерінің ақ тілектерін білдірді. Төле би ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мырзахан Құрманов пен Төле би ауылының алқа билер төрағасы Бәйтерек Жұмаділда жастарға ақ баталарын беріп, табиғатты аялаудың тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды. Олар туған жердің тазалығы – әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтіп, жас буынды игі бастамаларға белсенді қатысуға үндеді. Ел ағаларының жүрекжарды тілектері жастарға ерекше рух беріп, олардың жігерін жани түскендей болды.
Салтанатты шараның ресми бөлігінен кейін игі іс нақты әрекетпен жалғасын тапты. «Оқушылар сарайы» аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Бұл күні жастар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, аумақты көгалдандыру мен тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Нәтижесінде, 100 түп павлония ағашының көшеттері отырғызылып, табиғатқа тағы бір тыныс сыйланды. Бұл көшеттер алдағы жылдары жайқалып өсіп, өңірдің көркін арттырып қана қоймай, экологиялық ахуалдың жақсаруына өз үлесін қосары сөзсіз.
Айта кетерлігі, биылғы «Жасыл ел» еңбек жасақтары маусымына 50 жас тартылған. Оның ішінде 33 студент, 2 пробация есебінде тұрған жас және 15 жұмыссыз азамат бар. Бұл – жастарды еңбекке баулу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.