Ақпараттық портал

Ұлы дала тұлғаларын ұлықтаған тағылымды рухани кеш

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, рухани қайнарға бас қойған, тұлға болып қалануға жол салған әрбір азамат ұлтты ұлы істерге жетелейтіні ақиқат. Бүгінгі күні жұртты көзі ашық, көкірегі ояу болмаққа шақырып, кітап оқу үшін түрлі жобаларды жүзеге асыруға мемлекет барын салуда. Кітап оқуға құлқы жоқ өскелең ұрпақты ойлаған білім ошақтары әлем және қазақ әдебиетіндегі сүбелі туындыларды тіпті қойылым ретінде де ұсынуда.

Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру – бүгінгі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі деп атап өткеніміздей, соған сай кітап оқуға құштарлықты оятатын түрлі іс-шараларды өткізудің мәні зор. Осы орайда, Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Кітаппен қанаттан!» жобасы аясында Абай ауылындағы Абай атындағы орта мектебі ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала тұлғалары» атты әдеби сазды кеші дәлел болмақ. Бұл тағылымы мол іс-шара өз кезегінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасындағы «Балалар кітапханасы» жобасына үн қосқандай.
Ұлттық рухты жаңғыртып, әдебиет пен өнердің сан қырлы құдіретін кеңінен танытқан іс-шара ауылдық округтің мәдениет үйінде өтті. Оған Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлзат Сабалақова, ауылдық аналар алқасының мүшелері, ардагер ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Бірнеше сағатқа созылған кеш барысында көрермендер поэзия мен музыка, театр мен би өнерінің үйлесім тапқан ерекше бағдарламасына куә болды.
Кеш шымылдығы сахна төрінде қойылған Абай Құнанбайұлы шығармаларынан құралған әсерлі көрініспен ашылды. Ұлы ақынның терең мағыналы өлеңдері арқылы адамзаттық құндылықтар дәріптеліп, көрермен қауым бір сәтке рухани әлемге бойлады. Абай мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы екені тағы бір мәрте айқын сезілді.
Іс-шараның салтанатты бөлімінде білім саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген, «Кітаппен қанаттан!» жобасының жүзеге асуына сеп болған аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы сөз алып, жас ұрпақты кітап оқуға баулудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, кеш аясында аталған жобаның бірнеше кезеңдерінен сүрінбей өтіп, кітап оқуға деген құштарлықтарын көрсете білген бірқатар оқушыларға марапаттар табысталып, білім мен тәрбие жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Кітапты оқу арқылы оқушылардың табысқа жету жолы ашылатындығын көрсетуге талпынған мектеп директоры Айжан Байгисиева ауыл азаматтарын демеушілікке тартып, оқымысты оқушылардың қомақты сыйлық алуына себепші болды. Бұл өз кезегінде оқушылардың жүзіне қуаныш ұялатты.
Кеш жүргізушілері әдебиеттің адам өміріндегі орны мен кітаптың рухани құндылық ретіндегі маңызын әсерлі тілмен жеткізіп, көрерменді әдеби әлемге жетеледі. «Кітап – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір» деген ой кештің өн бойында айқын көрініс тапты.
Шара барысында оқушылардың өнері ерекше бағаланды. 7 сынып оқушысы Тынышқұл Алпамыс орындаған «Бозторғай ана» әні көрермен жүрегіне жол тауып, аналық мейірім мен өмірдің нәзік иірімдерін әсерлі жеткізді. Ән арқылы адамның жан дүниесін тербейтін өнердің құдіреті айқын сезілді.
Кештің мазмұндық желісін толықтырған «Кітапхана іші» атты сахналық қойылым көрермендерді кітап әлемінің тылсым сырларымен қауыштырды. Әдеби және тарихи кейіпкерлер арқылы жас ұрпаққа білім мен даналықтың маңызы кеңінен насихатталды. Мәселен, Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабындағы Қожаның, Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» кітабындағы Аянның, алты жасар Алпамыстың, шетел әдебиетіндегі Харри Поттердің, Малефисентаның, Қызыл телпектің, Буратиноның, почтальон Печкиннің образдары көркем түрде сахналанды.
Кеш барысында Абай Құнанбайұлы шығармашылығына ерекше орын беріліп, оның «Ескендір» поэмасы да қойылды. Бұл туынды арқылы адамгершілік, әділдік, парасаттылық секілді асыл қасиеттер көркем түрде дәріптелді. Оқушылардың актерлік шеберлігі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл өз кезегінде қазіргі қоғамда өзекті болып тұрған «Заң мен тәртіп» қағидасын дәріптей білді.
Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлы-ның «Шегіртке мен құмырсқа» мысалы ұсынылып, еңбекқорлық пен жалқаулықтың айырмашылығы айқын көрсетілді. Бұл қойылымның тәрбиелік мәні зор болып, жас көрерменге ой салды.
Музыкалық және хореографиялық нөмірлер кештің көркемдік деңгейін арттыра түсті. «Желсіз түнде жарық ай» әні орындалып, ұлттық әуеннің сұлулығы паш етілсе, қазақ биі арқылы халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрі көрініс тапты.
Кеш бағдарламасы жоғарыда атап өткеніміздей, әлем әдебиетін де қамтып өтті. Оқушылар А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасындағы Онегин мен Татьяна бейнелерін сомдап, көрерменге классикалық туындының мазмұнын әсерлі жеткізді. Бұл көрініс арқылы әдебиеттің ұлтқа бөлінбейтін ортақ қазына екені дәлелденді.
Әдеби кеште Мұқағали Мақатаев шығармашылығы да кеңінен насихатталды. Ақынның «Есіңе мені алғайсың» өлеңі орындалып, оның лирикалық туындылары көрерменнің жүрегіне ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, ақын өлеңдерінен әдеби монтаж ұсынылып, оның поэзиясының өміршеңдігі мен тереңдігі айқын көрінді.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – «Жетімдер үні» қойылымы болды. Бұл сахналық көрініс арқылы тағдыр тәлкегіне түскен балалардың жан сыры ашылып, көрермендерді терең толғанысқа жетеледі. Өнер кеші түрлі мәдени бағыттарды қамтыды. Самарханд биі шығыс өркениетінің әсемдігін танытса, Абай шығармаларынан құралған әдеби монтаж ұлттық поэзияның құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ақындар поэзиясынан ұсынылған үзінділер кештің мазмұнын байытып, көркемдік деңгейін арттырды.
Кештің шарықтау шегі хор орындауындағы «Сарыжайлау» әнімен түйінделді. Бұл ән арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік, кең далаға деген сағыныш әсерлі жеткізіліп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Қорытынды бөлімде ұйымдастыру-шылар ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту, жас ұрпақты кітап оқуға баулу – қоғам алдындағы маңызды міндет екенін атап өтті. «Кітаппен қанаттан!» жобасының маңыздылығы ерекше айтылып, оның жастардың рухани дамуына қосар үлесі зор екені жеткізілді.
Кеш соңында мектеп директоры Айжан Әділханқызы сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдірді. Сонымен қатар, ардагер ұстаздар өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізіп, жас буынға ақ батасын берді. Осындай мазмұнды әрі тағылымды шаралар арқылы ұлттың рухани құндылықтары жаңғырып, жас ұрпақтың бойында білімге, өнерге, әдебиетке деген сүйіспеншілік арта түсетіні сөзсіз. «Ұлы дала тұлғалары» атты кеш – соның жарқын дәлелі.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.