Шу жері аты кеткен жер шарына, той өткізді «малшылар маршалына»
Барша халықтың жадында еңбектің майталманы, шопандардың аңыз атасы болып сақталған жаз дидарлы Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығын Алты Алаш тойласа да артық емес. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданы осы дүбірлі тойға қызу дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мойынқұмдықтардың бұл ниетіне көрші аудандар да үлес қосуда. Өткен жұма күні Шу аудандық мәдениет үйінде «Аңыз да, абыз – Жаз ата» атты әдеби сазға, мазмұнға толы тағылымды кеш өтті. Кеш басталар алдында көпшілікке «Қазақтың қасиетті қара шалы!» атты деректі фильм көрсетілді. Жаз-атаның 125 жылдығына орай түсірілген бұл көрсетілімнің идея авторларының бірі – осы кештің де басы-қасында жүрген Мақсат Сейдалиев екенін айта кеткеніміз жөн.
Іс-шараны Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз сөйлеп ашты.
– Қадірлі көпшілік! Бүгінгі күн ерекше күн! Себебі, ерен еңбектің майталманы, адалдық, қарапайымдылық пен асыл қасиеттердің биік үлгісі, жалпақ жұрттың Жаз-атасы – Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған іс-шараның шымылдығы ашылып жатыр. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған еліміздегі үш тұлғаның бірі Жаз ата – бәрімізге ортақ мақтаныш. Ол кісі өзінің дархан мінез, кең пейілімен, даланың дарабозына айналған абырой иесі. Өзінің күш-жігерін, мал шаруашылығын терең білетін тәжірибесін елдің дамуына, көршілес Мойынқұм ауданы экономикасының өсуіне арнады. Ол кісіні барша жастар өнеге тұтып, олардың да еңбекке деген қызығушылықтары оянып, туған елге құрметтері артты.
Жастар – еліміздің баянды болашағы. Еліміздің ертеңі жастардың жаңашыл ізденісімен, Отаншылдығымен, еңбекқорлығымен дамиды. Бұл ретте де Жазылбек Қуанышбаевтың ерен еңбегі – жастарға бағдаршам. Жаз-ата – адал еңбектің символы. Мойынқұмдықтар, ортақ мерейтой құтты болсын! Сіздердің ауданда өтетін үлкен торқалы тойға шулықтар да өз үлесін қосады. Баршаларыңызға жақсылық тілеймін! Тойларыңыз тойға ұласа берсін. Еліміздің әр күні бейбіт те тыныш болып, әр таңымыз нұрлы болсын! Патриоттық істерге бас иетін, еңбекті сүйетін жас Жазылбектер шыға берсін, – деді ол.
Аңыз адамның ұрпағы Қойшыбай Қуанышбаев Алматы қаласынан арнайы келіп, осынау іс-шараға қатысты. «Қадірлі шулық ағайындар! Ардақты көпшілік! Бүгін менің аңызға айналған әкеме жасап жатқан құрметтеріңіз үшін көп рахмет. Еліміз бейбіт, жастарымыз ұлағатты, үлгілі болсын! Әкемнің жолымен адал азаматтар, адал еңбекті сүйген азаматтар шыға берсін! – деп көпшілікке тілегін арнады. Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев Қойшыбай Жазылбекұлына зерлі шапан жауып, аудан әкімінің атынан құрметін көрсетті.
Мұнан соң Шу аудандық мәдениет үйінің әншісі Әділбол Қосыбаев әннен шашу шашса, мойынқұмдық ақын, елге құрметті қария Болатбек Әбішев «Жаз-ата» атты ұзақ толғау өлеңін көпшілікке оқып берді. Мойынқұм аудандық мәдениет үйінің әншісі Ерлан Айтқабыл орындаған патриоттық әнге де көрерменнің ықыласы ерекше болды.
Әр кештің өз ерекшелігі болады. Бұл кеш Жаз атаның даңқынан бөлек, ерекше қонақтың келуімен әсерлі болды. Ол кісі – қоғам қайраткері, кезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған, мемлекеттік «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Оразкүл Асанғазықызы. Қадірлі қонақ жиналған барша жұрттың алдында сөз сөйледі.
– Қадірлі шулық барша ағайын! Ардақты көпшілік! Бұл кештің мәні де, мазмұны да бөлек. Себебі, Жазылбек Қуанышбаев атамыз өзінің аңызға айналған адал еңбегімен әлемге танылып, биікке көтеріліп кеткен адам. Жаз-ата бар қиындығын еңбекпен жеңіп, қуанышын еңбекпен еселеген кемел кісі. Оның шыққан шексіз биігін ешқандай өлшеммен өлшеу мүмкін емес. Бүгін сондай дара да, дана қазақ халқының біртуар перзентінің тойы. Осы кешті өткізіп жатқан азаматтарға, оны қолдаған Шу ауданын басқарып отырған азаматтарға Алланың нұры жаусын.
Осы тұста айтайын. Қазақты жалқау деп жүргендер бар. Бекер сөз. Қазақ жалқау болса, мал бақпайды. «Мал баққанға бітеді» дейді қазақ. Мал баққан деген не? Бейнетін, қиындығын кешу ғой. Ол жалқаулық емес, ол – нағыз еңбек. Қазір кішкене малдан алыстап, жалқауланып барамыз. Осынша жеріміз, жайлауымыз тұрғанда, сырт елден ет сатып алғанымыз ұят. Оны ойлануымыз керек. Мал шаруашылығын терең дамытып, Жазылбек ата ісін барша жастарға әлі де үлгі етуіміз керек. Бізге той тойлау үшін емес, дара тұлғаның осындай еңбекшіл, озат тұстарын ашу үшін керек. Әйгілі адам, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қай істің өнуіне де үш шарт қажет. Ең әуелі – ниет, онан соң – күш, онан соң – тәртіп» депті. Міне, осы қасиеттің бәрі Жаз-атада болды. 1951 жылдың қыс айында кісі бойындай қалың қар жауған. Сонда қалың қармен алысып, жас қозыларды жылы киіз үйге кіргізіп, Жазылбек ата мен Жайшабала апам екеуі сүтке ұн қосып, қозыларға ішкізіп жатқаны талай айтылды. Атақ, Еңбек Ері оңай келе ме? Атақ, абырой, міне осындай маңдай термен келеді. Жаз-атаның өзінің ала бұлты болған. Тек Жаз-ата мал жайып жүрген жерге жауып кетеді екен. Мен оған сенемін. Бұл – Жаз-атаның әулиелік қасиеті. Жаз-атамыз: «Қолыңа іс алған екенсің, аяқсыз қалдырма. Қайта қалауын табуға ұмтыл» дейді. Барша қазақтың қамқоршысы болған Дінмұхамед Қонаев атамыз да Жаз-атаны ерекше құрметтеген. Сол кісі: «Жаз-ата менің есімде төрт түлік малдың киесі, сайын даланың иесі ретінде сақталып қалды. Ол кісі қазақтың бағы мен бабы боп табылатын кең пейіл қариясы» деп пікір білдірген.
Бір әсерлі әңгіме, жақсы мысал бар. Қуаныш Сұлтанов жас жігіт кезінде Жаз-атаға келіп батасын алады. Аңыз малшы сол кезде 80 жаста екен. Жаз-атасы оған риза болып ат мінгізеді. Сұлтанов атты алмай, «Ата, маған өзіңіздің теріңіз сіңген бет орамалыңызды берсеңіз жетеді» депті. Атасының сол бет орамал сыйлығын алған Сұлтанов өмір бойы аттан түскен жоқ. Мен 6 жастағы кезімде әжем Жаз-атаның үйіне апарып батасын алыпты. Сол бата қабыл болып мен де өмір бойы аттан түспей, қазақ халқына шамамның келгенінше қызмет еттім.
Жаз-ата тойы құтты болсын! Жаз-ата – өсиет, Жаз-ата – қасиет. Сол қасиетті атамыздың даңқы арта берсін. Жаратушының қалауымен әр шаңырақта жақсылық, береке, молшылық бола берсін, – деді О.Асанғазықызы.
Шу қалалық мәдениет үйінің қызметкері, жыр-терме үйірмесінің жетекшісі, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Ғабит Есдәулетов үкілі домбырасымен арнау жырды әуелетті.
Айтамын еңбегі оның теңіз деп мен,
Жырлаймын Жаз-атамыз аңыз деп мен.
Оразкүл Асанғазы әпкем келіп,
Біздерге ағыл–тегіл лебіз жеткен.
Жаз-атаның абыройы арта берсін,
Төлді де, баланы да егіздеткен, – деп әдемі жыр шумақтарымен ерекшеленді. Аяз Бетбаевтың «Жаз-атаға» арнауын мектеп оқушылары көпшілік назарына ұсынды.
Онан соң «AMANAT» партиясы Шу аудандық филиалының төрағасы Болат Ниязбеков сөз алып, бірқатар азаматтарды марапаттады. Марапатталғандар арасында Шу аудандық орталық кітапхана директоры Бағдагүл Дәулетханқызы, аталған кітапхананың жауапты қызметкері Эльмира Раханова, мойынқұмдық ардақты ақсақал, ақын, композитор Болатбек Әбішев бар.
Жиын соңын Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, кештің ұйымдастырушысы Мақсат Сейдалиев түйіндеді.
-Жаз-ата әрқашан жалпақ жұрттың есінде. Дегенмен, атаның іс-шараларын өткізейік, ұйымдастырайық деп жүретін белсенді кісілер өте керек. Біз Мұсахан Бейімбетов деген сыйлы ақсақал екеуміз Жаз-атаның 100 жылдығын ұйымдастырдық. Мұсахан аға сол жиынға көп үлесін қосты. Содан бері атаның тойын үзбей тойлап, ұйымдастырып келдік. Атаның шапағатына бөленіп, өзім де абыройға бөлендім. Қызметте де сыйлы болдым. Жаз-ата даңқы арта берсін. Енді өзімнің үзеңгілес інілерім Мархабек пен Ерқадыр Жұмабековке осы ұйымдастырушылық міндетімді (миссиямды) тапсырамын. Ендігі іс-шараларды осы азаматтар ұйымдастырады. Жаратқан баршаңызға жақсылық нәсіп етсін. Тек қана тойда жолығайық, – деді ол. Ұйымдастырушылар іс-шараның құрметті қонақтарының бәріне де сыйлықтар үлестірді.
Мойынқұм аудандық кітапханасы әзірлеп апарған кітап көрмесін тамашалаушылар өте көп болды. Оларға кітап көрмесін Сая Күлекеева таныстырып, Жаз-атаға арналған кітаптар мен жазылған мақалалар туралы, Жаз-атаның тарихи суреттері туралы кеңінен әңгімелеп берді.
Мұнан соң Шу қаласындағы «Локомотив» спорт кешенінде қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыстық турнир басталды. Кештің құрметті қонақтары, Мойынқұм аудандық мәслихатының төрағасы Нұртас Саурықов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Жаз-атаның ұлы Қойшыбай Қуанышбаев турнирді ашып, жас балуандарға сәттілік, жеңіс тіледі. Бұл балуандар арасынан да болашақ чемпиондар шығатыны анық.
Осылайша, Жаз атаға арналған іс-шара Шу жерінде дүрілдеп өтті.
Есет ДОСАЛЫ,
журналист.